02 Қазан, 2018

«Хат қоржын» (02.10.2018)

484 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (02.10.2018)

...үміт артады

Игілікті істер ілгерілей берсін

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» демекші, еліміздің келешегі жарқын болуы үшін жастарға барлық жағдай жасалуы тиіс. Сол себепті биыл «Нұр Отан» партиясы «Қалың қалай, студент?» атты республикалық акция ұйымдастырып, білімгерлердің тұрмыс-тіршілігімен танысқан болатын. Бұл бастаманы жандандыра түсуді мақсат тұтқан партияның Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты рейд жүргізіп, жоғары оқу орындары, орта арнаулы және кәсіптік білім беру мекемелері жастарының жай-күйін тереңірек зерделеген еді. 

Нәтижесінде біршама олқылықтың беті ашылды. Мәселен, бірінде қосалқы және санитарлық-техникалық құралдар жоқ, енді біріне күрделі жөндеу қажет. Ал екіншісінде студенттерді өз жатақханаларына орналастыру жөнінде басқа колледжбен келісімшарт болғанымен, өзге де орта оқу орнының жастары паналап келсе, үшіншісінде сырттан да адамдар алынғаны анықталды. 

Білім іздеп қалаға сабылған жастар 20-45 мыңдай теңгесін пәтерақыға төлейді. Арасында бір емес, екі-үш көлікпен қатынай­тындары тағы бар. Жатақхана «жыры» аяқталса, осылардың бәрінен құтылған студент сабағын бар ынтасымен оқитыны сөзсіз. Қоғам қалтасында қомақты қаражат қалдыратын бастама, ең алдымен, ата-ананың, шаңырақтың шығынына үлкен үнем. Тіпті бұл үйлесімділікті «әлеуметтік жәрдемақы» деп сенімді айтуға болатындай. 

Альмира ОМАРОВА

Тараз

...жаңалығын жеткізеді

«Қызым, саған айтамын... » 

Елбасымыз «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» деген болатын. Қазіргі таңда қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Біздегі «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, жөн-жоралғысы сақталған ұлттық құндылықтарды қыз баланың бойында қалыптастыру мақсатында «Қызым, саған айтамын...» тақырыбында қыздар арасында сырласу сағатын өткізді. 

Іс-шараға №3 Шымкент қалалық емхананың психолог мамандары, «Көркем» әжелер тобының мүшелері сынды ел аналары қатысып, бойжеткендермен сыр-сұхбат өткізді. Басқосу барысында қыз тәрбиесі жөнінде қыздарға сауалдама таратып, бейнероликтер көрсетілді. Кездесуде қазіргі қазақ қызының тәрбиесі мен бойындағы ұлттық құндылықтарды ояту, оларды отбасылық өмірге тәрбиелеу жолдары мен қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы көкейде жүрген мәселелер талқыланды. Болашақ ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз балаға дұрыс, өнегелі тәрбие беру жөнінде ортақ ой-пікірлер айтылды.

Камила МҰСА 

Шымкент

...үлгі етеді

Құрақ құрау өнеріне баулиды

Халқымыздың ежелгі салт-дәстүрінде құрақ құрау секілді қол өнері жақсы дамыған. Осындай ісмерлік бағытты серік еткен қыз-келіншектердің қолынан шыққан көрпе-жастықтар көздің жауын алатын болған. Қазақстан халқы Ақтөбе облыстық Ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» аула клубы теңдесі жоқ халықтық өнерді қайтадан жаңғыртуға бастамашы болып отыр. Бүгінде аталған клубтың жетекшілері «Құрақ өнері» атты тақырыпта шеберлік сағаттарын өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Мұндағы басты мақсат – құрақ түрлерін тігудің сан алуан қыры мен сырына қанықтыруға және оның бөліктерін дұрыс орналастыру тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Бұған қоса шеберлік сабағына қатысушыларға өңдеу технологиясы да таныстырылады, олардың көпшілігі аз қамтылған отбасы аналары, көпбалалы аналар және мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер екендігі. Бұл ретте олар «Ақ желкен» аула клубының қосымша білім беру педагогі Айнагүл Бекешеваның құрақ құрау бойынша беріп жүрген шеберлік сабағына дән риза. Оның қорытындысы бойынша ақысыз сертификаттар табысталады. 

Гүлдариға БАҚЫТЖАНОВА,

облыстық Қазақстан халқы

Ассамблеясы жанындағы аналар 

кеңесінің төрайымы

АҚТӨБЕ 

...сенім білдіреді

Өткеннің өнегесі

ХХІ ғасыр әлемде тоқтаусыз өзгерістер мен қарыштай дамулар ғасыры десек болады. Осы ұзақ сонар жолда әлемде өз шыңына шығып, дамыған алпауыт мемлекеттер күн санап өсіп келеді. Осындай әлемдік биікке көтерілген мемлекеттің бірі – Қазақстан. 

 Туған жер – әркімнің қасиетті мекені және өмір бақи тұратын өлкесі. Дана халқымыз «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп бекер айтпаса керек. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, әрбір азамат өз туған жерін дәріптеп, оны төбесіне көтеруі – бұл нағыз жанашырлықтың ісі болмақ. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп жазды. 

Заманымыздың заңғар жазушы, ғалымдары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан аталарымыз өте жақын, қимас дос болған. Бірде Мұхтар атамыз Әлкей досынан келешек жастар туралы өз болжамын айтуды сұрапты. Сонда Әлекең: «Опырмай, Мұха-ай, қиын сұрақ қойдың, айтқым келмейді, бірақ сен сұраған соң амал жоқ айтайын» депті де: «Біліп тұрып бағаламайтын, жасы кіші болса да тәкаппарланып ағаламайтын, шаруаңды айтсаң шешпейтін, қате айтсаң кешпейтін, кейін қалғандарды көзге ілмейтін, кенже қалғандарды іздемейтін, озсаң күйінетін, тозсаң сүйінетін, бауырлықтан жұрдай, қатыгездікке құрдай жорғалайтын жастар келе жатыр» десе керек.

Осы келеңсіздіктерден біздің жастарымыз аулақ болсын. Ел келешегі жастарда, интеллектуалды, қабілетті тұлға болып өссін. 

Жаңбыр ТІЛЕУҒАБЫЛ 

...сақтандырады

Өзін кінәлі адамдай сезінгеніне тәуба!

Жақында бір шаруамен келіп жасы өзімнен үлкен кісімен кездестім. Ол орысша сөйлейді екен...

«Мен де қазақпын, сіз де қазақсыз. Арамызда ешкім жоқ, неге орысша сөйлеуіміз керек!», дедім аңтарылып. Ол болса: «Орысша сөйлей берсек несі бар екен?» дегендей таңырқай қарады. «Құлдар ғана өз тілінде сөйлемейді. Жалтақтап, үйреншікті әдеттерінше қожайынының тілінде сөйлейді. Ал мен құл емеспін», деп төтесінен тарттым... Намысы бар екен, селт ете қалып, қазақша сөйледі... Неге қазақша сөйлеуі керек екендігін енді түсінгендей болды.

Кетерінде ақталып: «Жұмыс бабымен көбінесе шетелде, басқа ұлт өкілдерімен жүрдім. Енді қазақша сөйлеймін» деп кетті. Түріне қарап мен сендім. Өзін кінәлі адамдай сезініп кетті. Жалпы бізде көп адам неге ана тілінде сөйлеуі керек екендігін әлі де түсінбейтіндей...

Нұрғазы САСАЕВ

АЛМАТЫ