Үкімет • 01 Қазан, 2018

Апаттан құтқару қызметі бәсекелестік ортаға беріледі

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Апаттан құтқару қызметі бәсекелестік ортаға беріледі

Үстіміздегі жылдың сәуір айын­­да сенатор Еділ Мамыт­беков­­тің және оны қолдап қол қойған бір топ Сенат депу­таты­ның сауалы Үкіметке жол­дан­ған еді. Онда сенаторлар Үкі­мет­тің 2015 жыл­дың 30 жел­тоқ­­сандағы Қаулы­сына сәйкес басымды тәртіппен жекешелен­дірі­летін республи­калық меншік­тегі ірі ұйымдар тізілі­мінен Инвестициялар және даму министр­лігінің қарама­ғындағы «Кәсіби әскерилен­діріл­ген ава­рия­лық-құтқару қы­зметі» респуб­л­икалық мемлекеттік кәсіп­орынын (РМК) шығарып тастау­ды сұраған болатын. Кәсі­би құтқару қызметі жекешеге берілсе, ол ақша табуды ғана көздеп, мемлекетке тиімділігі аз болатындығы алға тартылған еді. 

Осы депутаттық сауалға Үкі­мет тарапынан аталған мәселе Экономиканы жаңғырту жөнін­дегі мемлекеттік комиссия отырысында қаралып, «КӘАҚҚ» РМК мүліктік кешен ретінде екі кезеңді процедуралық конкурс бойынша сатылатыны жөнінде жауап берілген болатын. 

Бұл жауап депутаттарды қана­ғаттандырған жоқ, оны мәселенің мәнісіне бойламай кезекті жалтарма жауап деп бағалаған сенаторлар екінші рет сауал жолдаған. Үкіметтің жауабын талдаған депутаттар: «КӘАҚҚ» РМК-ның бәсекелестік нарығын арттыруға қалай әсер ететіндігі жауапта ашып көрсетілмеген. Соны­мен қатар апаттық-құт­қару қызметінде қазірдің өзінде 42 жекеменшік кәсіпорын бар екендігі айтылған. Сөйтіп сенаторлар Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа мәселені екінші рет қарауды ұсынған еді. 

Сауал­­ға Үкі­меттен тағы да жауап кел­ді. Онда Пре­зиденттің 2018 жыл­дың 10 қаң­тарындағы «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жа­ғдайындағы дамудың жа­ңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын­­да жекешелендіру жоспарын тезі­рек жүргізіп, мемлекеттік орган­дардың ведомстволық ұйым­­­дарын қысқарту талап етіл­гені ай­тыла­ды. Қазір осы мін­дет жап­пай орын­далып, кәсіп­кер­лік қызметтерге мемлекеттің қаты­суын қысқарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соның ішін­де квазимемлекеттік субъек­ті­лердің тізімі жасалып, олар бәсе­­ке­лестік ортаға берілуде немес­е жойылуда. Қазақстан Рес­­пуб­­ликасының Кәсіпкерлік Кодек­­сінің 21-бабында жеке кәсіп­­керлік пен бәсекелестікті дамыту мақсатымен мемлекет кәсіпкерлік саласындағы заң­ды тұлғалардың жарғылық капи­талындағы мемлекеттің қаты­суын қысқарту көзделген. Алай­да осы Кодекстің 192-бабында мемлекеттің кәсіпкер­лікке қа­ты­суы­ның (тиісті тауар­лық ры­нок­та жекеменшік субъекті­лері­нің болмауы) негіздері көр­сетілген. Ал «КӘАҚҚ» РМК Кодекс­тің бұл нормасына сәйкес ке­лмейді. Өйткені апаттық-құт­қару жұмыстары нарығында жекеменшік қызметтер әрекет етіп, олар бәсекелестікті артты­рып, бағаны түсіруге үлес қосуда. 

Сондықтан Үкіметтің 2018 жылдың 16 шілдедегі №428 Қау­лысымен «КӘАҚҚ» РМК екі кезеңдік әдіспен конкурс арқылы сатуға қойылды. Сонымен бірге конкурс шарты бойынша жұмыс орындарының саны және қызмет түрлері сақталады. 

Сонымен бірге жауапта қазір апатты жағдайлардың саны азая түскені айтылған. Мәселен, ол 2010 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 68 процентке азайды делінген онда. 

Жақсыбай САМРАТ, 

«Егемен Қазақстан»