Әлем • 02 Қазан, 2018

Сулавеси қасіреті: 2,4 млн адам көмекке мұқтаж

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Индонезияның Сулавеси аралында болған табиғи апат құрбандарының саны уақыт өткен сайын көбейіп барады. Ел президенті Джоко Видодо 1200-ден астам адам қаза тапқаны туралы хабарлады. Қирандылардың астында қалған, құтқарушылар іздестіріп жатқан адамдардың саны 2 мыңға жуықтайды. Қызыл крест ұйымының хабарлауынша, зілзала мен цунамиден барлығы 1,6 миллионға жуық адам зардап шеккен. 

Сулавеси қасіреті: 2,4 млн адам көмекке мұқтаж

Өткен жұма күні таңертең Сулавеси аралында, Орталық Сулавеси провинциясының әкімшілік нүктесі Палу қала­сына жақын маңда магниту­дасы 6,1 балға тең зілзала бол­ғаны белгілі. Арада көп уақыт өтпей жатып дәл осы маңда зілзала 7,7 балдық күшпен ке­зекті мәрте соқты. Артынша шаһарға биіктігі 6 метрге дейін жететін цунами екпіндей соғып, онсыз да қираған қала үйдей толқындардың астында қалды. Осылайша аз ғана уақыт ішінде 335 мыңнан астам халқы бар қала күл-талқан болды. 

The Straits Times-тің хабар­лауынша, апат аумағында 16,7 мыңнан астам адам баспа­на­сыз қалған, 2,4 миллион адам гуманитарлық көмекке зәру. Әуе­жай­лардың ұшып-қону алаңдары бұзылып қалғандықтан, құт­қа­рушылардың қасірет шеккен қалаға тез арада жетуі қиынға соғыпты. Қазір құтқарушылар бастарын қатерге тігіп жүріп, қи­рандылардың арасынан тірі қалған жандарды, қаза тап­қан адамдардың денесін шы­ға­рып жатыр. Жараланған азаматтар әскери ұшақтармен көр­ші провинцияларға тасымал­дануда. Дүркін-дүркін қайта­лан­ған жерасты дүмпулері құт­қарушылардың жұмысын одан сайын қиындатуда. 

Қазақстанның Сыртқы іс­тер министрлігінің хабарлауын­ша, Сулавесидегі зардап шек­кен­дердің арасында еліміздің азаматтары жоқ. «Алдын ала мә­лімет бойынша, табиғат апатынан жапа шеккендер мен қайтыс болғандардың арасында қазақстандықтар жоқ» делінген СІМ мәлімдемесінде. 

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаев та Индонезия Рес­пуб­ликасының Пре­зиден­ті Джоко Видодоға көңіл ай­ту жеделха­тын жолдады. Н.На­зар­баев көптеген адам­ның қаза тап­қаны және зардап шеккені ту­ралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. 

Апат аумағына барған президент Джоко Видодо құтқару күштері мен гуманитарлық жүк­тердің жетіспеуіне байланысты басқа елдер мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Оның айтуынша, Аралға су, азық-түлік, жанар-жағармай, ме­дициналық қызметкерлер, шатыр жетпей жатыр. 

Осыған бай­ланысты Оңтүстік Корея құны 1 миллион  долларға тарта гуманитарлық жүк жөнелтті. Еурокомиссия Еуроодақтың атынан апат салдарын жою үшін 1,5 миллион доллар қаржы бөлді.

Кеше индонезиялықтар жүздеген адамды құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен азамат Антониус Гунаван Агунгты ақтық сапарға шығарып салды. Палу әуежайында әуе диспетчері болып істеген азамат басқалар бас сауғалап жатқан кезде диспетчерлік пультті тастап қашып кетпей, ұшуға бет алған ұшақты аман-есен әуеге көтеріліп кеткенше бағыттапты. Іле-шала диспетчерлік мұнара құлаған кезде 4 қабаттық биіктен қарғыған Ангунг ауыр жарақат алып, қаза тапты. 

Өкінішке қарай, халық қасірет шегіп жатқанда көмектесудің орнына, қираған үйлер мен дүкендерді тонап, мародерлікпен айналысып жүргендер де бар екен. Барлық күш құтқару жұмыстарына жұмылдырылғандықтан, қазір мародерлерді тізгіндеуге мүм­кіндік жоқ.

Жалпы, Индонезия зілзала мен цунами жиі болатын елдердің бірі саналатынын айта кетейік. БҰҰ сарапшылары жасаған зілзала қаупі жоғары елдердің кестесінде бұл ел 10,2 проценттік қауіптілік көрсеткішімен тізімнің алдыңғы жағынан орын алған-ды. Оның ішінде Палу жер сілкінісі жиі болатын шаһар. 2004 жылы Палудан 1650 шақырым жерде күшті зілзала болып, дүмпуі қалаға дейін жеткен кезде 4 адам қаза тауып, 177 ғимарат құлаған еді. Өкінішке қарай, бұл жолғы зілзаланың зардабы одан жүздеген есе асып түсті.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»