Саясат • 01 Қазан, 2018

«ХХІ ғасырдағы Каспий» конференциясы өтті

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Астанада «ХХІ ғасырдағы Каспий: ынтымақтастық және қауіпсіздік» тақырыбында І халықаралық конференция өтті. Жиында Каспий маңы мемлекеттерінің позицияларын біріктіру, мемлекетаралық және аймақаралық ынтымақтастықты кеңейту, инвестицияларды ынталандыру, аталған аймақтағы қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлығын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. 

«ХХІ ғасырдағы Каспий» конференциясы өтті

Халықаралық шараны Атырау облысының әкімдігі мен «Астана» халықаралық ғылыми кешені ұйымдас­тырды. Сондай-ақ конференцияның өз деңгейінде өтуіне Маңғыстау облы­сының әкімдігі, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Энергетика министрлігі және Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті белсене атсалысты.

Халықаралық конференцияны ашқан Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі хат­шысының бірінші орынбасары – «Астана» ғылыми кешенінің ғылыми жетекшісі Марат Шайхутдинов осы жылдың 12 тамызында Каспийдің құқық­тық мәртебесі туралы конвенция­ның қабылдануы маңызды тарихи оқиға болғанын, бұл құжат Каспий маңы елдері арасындағы әріптестік­ті одан əрі нығайтуға, экономикалық байланыстарды дамытуға, бұған дейін жүзеге асырылып келген жан-жақты қатынастарды тереңдете түсуге кеңінен жол ашқанын, осы орайда қатысушы мемлекеттердің ауызбіршілігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлі айқын көрінгенін айта келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, Каспий конвенциясының маңыздылығын, оның қабылдануы өңірдің тұрақтылығы мен орнықты дамуына, Каспий маңы елдерінің өзара ынтымақтастығын арттыруға серпін беретінін атап өтті.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өз кезегінде қатысушы мемлекеттердің көптеген келіссөздер, жан-жақты талқылаулар нәтижесінде Каспий конвенциясын қабылдауы барлық тараптарға тиімділігін көрсететі­нін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақ­стан осы конвенция арқылы өзінің мем­лекеттік шекарасын толық нақтылап алды. Сондай-ақ ол Каспий маңы елдері осы құжат арқылы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын одан әрі жандандыра түсуге мол мүмкіндікке ие болғанын атап көрсетті.

Жиында Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сөз сөйлеп, олар өткізіліп отырған конференцияның маңыздылығына тоқтала отырып, таяу­да қабылданған Каспий конвенциясы қатысушы мемлекеттердің татулығы мен өзара сенімін бүкіл әлемге паш еткенін, құжаттың бекітілуінің тарихи маңызы зор оқиға болғанын сөз етті.

Қазақстан Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутегі шикізатының энергетикасы мен тасымалдауы, табиғатты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау салсындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру туралы сөз қозғаса, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің директоры Нұрлан Сәрсенбай теңіздің қазақстандық секторы мен онымен шектесіп жатқан Атырау және Маңғыстау облыстарының жаға­лауындағы тұрақты дамудың ғылыми-қолданбалы зерттеулерінің кешенді бағдарламасының тұжырымдамасы жөнінде айтып берді. Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-тың ғарыштық жүйелер мен технологиялар жөніндегі вице-президенті, ғарышкер Айдын Айым­бетов Каспий теңізінің ресурста­рын бас­қаруға ғарыштық технология­лар­ды пайдаланудың өзектілігіне тоқталды.

Сондай-ақ конференция барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші сарапшылар мен ғалымдар Каспий аймағының қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы, сауда-эконо­микалық, инвестициялық, көлік-логис­тикалық, энергетикалық, эколо­гия­­лық және ғылыми-техникалық ынты­мақтастықты жандандыру жолдары мен аймақтық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бірлескен шаралар тұрғысында баяндамалар жасады. Олар өз баяндамаларында Каспий­дің құқықтық мәртебесінің айқын­далуы сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ынтымақтастықты нығай­туға қолайлы мүмкіндіктер туғыз­ғанын, Каспий аймағы үшін энерге­ти­калық сектордағы әріптестікті кеңейту­дің, өңірдегі көмірсутегі ресурстарын әлемдік нарыққа тасымалдау үшін экологиялық қауіпсіз және эконо­микалық жағынан тиімді бағы­ттар­ды қамтамасыз етудің маңызды стра­тегия­лық мәні бар екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, баяндамашылар экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биологиялық әртүрлілікті сақтау және Каспий теңізінің бірегей табиғи байлығын қорғау, тиімді пайдалану бойынша арнайы шаралар қабылдау, осы орайда жинақталған проблемаларды зерделеуге қатысты кең ауқым­ды міндеттерді жүзеге асыру, ғылыми және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми-техникалық қолдау көрсету қажеттігін қозғады.

Сонымен қатар қатысушылар аталған конференцияның ғылыми платформасы экономика мен экология, қауіпсіздік салаларында өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың қосымша алаңы болатынын сөз етті.

Соңында конференцияға қатысушы­лар Каспийдегі көпжақты ынтымақ­тас­тықтың маңызды бағыттарын ұсын­ды. Бұл бағыттардың ішінде Каспий маңы елдері мен аймақтан тыс мемлекеттердің конвенция ережелерін қатаң сақтауын бақылау, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді көмек көрсету, тиісті нормативтік-құқықтық талаптар мен стандарттарды бірыңғай жүйеге сәйкестендіру,  көмір­сутек шығарындыларының төте­нше жағдайларында өзара ынтымақ­тастықтың үдерістерін жеделдету, қауіпсіздік саласындағы құқықтық тетіктерді жетілдіру, осы конференция­ны жыл сайын Астанада өткізу және басқа да мәселелер бар. 

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»