Саясат • 01 Қазан, 2018

Хасан Үнал: Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістігі

417 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Хасан Үнал: Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістігі

Қазақстан – тек қана Орталық Азияның емес, сол сияқты бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған рес­публикалар ішінде стратегиялық, гео­графиялық және экономикалық тұ­р­ғыдан Ресейден кейінгі маңызды мем­лекет. Ресей мен Қытай арасын­дағы сындарлы және кең аймақта қо­ныс тебуі, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына белсене ат­са­­лы­суы, стратегиялық әлеуеті Түр­­кия­дан ша­мамен төрт есе үлкен аумақ­­қа ие бо­лып отырған бауырлас ел­дің, әсі­ресе ло­гис­тикалық және тасымал­дау сала­сында маңыздылығын арттыруда. 

Қазақстанның тарапынан ұсы­нылған көптеген жобалардың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасымен сабақтасып отырғаны таңғаларлық жайт емес. Қазақстанның осы салада жақын арада маңызды рөл ойнайтыны анық. Қытайдың бұл жобасы жүзеге асырылған сайын Қазақстанның логистикалық және тасымалдау салаларындағы рөлі әлдеқайда айқындала түседі. 

Қазақстанды көп жағдайда Батыс елдері, тіпті Түркияның кейбір ба­тысшы топтары Ресейдің жақ­­та­сы ретінде қарастырады. Мә­скеу мен Астана арасындағы жақын қарым-қатынастар, әскери және стратегиялық салалар бойынша ынты­мақтастық, сондай-ақ көпте­ген халық­аралық мәселелерде Қазақ­станның Ресеймен ортақ ұстанымға ие болуы дәл осындай көзқарасты қалыптастыратыны белгілі. Орыс тілінің кеңінен тарағаны, қазақ­стан­дықтардың бір бөлігінің орыс тілінде сөйлеуі сынды себептер, әсіресе Түркияда Қазақстан туралы осындай пікірді туғызуға жол ашады. Алайда Кеңес Одағының құра­мында болған республика ретін­де Қазақстанның көпэтносты болып қалыптасуын ондаған жылдар бойы Батыс әлемінің білімі мен мәде­ни тіршілігіне осы тіл арқылы ғана қол жеткізгендігін ескеретін бол­сақ, бұл елде орыс тілінің мәде­ниет және білім саласында басым болуы табиғи заңдылық екені айқындалады.

Дегенмен, тәуелсіздік жылдарын­да қазақ тілінің қолданыс ауқы­мы кеңейіп, жазба және сөйлесу тілі­не толық айналғаны ақиқат. Сон­дық­тан Қазақстанның қазіргі таң­да латын әліпбиіне көшуі де аса ма­ңыз­ды факторлардың бірі. Соны­­мен бірге әсіресе білім мен мәде­ниет сала­­сында халықаралық тіл бо­лып са­на­­латын ағылшын тілі мек­теп­тер мен жоғары оқу орын­дарын­да кеңі­нен оқытылып жатқан­ды­ғын, шет­елдік ұстаздар лекцияларын ағыл­шын тілінде ұсына­тынын және бұл үрдіс Н.Назарбаевтың үш тілді мең­герген ұрпақты жетілдіру бағдар­ламасы аясында жүргізіліп отыр­ған­дығын естен шығармаған жөн. 

Қазақстан және Елбасы Н.Назарбаев Ататүріктің жолымен елді ілгерілетіп, бейбітшілікті сақтап, мемлекетті қайта қалыптастыру жолында тарихи маңызды қадамдар жасады. Қазақ халқынан бөлек, 130-ға жуық этностық топтарды қамтыған Қазақстанның ешкімді бөліп-жар­май, оларды ортақ мүддеге топтаст­ыруы зор жетістік. Әлемдік және дәс­түрлі діндерге және этностық топ­тар­ға көрсетілген құрметтің өзі Н.Назарбаев пен Қазақстанның тағы бір ерекшелігі.

Ресеймен жақын қарым-қаты­нас пен әскери-стратегиялық ын­ты­мақ­тастық Қазақстанды Батыс елдері ойлап отырғандай «спут­ник­тік» мемлекет жағдайына түсір­мейді. Керісінше, соның барлығы Қазақ­станның ұлттық мүддесіне қыз­мет ететін сыртқы саясатының қажет­тілігі. Бір жағынан Ресей, Беларусь және Қырғыз Республикасымен бірге кедендік одақ құрып, көптеген мәселеде Ресейдің қасынан табылып жүр. Алайда сонымен қатар Батыс әлемі (АҚШ-Еуропа) және Израильмен жақын қарым-қаты­нас орнатып үлгерді. Ираннан Жапо­нияға және Африкадан Оңтүс­тік Америкаға дейін жалғасқан кең аумақпен қарым-қатынасты дамытып отыр. Қазақстанның Түркия­мен қарым-қатынасы ерекше мәнге ие. Астанадағы ең үлкен елшілік ғимараттарының бірі Түркияға тие­сілі, қаланың басым бөлігін түрік құрылыс компаниялары салған. Бұны қазақ бауырларымыз жиі-жиі айтып отырады. Осының барлығы қарым-қатынастың өзгешелігін көр­сетеді. Қазақстан Түркияны жақ­сы біледі, үнемі бақылап отырады және қажет кезде үлгі алады.

Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет­ті қай­та қалып­тастыру жолындағы жетіс­тігі сыртқы саясат саласымен тіке­лей бай­ланысты. Ресей, Қытай және АҚШ барынша ықпал етуге күш салып отырған Орталық Азия ай­­ма­ғында ең көлемді жерге ие бо­лып отыр­ған Қазақстан Ресей мен Батыс ара­­сын­дағы қарым-қатына­сын оң­­тай­­­лан­дыруға қол жеткізе ал­маған бір­қ­атар елдерге үлгі болып отыр. 

Қазақстан – Ресеймен достыққа және одақтастыққа мүдделі мемлекет. Бұл екі елдің қатынасына сызат түсер болса, онда кең жерге ие, хал­қының саны аз (18 млн) Қазақ­стан­ға халық саны көп, жері тар өзге елдердің «тәбеті ашылуы» мүмкін. 

Орталық Азияның болашағына Қазақстан мен Ресейдің одақтас болуы оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ Қазақстан Ресеймен бірге Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі. Бұл өз кезегінде әлеуетті қауіптер мен сын-қатерлердің алдын алу шара­ларын есепке ала отырып сырт­қы саясатты жүргізуге жол аша­ды. Сонымен бірге Қытаймен эконо­ми­калық, сауда және мәдениет сала­ларын­да қарым-қатынастар қар­қынмен дамып отыр.

АҚШ-тың, әсіресе 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында әскери база ашуы және оны аймақтағы америкалық этностық ықпалдастық саясатының жалғасы ретінде қолда­на­тындығы жөніндегі алаңдаушылық белең алып, бұл жағдай аймақтағы елдермен қатар Қазақстанды да алаң­датқаны үшін АҚШ-тың Орта­лық Азияда жүргізген өзара ықпал­дастық саясатын балансқа салу қа­жеттілігі туындап отыр. Сондық­тан бұл балансты сақтаудың жолы ретін­де Қазақстан бір жағынан Ре­сей­мен достық және одақтастық қ­арым-қатынасын жалғастырса, екін­ші­ден, ШЫҰ арқылы Қытаймен ынтымақтастықты күшейтіп отыр. Бұл жө­нінде Қазақстан өте шебер сая­­­сат жүргізуде. АҚШ-пен де сау­да-экономикалық салаларда ауқым­­ды ынтымақтастығын жүргі­зіп, өзінің көпвекторлы саясатын ұстануда.

Қазақстанның және Н.Назарбаев­тың Ресей алдында беделі жоға­ры екендігі анық және осы беделін Түркияны қолдау үшін қолданып отыратыны жасырын емес. 2015 жылы Сирия дағдарысы салдары­нан Ресей әскери ұшағының Түркия­да құлатып түсірілуінен кейін орын алған Түркия-Ресей дағдарысын шешу үшін Елбасы Н.Назар­баевтың қалайша мұқият және ықтиятты түр­де әрекет еткен­дігі, Ресей көш­бас­­шысы В.Путинді келіс­тіру үшін алға қойған алғышарт­тарды сақтай отырып, оны қалайша жұм­сарт­қан­дығы және Анкара-Мәскеу қарым-қатынастарының қайта қалыпқа келтірілуіне үлкен үлес қосқандығы баршаға мәлім. 

Сирия дағдарысы және радикалды исламизацияның белең алуы Орталық Азияның өзге елдері сынды Қазақстанның да жіті бақылап отыратын мәселелерінің бірі. Өзге мұсылман елдерінен Сирияға барып қақтығыстарға қатысқандардың арасында қазақстандықтар да болды. Сондықтан өзге Орталық Азия елдері сынды Қазақстан да бұл мәселені қатаң бақылауға алды.

Сирия дағдарысын шешуге қатысты ынтымақтастық моделдерін дамыту мақсатында қалыптасқан және Женева процесінің техникалық жағынан бір бөлігі ретінде танылған Астана процесі Қазақстанның атал­ған мәселені шешуге деген үлесі – бұл да басқа бір өлшем. Түркияның Сирия дағдарысы бойынша ұстанған саясатының қандай екендігін түсініп отырған елдердің бірі Қазақстан десек қателеспейміз. 

Мәдени сауда-экономикалық салаларда бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, еліне қайтқан Түркі әлемі­нің лидері Н.Назарбаев 17 қыркүйек күні Сочиде Ресей мен Түркия бас­шы­лары­ның Идлиб мәселесі бойын­ша мәмі­леге келіп, екі ел арасында болуы мүмкін қырғиқабақты ал­дын ала жойған өзара келісімге де өз ық­палын тигізді. Қазақстан Прези­денті­нің Ресей мен Сирияға қатысты Анкараның ұстанған саясатын жиі-жиі тыңдап отырып, талқыға салуы өте тиімді екені бесенеден белгілі. 

Хасан ҮНАЛ,

Малтепе университеті 

Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры (Түркия)

«Миллиет» газеті

18-19 қыркүйек, 2018 ж