Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы тойланды

1397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Атырау облысында Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы тойланды. Мерекелік шарада  ұлттық спорт түрлері дəріптеліп, еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар аламан бəйгеге қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы тойланды

Ғасырға жуық тарихы бар бұл ауданның 90 жылдық мерекесін жылыойлықтар ерекше атап өтті. Шараның ашылу салтанатында аудан өнерпаздары және «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі, Атырау облыстық филармониясы оркестрі өнер көрсетті.

-Бүгінгі киелі мекен Кең Жылыойдың 90 жылдық мерекесімен барлық жылыойлықтарды, қонақтарды шын жүректен құттықтаймын. Қойнауы қара алтынға тұнған, жайлауы малға толған  құтты мекенде кешегі пір Бекет пен ауызымен құс тістеген Тінекейұлы Құлсары шешенді өмірге келген. Талай қилы кезеңді басынан өткізген бұл аудан бүгінде өз қолы ауызына жетіп, жыл сайын гүлденіп, өркендеп, даму үстінде. Ауданның облыс дамуында да алар орны ерекше,- деп құттықтады Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.

Мерекенің алғашқы күнінде республикалық ақындар айтысы өтіп, оны ҚР еңбегі сіңген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді. Айтысқа әр өңірден 14 ақын қатысып бас жүлде Бекарыс Шойбековке бұйырды.

Айтысты мерекенің екінші күнінде Бүркіт төбедегі алаңда қазақша күрес, 32 келі кір тасын көтеру және топ бәйге мен аламен бәйгемен жасғастырды. 9 тұлпар топ бәйгеде 21 шақырымға, аламан бәйгеге 18 сəйгүлік 31 шақырымға шауып, жеңімпаздар жаңа автокөліктерге ие болды.

Мерейтой Құлсары қаласының орталық стадионында қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік театрландырылған-сазды бағдарламамен аяқталды. Концертке жиылған 7000–ға жуық көрермен кеш соңында мерекелік от шашуды тамашалап, тарқасты.