Бағдарламалар • 03 Қазан, 2018

Білім саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

7361 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлы Биғаримен кездесіп, білім саласындағы «Цифрлы Қазақстан» бойынша жүзеге асып жатқан істердің нақты нәтижесі туралы әңгімелескен едік. 

Білім саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

– Білім беру саласы – бәрі­міз үшін өте маңызды та­қырып. Ұлттың болашағы бі­лім-ғылыммен қаруланған келешек ұрпақ­тың қолында екені айтпаса да тү­сінік­ті. Біз­ бүгін бұл саладағы сансыз ре­фор­маларды сөз еткелі отыр­­ған жоқпыз. Біз­ге керегі – «Цифрлы Қазақстан» бойынша жүзеге асып жатқан істердің нақ­ты нәтижесі. Айтыңызшы, мектеп қа­быр­ғасындағы жас жеткіншектер техно­ло­гиялық жаңғыруға қаншалықты да­йын?

– Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында ми­нистр­лік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ведомство бұйры­ғына сәйкес 2018-2019 оқу жылында «Ақ­параттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 3-сыныптың оқу бағдарламасына енгізілді, сондай-ақ 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныптарға енгізу жоспарланған. Одан әрі 5-11 сыныптардың бағдарламалары, ең алдымен STEM-элементтердің яғни, робот техника, виртуалды шындық, 3D-принтинг және басқаларының қосылуын ескере отырып, бағдарламалау тілдерін қайта қарау өзекті болмақ.

– Өзіңіз «Электронды үкі­метті» қалып­тас­тыру және да­мыту бағдарлама­ларын және «Цифрлы Қазақстан» мем­­­­­лекеттік бағдар­ламасын әзірлеуге қатыс­тыңыз. Идея­ның бастау алуынан бас­тап бү­гінге дейін­гі уақытты қалай ба­ғалайсыз? Бағ­дар­ламаның орын­далу барысы қалай?

– «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітілді. Бағ­дарлама бірнеше бағыттардан тұрады. Ал білім сала­сындағы цифрландыру мәселесіне келсек, бұл – адами капиталды дамыту бағыты. Бұл бағыт білім берудің басқару жүйесін құру, бастауыш білім беруде бағдарламалау негіздерін 2-сыныптан енгізу, жетекші АКТ мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту сияқты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішін­де заманауи трендтерді ескере отырып, студенттердің цифр­лы дағдыларын арттыру мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарының базасында құзыреттілік орталықтарын ашу көзделген. Жалпы бағдарламаның орындалуы жақсы деңгейде деуімізге болады.

– «Бастауыш сыныптардың бағдар­лама­ла­ры балаға ауыр» деген пікір жиі айтылады. Бі­луімше, биыл «Инфор­матика» пәні 3-сыныптан басталады. Ал келесі жылдан бастап 1-2-сыныптарға енгізіледі екен. Бұл пәннің бағдарламасы бала­ларға ауырлық етпей ме?

–1-4-сыныптарға арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінде алдымен жаңартылған мазмұнда білім алушыларға компьютер туралы, қазіргі заманғы цифр­лы құрылғылар және олар­дың қоғамдағы рөлі туралы бастапқы ақпараттар беру, бі­лім алушылардың әртүрлі қолданбалы бағдарламаларды қол­дану арқылы өз идеяларын ұсыну дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ интернет желісінде жұмыс істеуге дағ­дыландыру қарастырылған. «Ақпараттық-коммуникациялық технология­лар» пәнін оқыту барысында көзделген басты мақсат – білім алушылардың оқу мен күнделікті өмірде есептей білу дағдыларын дамыту, робот техника, базалық білім, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс жасаудағы білік және дағдыларды тиімді қолдануын қамтамасыз ету. Жоғарыда айтып өткендей, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 2018-2019 оқу жылында 3-сыныптың оқу жоспарына енгізілді, 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныптарға енгізілуі жоспарланған.

– Иә, әңгімені «Электронды күнделік» жүйесіне қарай бұр­сақ. Бұл бастама қан­шалық­ты сәт­ті жүзеге асып жатыр? 

– Бүгінде электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі республика бойынша 6 мыңнан астам мектептерде енгізілді. Кез келген ата-ана ғаламтор арқылы сол жүйеге кіріп, баласының үлгерімін қадағалай алады. Бар­лық мектеп жүйеге құпия сөз және логин арқылы кіреді. Әр оқу жылына бір рет сабақ кестесі бекітіліп, автоматты түрде бар­лық тоқсанға қойылады. Мұғалім сабақ кестесіне сәйкес электронды журналға баға қояды. Баға автоматты түрде оқушының күн­­делігіне түседі. Жүйеде үйге бе­рілген тапсырма да көрініп тұрады. Бүгінгі таңда жүйеде 300 мыңға жуық мұғалім мен 2,5 млн астам оқушы және 1,5 млн астам ата-ана тіркеулі, жүйенің мобильді нұсқасы да әзірленді.

– «Электронды күнде­лік» жүйесі мұға­лім­дер­ді қа­ғазбастылықтан «құтқару­дың» бір жолы дедік. Алайда интернетпен толық қамтылмаған ауылдардың бар екені жасырын емес. Сондай шалғай бір ауылдардағы, күн­делікпен қоса оқу табелін қатар толты­рып жүрген мұғалімдердің «жұ­мысы» қа­шан жеңілдейді?

– Құжаттардың қайталануын және қағаз түрінде жүргізілуін болдырмау мақсатында Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №615 бұйрығымен «Білім беру ұйымдарымен білім беру қыз­метінде пайдаланылатын қатаң есептілік құжаттарының нысанын бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістерде орта бі­лім беру ұйымы электронды жүйеге қосылған кезде құжат­тар тек электронды түрде толтыры­латындығы мен оларды қағаздық нұсқада толтыру қажет еместігі айтылған. 

Сондай-ақ бүгінгі таңда шал­ғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі және мектептерде компьютер жетіспеушілік мәселесі бар. Біз бүкіләлемдік банкпен бірлесе 2020 жылға дейін техника сатып алуды және бұл мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Екіншіден, байланыс операторларымен бірлесіп білім ақпараттық жүйесінде жұмыс трафигі тегін болатын арнайы мұғалімдер үшін тариф жасау жоспарлануда. 

– Мұғалімдер мен ата-ана­ларға ақпа­рат­тық базаларды қолдануды үйрету оңай шаруа емес. Бұл мәселенің тағы қан­дай қиын­дықтары бар? Ата-аналар тарапынан қолдау бар ма?

– «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы шең­берінде республикада 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылық бойынша оқытылды. Оқыту курстары бірнеше дағдылар бойынша өткізілді. Айталық, «Базалық цифрлы дағдыларға» персоналдық компьютер мен ноутбукты, мобильдік құрыл­ғылар мен интернет желісін қолдануды жатқызуға болады. Ал «Электронды үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» дағдысы бойынша үйден шықпай «онлайн» элек­трондық мемлекеттік қызмет алу үшін «Электронды үкіметті» қолдану дағдыларын үйренді. Сонымен қатар ағымдағы жылы республикалық ата-аналар жиналысы өткізіліп, басқосу барысында ата-аналар білім беру ақпараттық жүйелерін қолдану тетіктерімен танысты. 

– Бүгінде робот техника, бағдар­ла­малау, 3D-принтинг клас­тары ашылу үстінде. IT технологиялар мен робот тех­ни­каны дамыту үшін басқа қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазіргі таңда жаңартылған орта бі­лім беру мазмұнын енгізу шеңберінде әзір­ленген ин­форматика және физика мұғалімдері үшін 5 білім беру бағдарламасы министрліктің бұйрығымен бекітілді. 2018 жылы министрлікпен білім беру ұйымдарында 3D-принтингті дамыту бойынша курстардың 3 білім беру бағдарламасы әзір­ленді. Ағымдағы жылы «Өр­леу» АҚ филиалдарында «Робо­т техника негіздері» білім беру бағдарламасы бойынша 2 500 педагогты оқыту жоспарланған. Сонымен қатар 3D-принтинг және бағдарламалау жөніндегі курстарды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданды. Атап айтсақ, Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында Нысаналы салыным шеңберінде биыл жазғы уақытта «Педагогикалық шеберлік орталығы» 80 сағаттық курста 50 жаттықтырушыны, қыркүйек-қараша аралығында өңірлердегі Назарбаев Зият­керлік мектептері базасын­да жалпы білім беретін мек­тептердің 1 500 информатика пәнінің мұғалім­деріне дәріс оқу жоспарланған. 

Сонымен қатар «Өрлеу» БАҰО АҚ базасында 1250 мұға­лімді 3D-принтинг және бағ­дарламалауға және 1250 мұ­ғалімді робот техникаға оқыту бойынша 2019 жылы курс­­­­­тарды ұйымдастыруға бюд­жеттік өтінім дайындалып, Қар­жы министрлігіне жібе­рілді. Министрлік 2018 жылдан бастап аталған білім беру бағдарламалары бойынша курс­тарда жалпы білім беретін мектептердегі 4 000 мұғалімді оқытуды жоспарлап отыр. 

Министрлік үшін барлық деректерді бір дерекқорға біріктіру, Big Data технология­ларын енгізу, онлайн-талдаулар жүргізу өте маңызды. Мұны Ерлан Сағадиев мырза­ да растады. Барлық жағдайларды бір си­­туациялық орталықтан басқару мүм­кін­дігі қашан өз нәтижесін береді?

– «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы шеңбе­рінде білім беруді басқару жүйесі білім алушылардың есебі мен қозғалысын, ресурстардың рес­пуб­ликалық есебін автоматтандыруды, кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру бо­йын­ша мемлекеттік тапсырыс бюджетін талдау мен жоспарлауды, білім беру ұйымдарын ресурстармен қамтамасыз ету­ді, білім беру ұйымдарының қызметін бақылауды жоспарлау мен жүргізуді көздейді. Жобаның негізгі мақсаты – білім алушылардың, оқытушылар мен әкімшілік құрамның, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру саласындағы білім беру ұйымдарының өмірлік циклін басқару және мониторинг жүр­гізу.

Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»