Бокс • 01 Қазан, 2018

Хабиб пе, әлде Конор ма?

528 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері барша жан­күйер назары тағы да Лас-Вегасқа ауып отыр. 6 қазан күні дәл сол «Ти-Мобайл-аре­на­да» ережесіз жекпе-жектің хас шеберлері ресейлік Хабиб Нұр­магомедов пен ирландиялық Конор Макгрегор айқасады. 

Хабиб пе, әлде Конор ма?

UFC-229 жарысы аясында өтетін айтулы бәсекеге күллі әлем жұртшылығының айрықша назар аударуы бекер емес. Себебі, қазіргі кезде жеңіл салмақта күш сынасып жүргендер ара­сындағы ең алымдылары да, ең қарулылары да дәп осы жігіттер.  

Қос саңлақты жеке-жеке та­ныстыратын болсақ, 20 қыр­күйекте ғана орда бұзар 30 жасқа толған Хабиб Нұрмагомедов Дағыстанның тумасы. Ұлты – авар. Соңғы алты жылда UFC-де өнер көрсетуде. Осы өнерді серік еткелі бері 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 16 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бүгінгі таңда Хабиб сол ұйымның чемпиондық белбеуін иеленуде. 

Конор Макгрегор өз қарсы­ласынан екі ай ғана үлкен. Ол Ирландияның астанасы – Дуб­линде туған. Макгрегор әуелде футболмен айналысты. Ке­йін­нен ережесіз жекпе-жекке ден қойды. 10 жыл ара­лы­ғын­да ирландиялық өрен 24 рет ай­қас алаңына шығып, 21 рет же­ңіске жетті. 19 кезде­суде ай­қын басымдық таныт­ты. Былтыр ол АҚШ-тың даңқты боксшысы Флойд Мей­­везер­мен жұдырықтасып, соның арқа­сында 80 миллион доллар кө­лемінде табыс тапты. Міне, кезінде сантехник болып нәпақа­сын тауып жүрген жігіт осы­лайша спорт әлеміндегі бай-бағ­ландардың қатарына қосылды. 

Жақында екеуі бірінше рет бетпе-бет кездесті. Нью-Йоркте өткен баспасөз мәслихатына Хабиб қарапайым ғана спорттық киіммен келсе, Конор қымбат қою қызыл костюм киіп шыққан екен. Иығына өзінің бұрынғы екі чемпиондық белбеуін іліп алған. Қолында өзі шығаратын «Proper 12» деп аталатын вискиі бар. Екеуінің жанары түйіске бетте ескі әдетіне басқан Макгрегор Ресей спортшысын сөзбен сыбады. Ұзақ уақыт бойы тоқтамай сөйледі. Қарсыласының жеке басына да, бапкерлеріне де, басқаларға да тиісті. Хабиб те қарап қалып жатқан жоқ. Ол да біраз оталып барып тоқтады.  

Хабиб Нұрмагомедов пен Конор Макгрегор арасын­­­да­ғы жекпе-жекке деген қызы­ғу­шылықтың айрықша екенін мына жайттан-ақ аңғаруға болады: 17 тамызда сатылымға түскен билеттер бас-аяғы үш минуттың ішінде түгелдей сатылып кеткен екен. Ең арзан билеттің құны 205 доллар болса, қымбаты – 2505 доллар. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»