Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Құны 52 млн теңгені құрайтын мұнай заңсыз өндірілген

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Атырауда 42,3 млн тонна мұнай, 20,9 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді. Өкініштісі, оңай олжа тапқысы келетіндер осы саланы көп төңіректейді. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша келтірілген залал құны биыл 52 млн теңгеге жеткен және бұл тек анықталған қылмыстарға ғана қатысты болып отыр.

Құны 52 млн теңгені құрайтын мұнай заңсыз өндірілген

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 2017 жылы мұнай және мұнай өнімдерін жымқырумен байланысты, сондай-ақ оларды заңсыз сақтау, тасымалдау және сатумен байланысты 35 қылмыс тіркеліп, оның  18-сі сотқа жолданған. Ал биылғы алты айда осы санаттағы қылмыстардың саны 14 болды, бесеуі сотқа жолданды.

Прокуратурамен жүргізілген талдау қылмыстық істерді тергеу барысында мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шыққан жерлері анықталмайтынын көрсеткен. Тергеу тек тасымалдаушыларды анықтау деңгейімен шектелуде. Ал шикізаттың бастапқы жөнелтушісі бүркемеленіп, жабулы қазақ жабулы күйінде қалып келеді. Осыған орай облыстық прокуратура қылмыстық жолмен табылған қаржыны анықтауды және кірісті заңдастыруына қарсы іс-әрекет жасауды құқық қорғау органдарының назарына берген.

Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасында «Мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында заңдылықтың жағдайы, соның ішінде осы санаттағы қылмыстардың профилактикасына, анықталуына, тергелуіне тиімді шараларды қабылдау» тақырыбында өткен  үйлестіру Кеңесінде айтылды. Шарада Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау академиясының өкілдері «Мұнай және мұнай өнімдері саласындағы қылмыстарды анықтау және тергеу» ғылыми-тәжірибелік кешенін таныстырды. Өнеркәсіп саласындағы көленкелі экономикаға қарсы күрестің нәтижелерін арттыруға бағытталған кешен іс жүзінде тиімділігін көрсетсе игі.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ