Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Алматының бүгінгі келбеті

847 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Азаттықтың алтын бесігі ару Алматының бүгінгі келбеті көңіл қуантады. Күн санап аумағы артқан алып шаһар тың тыныс алып, жаңаша тұрпатта дамып келеді. Еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 20,9 процентін, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 32 процентін, сауда операцияларының 41 процентін иеленіп, рес­пуб­ликадағы еңбекке жарамды халықтың 15%-ін жұмыспен қам­тып отырған Алматы – ел эконо­микасының күретамыры.

Алматының бүгінгі келбеті

Ерлан ОМАР

Таң қылаң бере тынымсыз тіршілігі басталатын Алматы – жастардың қаласы. Еліміздегі студенттердің жартысына жуығы осы Алматыдағы оқу ошақтарында білім алады. Жарқын болашақ ең алдымен ел ертеңі саналатын жастарды қолдаудан басталатынын Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, әлеуметтік бастамаларында баса айтып келе жатыр. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша таяудағы үш жыл ішінде қалада 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орындық 7 нысанның құрылысы бас­талып кеткен. Оның төртеуі биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Күн санап толағайдай толысқан алып қалада адам саны айтарлықтай артқан. Мұндай жағдайда азаматтарды баспанамен қамту бірінші кезектегі мәселе болып қала беретіні анық. Осы мақсатта іске қосылған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының қарқыны жаман емес. Аталған бағдарлама арқылы 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін банк­тен жеңілдетілген несие ала алады. «Алматы жас­тары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда қала бюджетінен 3 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 100-ден астам жас отбасы жеңілдетілген жағдайда пәтер алған болса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаймақ. Өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ке дейін көтерген. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде 1 млн шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді. 

Биыл реконструкция аясында Алматының бірқатар даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолдары кеңейтілді. Асфальттың орнына кеспе тастар төселіп, диодты жарық көздері, жаңа бағдаршамдар орнатылып, жаңа субұрқақтар қалаға сән-салтанат сыйлады. Тарихи маңызы зор айшықты ғимараттардың сырты мен кіреберістері жаңартылып, 800 шақырым аумаққа инженерлік желілер тартылды. Қазан айынан бастап жаңарған даңғылдарға жасыл желектер мен ағаштар отырғызылады. Жақын арада бірқатар көшеге заманауи және өте қолайлы көше жиһаздары да қойылмақ. Жалпы қала бойынша 524 көше жөнделіп, 1400 ескі аула жаңартылған. 300 шақырым қашықтықта арық салынып, біразы қайта жөндеуден өтті. Қаланың барлық жер асты өтпелі жолдары жаңарды. Жыл аяғына дейін жарық көздерінің үштен бірін жарық диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстыру көзделіп отыр. Былтырдан бастап «қоршаусыз қала» жобасы аясында қаладағы мәдениет ошақтары мен қоғамдық мекемелердің қоршауларын алып, ғимараттарды құрсаудан босату ісі қолға алынды. Бұл жоба шаһар кейпіне көрік қосқаны өз алдына, қала мәдениетіне жаңаша серпіліс әкеліп, халықты жаһандық үрдіске жетелегені анық байқалды. Қаланың тынысы кеңейіп, еркін тыныстағандай әсерге бөледі.

550 мың көлік ресми түрде тіркелген шаһарға, тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер саны 250 мыңға жуықтайды. Мұндай жағдайда қаладағы жүргізушілер мәдениеті мен тәртібін қалтқысыз қадағалау оңай шаруа емес. 2017 жылы қала көшелеріне қойылған 115 мың бейнекамераның көмегімен 1218 қылмыстың беті ашылып, 21 564 әкімшілік құқықбұзушылық айқындалған. Толассыз көліктер нөпірі қаланың экологиялық жағдайына да кері әсерін ти­гізбей қоймайтыны белгілі. Бұл мәселені оңтайлы шешу мақ­сатында бірқатар көшелер бір ба­ғыттық жүйеге көшіріліп, қо­ғамдық көліктердің рөлі арт­қан. Алматылықтар үшін би­ылғы басты жаңалық жалпы ұзын­дығы 8,7 шақырымды қам­титын Тимирязев және Жан­досов көшелерінің бойымен тартылған ВRТ көше-жол желісі. BRT автобус желісінде 17 бағыт бойынша 300-ден астам көлік бірлігі жүретін болады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, жыл аяғына дейін 18 метрлі автобустар жүре­тін қосымша бағыт ашу ісі де жоспарда бар.

«Жүргізілген сараптама 12 қыр­күйекте BRT желісін іске қо­су арқасында жолаушылар ағыны бір күнде 100-ден 142 мың адамға, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 процентке артқанын көрсетті», дейді басқарма мамандары. Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бүгінде автобус паркінде 1560 автобус есепке алын­ған. Өткен жылы қатарға қо­сылған 479 автобустың 80%-і жергілікті бюджеттен сатып алынса, биыл іске қосылатын 569 автобустың 65%-ін жеке компаниялар алды. Жыл соңына дейін шаһардағы қоғамдық көліктердің үлесін 80%-ке дейін жеткізу жос­парланып отыр. 

Алматыға сапары барысында Мемлекет басшысының назарына ұсынылған қаланы тиімді басқаруға арналған ауқымды мә­ліметтер (Big Data) платфор­ма­сын қамтитын ахуалдық ор­та­­лықтың қала дамуындағы ма­ңызы зор. Қалалық және рес­пуб­ликалық 10 жүйенің бірігуі ша­һардағы автотрафик, қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі, қыл­мыстық ахуал жөніндегі мә­лі­меттерді талдауға, сондай-ақ бюд­жеттің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. 

Шаһарда жуырда іске қосыл­ған электроавтобустардың үшін­ші буынын шығаратын зауыт жұмысының да қала өміріндегі орны айрықша. Аталған жобаны іске асыруға 15 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған. Оған мемлекеттік қолдау арқылы Алматы әкімдігі тарапынан жер телімі бөлінген. Сондай-ақ 2 миллиард теңгеге сумен қамту және электр желілері жүргізілген. Өнімділік қуаты жыл сайын 100 электрлі автобус шығаратын зауыт мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуға қауқарлы. 

Сөз басында тілге тиек ет­ке­німіздей, жастарды қолдау мақ­сатында 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық жол картасы жасалып, еліміздің әр аймағынан келген келешек буынды іскерлік пен түрлі кәсіпке баулитын лофт-орталық ашылды. Аталған ор­талықта 2,5 мың адамға тегін кә­сіби білім берілсе, қазірдің өзін­де 7,8 мың азамат тұрақты жұ­­мыспен қамтылған. 

Басты көрсеткіш сапалы білім десек, қала мектептерінде цифр­лы білім беру ресурстарын дамыту бойынша едәуір ілгерілеу байқалады. Оның бір ғана дәлелі, барлық мектеп кеңжолақты интернетке қосылған. Ағымдағы жылдан бастап қала аурухана­лары да тұтастай цифрлы фор­­матқа көшеді. Бұл қағаз­бас­тыл­ықтан арылып, жүйе жұ­мы­сын оңтайландыруға жол ашпақ. Өткен жылы цифрландыру бағдарламасы аясында барлық медициналық мекемеде электронды кезек жүйесі іске қосылған болатын.

Қалада биыл 12 шақырым жылу желісі, 23 шақырым электр желісі, 283 шақырым су құбыры мен 267 шақырым кәріз жүйесі қайта жасалды. Алдағы жылыту маусымына арналған көшпелі кеңесте қала басшысы Бауыржан Байбек қазіргі кезде білім, денсаулық сақтау нысандары мен қаланың тұрғын үй қоры алдағы жылыту маусымына 100% дайын екенін айтты. Энергетика кешені көмір мен мазуттың апатты жағдайдағы қорымен толық қамтамасыз етілген. Гидравликалық сынақ кезіндегі кемшіліктер толық қалпына келтірілген соң жылу жүйелері циркуляциялы режімге көшетін болады.

БҰҰ-ның өкілі А.Мунхтуя Алматыға келген бір сапарын­да дүние жүзі бойынша ең мәр­тебелі 15 қаланың тізімі жасалып жатқанын, оның қатарынан Алматының лайықты орын алуға мүмкіндігі зор екенін айтқан болатын. Алатаудың етегінен орын тепкен Алматының сән-сал­танаты мен тұмса табиға­ты табан тіреген жанды таңғалдырмауы мүмкін емес. Соңғы жылдардың көлемінде рухани, мәдени, эко­номикалық, әлеуметтік, жалпы қай жағынан болса да Алматының әлеуеті артып келе жатқаны анық байқалады. Осы­нау елеулі өзгерістер мың жылдық тарихы бар шаһардың шырайын ашып, мәртебесін асқақтата беретініне бек сенеміз. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ