Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Ұлттық музей мамандары жоғары топқа арналған семинарға қатысты

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Ұлттық музейдің мамандары Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Қытай Мәде­ниет министрлігінің ұйымдастыруымен Бейжің, Чанчунь, Харбин қалаларында музей ісін жүргізу бойынша жоғары топқа арналған семинарға қатысып қайтты. Музей мамандарының өзара тәжірибе алмасуы мақсатында ұйымдастырылған мұндай семинар осыдан екі жыл бұрын өткізілген болатын.

Ұлттық музей мамандары жоғары топқа арналған семинарға қатысты

Биылғы жиынға Ұлттық музейден 15 маман арнайы ша­қы­рылып, апта бойы көрші елдің тарихи-мәдени мұра­ларымен танысты. Одан бө­лек, семинар барысында Қы­тай музейлері туралы жалпы мағ­лұмат беріліп, ондағы мұра­жайлардың халықаралық дең­гейдегі қызметі туралы дәрістер тыңдалды.

ҚХР Мәдениет министрлігі Орталық кадрлар академия­сы Партия комитетінің хат­шы­сы Дуань Чжоуъу қазақ­стандық делегацияны қабыл­дау кезінде Қытай тарапы «Бір белдеу, бір жол» стра­тегиялық бағдарламасы бо­йын­ша Қазақстанды сенімді серік­тес санайтындығын, қос ел арасындағы мәдени ынты­мақтастықты дамыту басты мақсат екенін атап өтті. Әр елдің тарихын жә­дігер арқылы сақтап, ұр­пақ­қа жеткізуде қашанда рөлі айрықша саналатын музей саласына кеңінен тоқталды. «Музей – кешегі өткен тарихы­мызды баяндап, келешек ұр­паққа жеткізуші қадірлі орын. Соңғы жылдары Қытайдағы музей қызметі қарқынды дамып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде олар экспонатты сақтаумен қатар, зерттеу, көрмелер ұйымдастыру және жұртшылық назарына ұсынумен айналысады. Осы бағытта қазақстандық музей ма­мандарымен тәжірибе алмасып, бұдан әрі де мәдени қарым-қатынасымызды жалғастыра бергіміз келеді», деді. 

Қазіргі кезде ҚХР-да жалпы саны 4873 музей бар. Оның ішінде мемлекеттік музей – 4873, жекеменшік музей саны – 1297. Жекеменшіктері жал­пы музейлердің 30 пайызын құрайды. Бір ерекшелігі, олар­дың 80 пайызы халыққа тегін қызмет көрсетеді. Сондықтан да болар, қазақстандық музей қызметкерлері бас сұқ­қан Қытай Ұлттық, Гугун, Маньчжо́у-го «Қуыр­шақ мем­лекеті», Цзилинь, Хэй­лун­цзян музейлерінің қай-қайсысына да келушілер көп. Орта есеппен жылына музейді тамашалаушылар саны 500-600 млн-ды құрайды екен. Ал бір жылда өткізілетін көрме саны орта есеппен – 22 000, ал 2016 жылы ең жоғарғы көрсеткіш бойынша көрме саны 30 мыңға жеткен. Қытай музейлерінде сақталып тұрған экспонаттар саны шамамен – 306 млн. Ал кейінгі кездері жылдан-жылға дамып келе жатқан музей саласы бойынша ЖОО-да жаңа мамандықтар ашылған. 2016 жылғы көрсеткіш бойынша 47 университетте бакалавриат, 34 университетте магистратура негізінде мамандар даярлануда. 

Аталған іссапар барысында Ұлттық музей мамандары шетелдік музейлер ісін та­нып, көп мағлұмат алып қайт­ты. Қазақстанға арнайы ке­летін саяхатшылардың елдің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген қызығу­шылы­ғын арттыру үшін бұл сала­дағы қыз­меткерлерге әлемдік де­ңгейдегі тәжірибе артықтық етпейді. 

Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,

Ұлттық музейдің қызметкері