Қазақстан • 02 Қазан, 2018

Арал мәселесі қозғалды

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Мұрат Бақтиярұлы Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» форумы аясында парламенттік әріптестіктің 10-шы кездесуіне қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Арал мәселесі қозғалды

Сапар барысында қазақ­стан­дық парламентшілер «Кли­маттың өзгеруі және қорша­ған орта: қауіпсіздікке әсер ету» та­қы­рыбындағы 3-ші пікірсайысқа қатысты. Шара тақырыбы климат­тық өзгерістер мен Азия және Еу­ропадағы белең алған экология­лық мәселелерге арналды. Атап айтқанда, тұрақты даму және қалдықсыз экономика, қалалық аудандарды басқару, су ресурстары саласындағы ынтымақтастық, қалдықтар мен таза технологиялар және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. 

Сенатор Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед өз баяндамасында Қазақстан мен халықаралық қоғамдастықтар тарапынан Арал теңізі мәселелерін шешуде қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Депутат жергілікті және жа­һан­дық экожүйеде әлемдегі ірі су қоймаларының бірі – Арал теңі­зінің тартылуының салдары туралы хабарлады. М.Құл-Мұхаммед Үлкен Арал мәселесі әлі де толық шешімін таппаған күйінде қалып отыр, деген пікір білдірді. «Соңғы жылдары аймақтағы кейбір мемлекеттер көрші елдермен келісімге келместен, су ағатын табиғи арналарды бөгей отырып, қосымша су электр стансаларының құрылысы бойынша жобаларды қолға алуда. Аймақта сапалы ауыз су тапшы. Аймақтағы миллиондаған адам­дардың денсаулығы мен әлеу­меттік ахуал суды дұрыс пай­далануға тікелей байланысты болып отыр», деп атап өтті сенатор. 

Баяндама барысында Арал бассейнінің экожүйесін құтқару бойынша халықаралық күш-жігерді күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. «Біз – парламентшілер «Азия-Еуропа» форумындағы парламентаралық ынтымақтастық және ықпал­дастық аясында Орталық Азия­дағы су ресурстарын басқару жө­нінде туындауы мүмкін жанжалдарды ескере отырып, «су дипло­матиясын» ілгерілетуіміз қажет. Аймақтық және трансше­каралық ынтымақтастық бойынша жаңа, ауқымды әрі оңтайлы бағдарламалар керек», деп есеп­тейді М.Құл-Мұхаммед. Сондай-ақ сенатор су ресурстарын басқару мәселелері бойынша ұлттық заңнамаларды жетілдіру, климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны сауықтыру бойынша бірлескен күресте халықаралық ұйымдардың қызметіне қарқын қосу қажеттігін атап өтті. 
 

Соңғы жаңалықтар