Қазақстан • 02 Қазан, 2018

Елордалық қарияларды құттықтады

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Астана қаласындағы «Ардагер» демалыс орталығына арнайы барып, елордалық қарияларды атаулы күнмен құттықтады.

Елордалық қарияларды құттықтады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялағаны белгілі. Содан бері бұл мерекені бүкіл әлем кең көлемде атап өтіп келеді. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын қариялардың мәселесіне аударып, оны халықаралық деңгейде шешудің тиімді жолдарын қарастыру.

– Атаулы күн біздің елде де ескерусіз қалған емес. Соған орай Қазақстанның әр өңірінде Қарттар күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы тарапынан да игі бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы еліміздегі ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталарға лайықты құрмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Елбасының тапсырмасы бойынша басталған партия қызметін жаңғырту аясында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, тиісті шаралар қолға алынғанын атап өткен жөн, – деді өзінің сөзінде М.Әшімбаев.

Қазіргі таңда жер бетінде адам­дардың өмір сүру ұзақты­ғының өскені байқалады. Тіпті мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай әлем халқының кем дегенде 10 процентін қариялар құрайды деген болжам бар. Сондықтан әлем осыған дайындалып, соған лайық инфрақұрылым қалыптастырғаны жөн. Ме­ди­циналық қызмет көрсетуді жетіл­діріп, басқа да қызмет түрлерін жүйелі жолға қоюдың берері мол болмақ. Мұндай үрдістен Қа­зақстан да тыс қалмайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келген­де, «Ардагер» сияқты орталық­тардың маңызы зор. Себебі бұл жерде жасы келген жандар бір-бірімен кездесіп, пікірлесуге, зейнетке шыққаннан кейін барлығынан қол үзіп қалмай, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік алады. Сондықтан осыған лайықты жағдай жасау қамтамасыз етілуі керек. 

«Ардагер» демалыс орталығы – бас қаламызда 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қо­ғамдық бірлестік. Бірлестік басшы­сы Баян Ахметжанованың ай­туынша, мұнда қарияларға би­мен, йогамен, аэробикамен, фитнестік жаттығулармен айна­лы­суға мүмкіндік бар. Одан бө­лек, қарттарға түрлі құқықтық ке­ңес­тер беріліп, семинарлар мен тре­нингтер де тұрақты өткізіліп тұ­ра­ды. Бүгінде орталықта әр­қай­­сы­сы 15 адамнан үш топ бар. Олар­ға барлық қызмет тегін көр­сетіледі. 

Бүгінде бірлестік Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Эконо­ми­калық кеңесі құрған қарттар мә­селесін әлемдік деңгейде қарас­тыратын арнайы топқа және 108 елде жұмыс істейтін халық­аралық Help Age Inter­natio­nal ұйымына мүше екенін, соған орай көптеген елмен тәжіри­бе алмасып, байланы­сып тұра­ты­нын айтқан Б.Ах­метжанова ал­дағы уақытта ме­кемені бұ­дан да кеңейтіп, Қазақ­станда арда­герлерге қызмет көрсе­тетін ірі орталық ашуды жос­парлап жүргенін жеткізді. Мұн­дай бастамаға қолдау білдір­ген М.Әшімбаев елордамызда аталған орталықтың құрылуы ар­дагерлерімізге көрсетілген үлкен құрмет боларына назар аударды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»