Аймақтар • 01 Қазан, 2018

Екібастұздың тас көмірін қытайлықтар зерттемек

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде көмір өндірісіне инвесторлар қызығушылық білдірмейді.  Көмір химиясын дамыту, көмірді қайта өңдеу  мәселесі маңызды.

Екібастұздың тас көмірін қытайлықтар зерттемек

Мысалы, өңірге келген еліміздегі «Көмір химиясы және технологиялар институты» ЖШС-ның мамандарының айтуынша, Баянауылдың іргесінде орналасқан  Майкөбе кеншінің 5 тонна көмірінен 1 тонна сұйық отын алуға болады. Облыс орталығындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ көмірден синтез газын, «Нефтехим LTD» ЖШС  пропиллен алу жолдарын қарастыруда. 

Ал, өңірдегі «Богатырь Көмір», ЖШС «Майкөбен-Вест», «Шығыс» көмір кеніштері энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір көлемін арттыру үшін қарқынды жұмыс жасауда. Жалпы, ең ірі көмір өндіруші «Богатырь Көмір» ЖШС-ын еліміздегі «Самұрық-Энерго» АҚ пен ресейлік «РусАл» БК тең бөліспен басқаруда.  Көмірді ашық әдіспен өндіреді.

Биыл да 41 миллион тоннадан астам көмір өндіріп, тұтынушыларға жөнелтуді жоспарлауда.  Сонымен бірге,  «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ-қа қарасты «Шығыс» кенішіне елімізде өндірілетін энергетикалық көмірдің 20 пайызы тиесілі. Кәсіпорын биыл да 18 миллион тонна көмір өндірмек.  

Бірақ, Баянауылдағы «Гамма» ЖШС,  «Майкөбен-Вест» ЖШС сияқты бірнеше кеніш  Сұлужон, Шөптікөл, Майкөбе, Бірлік ауылдарының  маңында орналасқан.  Ауылдар бір емес, Майкөбе, Талдыкөл, Сарыкөл аталатын көмір қазатын үш кеніштің ортасында, күл жұтып отырғанын ескерейік.

Май ауданындағы Жамантұз көмір кешені бар.  Көмір кеніштерінің маңайы толы ауыл. Ашық қалған шұңқырларға, шаң-тозаң, күлге кімдер жауапты?.

Елбасы  «Жер қойнауын пайдалануда делдалдарға жол бермеу» туралы нақты тапсырма бергені белгілі. Президент шетелдік инвесторлардың кеңесінде кәсіпкерлер алып-сатумен емес, кен орындарын дамытумен және қаржыландырумен айналысуы тиістігін айтқан-ды.

Кеніштердегі көмір өндірісінің ішкі-сыртқы алаптары  айнала ормен қазылып, қара көмір қоспасымен оранғаны зиян. Күл үйіліп  жоталарға айналуда. Ауаға шығарылатын зиянды қоспаларға шектеу жасалып, экологиялық талап қойылуы қажет-ақ.

Екіншіден, көмір тасымалдаушы кеніштерге өздеріне қосымша жол салу немесе ақылы жол  жүйесі енгізілсе. Халық қатынайтын жолды босатуларын-Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеуші басқармалар, экологиялық ұйымдар тарапынан қатаң түрде талап етілсе.

 Ал, қытайлықтар болса,  Екібастұздағы көмірін зерттемек көрінеді. Олар осы мақсатпен  келіп, көмір кеніштерін аралап көріп те кетті.Қытайлықтар 10 миллион тонна көмірден 5 миллион тонна кокс  алуға депті.

Көмір -шина өндіруге, аэроғарыштық өнімдер өндіру үшін, тіпті, жол салуға, жылыжайларда көкөніс түрлерінің шығымдылығын арттыратынын тыңайтқыш та болады екен. 

Елбасы   «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде  ең алдымен орталық өңірлерге содан кейін солтүстік өңірлерге де газ тартуды тапсырған-ды. Эколог мамандардың айутынша,  мэтан газының келуі көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді. Газдың тартылуынан қоршаған орта тазарады.

Солтүстік өңірлерге газ келсе ауылдықтар көмір жағуды тоқтатады. Қазіргі кезде еліміздің 9 облысы мэтан газымен қамтылған екен.  Демек,  еуропалық өркениетті жаңашыл жүйеге жақындап келеді деген сөз.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы