Қазақстан • 02 Қазан, 2018

Құрт ауруының құрсауынан арашалайды

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдарда еліміздегі туберкулез ауруына шалдыққандар көрсеткіші 2,4 есеге дейін азайған. Қазіргі кезде емделу мерзімі 33-тен 20 айға дейін төмендеп, заманауи зертханалық жетістіктердің нәтижесінде ауруды екі сағатта анықтау мүмкіндігі туды.

Құрт ауруының құрсауынан арашалайды

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов саладағы бірқатар жағымды өзгерістермен қатар жаңа технологиялық жетіс­тік­тердің еліміздің алыс аймақ­тарында тұратын науқастарды қашықтан бақылауға жол ашып отыр­ғандығын айтады. Тиісті ем қабылдау үшін емханаға күнде­лікті келу міндетті емес. Яғни қор­шаған ортаға қауіп тудырмайтын науқастар дәрілерін үй жағдайында қабылдап, смартфон арқылы емдеу мекемесімен байланысқа шығып оты­руы жеткілікті. Жаңа технологиялар қолдану арқылы медбикеге түсетін салмақ та азаю­да. Мысалы, емхана дәрігері күніне 10-15 адам қабылдайтын болса, бейнебайланыс арқылы бұл көр­сеткіш 40 адамға жеткен. Қазір­гі кезде еліміздің барлық ай­мағында емханалық деңгейдегі зертханаларда бұрын 2-2,5 ай күтетін сараптама қорытындысын екі сағатта анықтауға мүмкіндік туып отыр. 

Мәлік Әденов соңғы он жыл­да­ғы көрсеткіштердің 2,4 есеге дейін төмендеуі қазіргі ел медици­насының жетістігі екенін жеткізді. Сыр­қаттан көз жұмғандар әр 100 адам­ға шаққанда 5,4 процентке төмендеген. Мысалы, 2000 жыл­дар­дың бас кезінде 4 мыңнан аса науқас көз жұмған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 500 шамасында болды. Ал он жыл бұрынғы көр­сеткіш бойынша 31 мың болса, өткен жылғы мәліметтер бо­йынша елімізде 16 мың науқас тіркелген. 

Аталған саладағы бағдар­ла­маларға орай университет бі­тір­ген мамандар үшін 6 ай тәжі­рибеден өтіп, резидентураны аяқ­тамастан кәсіби жұмысын жал­ғастыру мүмкіндігі жолға қойылды. Соның нәтижесінде аймақтардағы фтизиатор мамандарына сұраныс 2016 жылы 240-тан өткен жылғы көрсеткішке сәйкес 106-ға дейін төмендеген. 

Бүгінде туберкулезбен күрес мемлекет тарапынан кешенді түр­де жүзеге асырылып келеді. Со­ның нәтижесінде туберкулезге қарсы барлық дәрі-дәрмекке қолжетімді. Құрт ауруын емдеу мен алдын алу жағынан Қазақстан Орталық Азия елдері мен көрші Ресейден ал­да келеді.

Еңбек мигранттарын емдеуде де Қазақстанда тиімді бағдарламалар қарастырылған. Олардың тегін ем­делуі мен алдағы уақытта өз елінде емін жалғастыруын қада­ға­лау мақсатында Тәжікстан, Қыр­ғызстан елдерімен келісімдер жа­салды. Алдағы уақытта бұл тәжі­рибе Өзбекстанмен де жүзеге аса­тын болады. 

Ұлттық фтизиопульмоноло­гия ғылыми орталығы ДДҰ-мен әріп­тестікте жұмыс істеп ке­ле­ді. Аталған ұйым өңірлерде құрт ауруы­на шалдыққан науқастардың ем­де­лу барысын қадағалап, қазақ­­стандық дәрігерлердің тубер­кулезді емдеу шараларын қа­лай жүзеге асыратындығына сараптама жасап отырады. Осындай ықпалдастықтар мен халықаралық әріптестіктер нәтижесінде адамзат өміріне қауіп төндіретін дертпен күрес күшейтіле түсті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»