Парламент • 01 Қазан, 2018

Қ.Тоқаев «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық тобының төрағасын қабылдады

391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясы Федералдық жиналысы Кантондар кеңесінің Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық тобының төрағасы Филиппо Ломбардимен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. 

Қ.Тоқаев «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық тобының төрағасын қабылдады

Қазақстан мен Швейцария арасындағы екіжақты қарым-қатынастың деңгейін жоғары бағалаған Сенат Төрағасы Швейцарияның Федералдық президенті Д.Лёйтхардтің өткен жылы Астанаға келгенін және Президент Н.Назарбаевпен келіссөз жүргізгенін әрі «ЭКСПО-2017» аясында Швейцария Ұлттық күнін мерекелеуге қатысқанын ризашылықпен атап өтті.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел парламенттерінің арасындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Швейцарияның заң шығару органдарының ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы мен Еуропа Кеңесі аясындағы ынтымақтастығы нәтижелі жүзеге асуда.

Қос тарап сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық байланыстарын тереңдету мәселелерін талқылады. Швейцария тауар айналымының көлемі бойынша еліміздің Еуропадағы негізгі әріптестерінің қатарына енеді. Қ.Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түскенін атап өтіп, «Нұрлы жол» стратегиясын іске асыру және оның қытайлық Ұлы Жібек жолы бастамасымен үйлесімі туралы хабарлады.  Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Астанада Халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты қаржы ынтымақтастығының ауқымды мүмкіндіктеріне Ф.Ломбардидің назарын аударды.

Қ.Тоқаев пен Ф.Ломбарди Қазақстан мен Швейцария аймақтарының өзара ынтымақтастығының келешегі зор екенін атап өтті. Алматы және Лугано қалаларының арасындағы серіктестік бұған дәлел болып табылады, сондай-ақ Алматы облысы мен Тичино кантоны арасындағы байланыс та нығая түсуде.