Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Алтынсариннің ата-тек шежіресі

2225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мына бір жәдігер Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейде сақтаулы тұр. Бұл құжатта ағартушы Алтысариннің ата-тек шежіресі жазылған. Өздеріңіз көріп отырғандай Жаңбыршыдан – Балғожа би, одан Алтынсары. Осын­да аты аталған Алтынсары атамыз кемеліне келмей жастай дүниеден өтіп, оның артында қалған жалғыз тұяқ бала­сы Ыбырайды атасы Балғожа тәрбие­лейді. 

Алтынсариннің ата-тек шежіресі

Мемориалдық музейдің ғылыми қызмет­кері Шынар Сұлтанқызының бізге берген мәліметіне сүйенсек, Ыбырай атамыз 1868 жылы Сырдария губерниясы Пе­ров уезінің дәулетті қазағы, руы жаппас Шо­лақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үй­леніпті. Әйелі көп жылдан бері бала көтермеген соң ежелгі  салт бойынша інісі Оспанның Хамитбек деген баласын асырап алады. Онысы төрт жасында шетінейді. Сөйтіп жүргенде 1882 жылы тұңғышы Әбді (Әбдіолла) туады, 1884 жылы екінші ұлы Әбірахмет (Абрахмет), 1886 жылы жалғыз қызы Шәрипа дүниеге келген. Мына бір жәдігер-шежіреде осылардың барлығының аты аталған. Бірақ Әбірахмет пен Шәрипа кәмелет жасына толар-толмас шағында дүниеден өтіпті. 

Алтынсариннің тек Әбді дейтін баласынан тұяқ жалғас­қан. Оның аты – Нағима Ыбы­раева. Яғни, сіздер куә болып отырған ата-тек шежірені 1991 жылы музейге әкеліп тапсырған осы апамыз. Жарықтық бертін­де, 1998 жылы 82 жасында Та­раз қаласында дүниеден өтіпті. 

Кеңес өкіметі кімді аясын, басқасын айтпағанда саясаттың ығына жығыла жү­ріп, ағартушылық қызмет еткен Ыбырайдың да ұрпағын қуғынның астына алған. 1928 жылы Қостанай жерінде Әбді атамызды кәмпескелеп, Қырғызстанның Тоқмақ қа­ласы­на жер аударған. Жат жерде бойжеткен Нағима апамыз Байдабек Амангелдиев деген жігітке тұрмысқа шығып, Жұмагүл және  Дулат атты ұл мен қыз сүйген. 1959 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы совхозға көшіп келеді. Өмірінің соңғы жылдарын Таразда өткізіпті. Шежіре-жәдігердің төменгі бұрышында: «Ыбырайқызы Нағима. Менің айтуым бойынша шежіре жазылған. 1922 жылы» деп төтеше жазумен қолтаңба қалдырыпты. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар