Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Атырауда қарияларға құрмет көрсетілді

491 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай қайырымдылық түскі асы берілді, деп хабарлайды Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда қарияларға құрмет көрсетілді

Бүгін облыстық қарттар мен мүгедектер үйінде  қарттар күні атап өтілді. Қазір мұнда 103 адам тұрады: 1 және 2 топтағы 57 мүгедек жан, қалған 46 -сы  мемлекет қамқорлығындағы қарт адамдар.

- Екінші жыл қатарынан біздің әлеуметтік мекемеде тұратын адамдардың саны бірдей. Қаламызда қамкөңіл жандарды елеусіз қалдырмай, демеушілік көмек көрсетіп, қажет нәрселердің бәрін алып беріп жатқан тұрғындардың барына қуаныштымын. Жергілікті билік органдары да бұл істі назардан тыс қалдырмай  сый-құрмет көрсетіп келеді,- дейді Қарттар және мүгедектер үйінің директоры Қилымқас Күзембаева.

Қарияларды құттықтауға Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы келді. Қала басшысы  сыйлықтар ұсынып,   мерекеге орай ұйымдастырылған қайырымдылық түскі асқа қатысты.

- Елімізде әрқашан үлкенге құрмет көрсетіледі. Сіздерді осы маңызды күнмен құттықтап,  зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, - деді Алимұхаммед Құттұмұратұлы. 

Айта кетейік, Атырау облысында 60 жастан асқан 50 мыңнан астам адам тұрады.