Әлем • 02 Қазан, 2018

Елбасы бастамасы БҰҰ-да қолдау тапты

512 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұр­­сұл­тан Назар­баевтың тағы бір халық­­аралық бас­та­масы биік мін­берде қолдау тапты. Нью-Йоркте, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының штаб-пә­терінде Терроризмнен азат әлем­ге қол жеткізу мінез-құлық ко­дексіне қол қою рәсімі өтті. Адам­затты алаңдатқан қатер­мен күреске күллі әлемді жұмыл­дыруды көздеген құжат­тың пысықталуы 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ас­самблеясының 70-сессиясы шеңберінде Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастама аясында жү­зеге асырылып отыр.

Елбасы бастамасы БҰҰ-да қолдау тапты

Салтанатты рәсім арнайы жоғары деңгейдегі іс-шара форматында өткізілді. Кодекске әлемнің жетпіс мемлекетінің сыртқы істер министрлері мен жоғары өкілдері қол қойды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан бас­тамасымен ұсынылған Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу мінез-құлық кодексі жөнінде еліміздің Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановпен кездесуінде жылы лебізін білдірген болатын. «Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жоғары бағалаймыз. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі конструктивті рөлі өте маңызды», деген-ді Бас хатшы. Сонымен қатар ол Астананың Сириядағы дағдарысты реттеудегі рөлін ерекше атап өтті. 

Мәртебелі ұйымдағы маңызды басқосуда Кодексті Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов таныстырды. Ол құжатты көпшілік назарына ұсына отырып, негізгі мақсат терроризмге қарсы аса ауқымды халықаралық міндеттемелерді нақты жүзеге асыруға және терроризмнен азат әлемнің құлашы кең жаһандық коалиция құруына серпін беру екенін айтты. Кодекс қауіпсіздіктің, терроризммен күресудің және дамудың бір-біріне өзара тәуелді екенін алғаш рет таниды, осылайша Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге ықпал ету көзделіп отыр.

Сонымен қатар жиында Бас хатшының орынбасары – БҰҰ Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Владимир Воронков, Африка одағының бейбітшілік және қауіпсіздік жөніндегі комиссары Смаил Шерги, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Терроризмге қарсы күрес жөніндегі комитетінің төрағасы Густаво Меза-Куадра және БҰҰ терроризмге қарсы күрес орталығының басшысы және Ислам Ынтымақтастық Ұйымының терроризмге қарсы күрес тобының басшысы Абдалла Аль-Муаллими баяндама жасады.

В. Воронков Астананың Мінез-құлық кодексін дайындау бойынша бастамасын жоғары бағалап, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде, сонымен бірге тер­ро­ристік құрылымдармен күресуге қатысты үш санкциялық комитетке басшылық ету жұмысының табысты болғанын атап өтті. Терроризмге қарсы күрес бағыты Бас хатшы Антониу Гутерриштің реформалар бағ­дар­ламасының басты басымдықтарының бірі. Жаһандық терроризмге қарсы стратегияның (ЖТС) жүзеге асырылуы ымыраластық пен сенімді серіктестікті қамтамасыз етеді. Оған қоса, ол ЖТС-ті іске асыру жөніндегі Орта­лық Азиядағы бірлескен іс-қимыл жоспарын одан әрі жүзеге асыруды және Қазақстанның оған донор ретінде қосқан үлесін қуаттады. 

Сондай-ақ баяндамашылардың келесі легі кодекстің халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы және БҰҰ-ның терроризмге қарсы архитектурасындағы маңызды қадам ретінде қабылданғанын атап өтті. Құжатта террористік актілер ұйымдастыруға территорияны бермеу, терроризмге төзбеушілік және осынау қатерлі құбылысқа қарсы күресте мемлекеттік пен қоғамның «бір жағадан бас шығаруы» сияқты мәселелер атап өтілген. 

Қазақстан ұсынған терроризмнің алдын алу және оған қарсы күрес стратегия­сы үш негізгі элементтен құралған. Ол – терроризммен күресте өзара байланысты нығайту әлеуетін қалыптастыру, өңірдегі инновациялық тәсілді пайдалану, сондай-ақ БҰҰ шеңберінде үйлестіру шараларын күшейту.

Кездесуге қатысушылар құжат лаңкес­тікпен күрестегі халықаралық ынтымақ­тас­тықты нығайтудың негізіне айналарына, сондай-ақ осы бағыттағы іс-қимылға қосылатын елдердің қатары жақын болашақта көбейе түсетініне үміт артатынын білдірді.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»