Парламент • 01 Қазан, 2018

Мәжіліс Төрағасы Армения елшісін қабылдады

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ара Саакянды қабылдады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Мәжіліс Төрағасы Армения елшісін қабылдады

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың  өзекті сұрақтарын талқылады.

Мәжіліс Төрағасы ынтымақтастық орнаған 26 жыл ішінде екі ел қарым-қатынасы өзара тиімді әріптестік деңгейінде табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Палата Спикері біздің еліміз аталған мемлекетпен екіжақты байланысты кешенді түрде дамытуға ынталы екенін айтты.  Осы орайда Нұрлан Нығматулин аз уақыт бұрын Душанбеде өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Армения Премьер – Министрі Никол Пашинянның кездесуін алға тартып, онда талқыланған мәселелердің екі ел үшін маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы сауда-экономикалық іс-қимыл әлеуетіне айрықша көңіл бөлді.

Осы жолда ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ақпараттық технология, туризм салалары біздің елдеріміздің іскерлік ықпалдастығын дамытудың басым бағыттары болмақ.

Н. Нығматулин атап өткендей, тәуелсіздік алған күннен бастап, Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда инвестиция үшін қолайлы жағдай жасалып, ол жұмыстар бүгінге дейін табысты жалғасып келеді.

Тараптар осы айдың соңында Ереванда өтетін ҰҚШҰ парламенттік Ассамблеясының көшпелі отырысына дайындық барысын сөз етті. Онда бірқатар моделдік заңдар қабылданады деп күтілуде.

Өз кезегінде А. Саакян Қазақстанның қазіргі даму қарқынын жоғары  бағалап, қысқа мерзімде жүзеге асқан елордамыз Астананың құрлысын тарихи ғажайыпқа теңеді.

Жүздесуде мәдени-гуманитарлық, халықаралық ынтымақтастық жайы да сөз болды.

Ал, парламентаралық байланыс жайына тоқталсақ, Мәжілісте Армения Республикасымен Ынтымақтастық жөнінде топ жұмыс істейді. Сонымен қатар, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және ҰҚШҰ шеңберінде тығыз қарым-қатынас орнаған.

Алдағы уақытта бейінді комитеттер мен парламентаралық топтар шеңберінде іс-сапарлар арқылы заңнамалық тәжірибе алмасуды одан әрі ынталандыру жоспарланған.