Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Түркістан облысында туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайған

589 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысында туберкулез дертіне шалдыққандар қатары жылдан-жылға азайып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылғы 8 айда туберкулезбен тіркелген науқас саны 847 болса, былтыр осы кезеңде 1067 болған екен. 

Түркістан облысында туберкулез дертіне шалдыққандар саны азайған

Жүз мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 36,3-тен 28,8-ге, яғни 20,6 процентке төмендеді. Елімізде бұл көрсеткіш биылғы 8 айда 34,0 болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «2020 жылға дейін аурушаңдықты 100 мың тұрғынға есептегенде 50 жағдайдан асырмау» деген стандарты өңірде орындалуда. Биыл балалардың арасында да туберкулез бен одан болатын өлім-жітім екі есеге дейін кеміген.

Науқастар саны азайып, көр­сет­кіштер төмендеуінің алғы­шарты – денсаулық саласына жасалып отырған мемлекеттік қолдау екені мәлім. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медици­налық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін ескерте келе, тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыс­тан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажеттігін айтқан болатын.

Жол­дауда жүктелген міндеттерді жүзе­ге асыру бағытында атқа­рылған істер және емнің сапалы, тікелей қадағалауда жүргі­зілуі, амбулаторлық деңгейде науқас­тарға емін үзбеу үшін ынталандыру мақсатында беріліп жатқан әлеуметтік көмек жоғарыда айтылғандай көрсеткіштердің төмен­деуіне септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көз­делген дәрілік заттармен қам­тамасыз етуді жетілдіру ба­ғы­тының да бергені мол. Нақты мысал ретінде Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде қолға алынған жаңашылдықтарды айтар едік. Бүгінде өңірде құрт ауруына шалдыққандар мерзімінен бұрын айығып жатыр. Оның бір дәлелі – үш жылдан бері хирургиялық ем қабылдап жүрген науқас үш айда оңалған.

Биыл қыркүйекке дейін 172 науқаста дерттің қайталануы байқалса, былтыр 8 айда 209 науқас тіркелуге алынған болатын. Қайталап емделген нау­қастардың үлесі ДДҰ стандарты бойынша 20 проценттен ас­пау тиіс болса, бұл көрсеткіш 16,8%-ті құрап отыр. Об­лыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болат­хан Сағымбековтің айтуын­ша, өткен жылы диспансерге «Денсаулық үшін серіктестіктер» деп аталатын америкалық қор апробацияға 45 науқасқа жететін жаңа дәрілерді тегін берген. Биыл қазан айында «Жаһандық қор» тағы 15 емделушіге препараттар сатып алып бермекші. Ал келесі жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі аталған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін болады. 

– Өткен жылдың 15 желтоқ­санында «Г» тобындағы науқас­тар­ды жаңа препараттар – бедаквилин, деломанид, линезолид, клофаземин, имипенем- целаста­тинмен емдеуді бастадық. Бұл топтағылар бірнеше жылдан бері бұған дейінгі емделудің бар­­лық кезеңдерінен өткен, қол­даныстағы дәрі-дәрмектерден жазылмаған ауру адамдар болатын. Ешқандай дәрі әсер етпесе де жұқпалы сырқаттарынан айық­паған оларды үйлеріне жібере алмаймыз. Хосписте жатады. Жаңа препараттардың нәтижесі бір айда байқала бастады. Кон­версия болғаннан кейін, оңала бастаған науқастарды 4-6 айдан соң амбулаториялық ем қа­был­дауға үйлеріне шығардық. Олар­дан қоғамға ешқандай қауіп жоқ. Бүгінде үйлерінде жүріп, күнде жергілікті емханаларға, дәрі­герлік пункттерге барып, дәрі­лерді үзбей қабылдауларын жалғастырып жатыр. Жалпы, Түркіс­тан облысы мен Шымкент қаласы бойынша жаңа препараттармен ем қабылдаушылардың қатары 48-ге жетті. Соның екеуі жазылып шықты. Негізі биыл 45 сырқатты емдеу жоспарланған болатын, – дейді бас дәрігер.

– Бұл жаңа дәрілердің емдік әсері жоғары екенін біз тәжірибеде байқап отырмыз. Туберкулезге қарсы басқа дәрі-дәрмектер әсер етпей, 8-9 ай бойы конверсия болмай жатқан науқастар осы препараттарды қабылдағаннан кейін бір айдың ішінде оңала бастады. Үш жылдан бері хирургиялық ем қабылдап жүрген науқастың өкпесінің қабығында іріңді су жиналып, ешқандай дәрі көмек­теспеген жағдайда жаңа дәрілерді қабыл­дап, бір айда жарасы жазылып, беті бері қарады. Үш айдан соң амбулаториялық емделуге шыға­рылды. 

Мамандардың айтуынша, жаңа препараттармен емделуге процесс барысын үзбейтін тәр­тіпті пациенттер таңдалып алынған. Әйтпесе, үзілген емнің әсері оң болмайды. Жаңа препараттар науқасқа бұған дейінгі дәрі-дәрмектер әсер етпеген жағ­дайда ғана қолданылады. Онда да науқасқа қай дәрінің қалай әсер ететіні ашық айтылады. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 127 мейіргер жаңа дәрілерді ауруханада, емханада, үй жағдайында науқасқа беру, ішкізу тәртібін оқып, үйренген. Арнайы құрылған ко­мис­сияның бақылауымен прак­тикадан өткізі­ліп тұрады. Олардан дәрі тарат­ушы химизатор мамандары даяр­ланған. Үй жағдайындағы пациенттер дәрілерді жексенбі күні де қабылдауы қажет болған соң бей­неб­ақылау тәртібі енгізілген. Яғни науқас дәріні қабылдайтын уақытында смартфон немесе ноут­бук, компьютер арқылы бей­не­жазбаға түсіріп, маманға жолдайды. Өйткені диспансер заңды демалыс күнінде химизаторға міндеттей алмайды. Бірақ дәрі­гер құпиясы болып табылатын бейнежазбаны ешкімнің тара­туға құқы жоқ және ол бөгде аза­маттарға көр­сетілмейді. Ал бейнежазба жібе­руге мүмкіндігі жоқ кейбір нау­қастарға үйлеріне апарып беріп, өз қолымен ішкізіп жүрген хими­заторлар да бар. Осылайша диспансерде жаңа тәсілдер мен амбу­латорлық ем­деуді қолдану, дәрілік заттармен қам­тамасыз ету­ді жетілдіру оң нәтиже беріп отыр. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы