Аймақтар • 03 Қазан, 2018

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Ардагерлер кеңесі есеп берді

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Ардагерлер кеңесінің жылдық қорытынды есебі тыңдалды.

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Ардагерлер кеңесі есеп берді

Жиналысқа «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төраға орынбасары Н.Тумышев, аудан-қалалардың төраға орынбасарлары, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Қабылданған ережеге сәйкес кеңестің құрамына 11 ардагер сайланды. Кеңес төрағасы болып Ережепов Қайролла тағайындалды.

Ардагерлер кеңесін құрудағы басты мақсат – қоғам өмірін рухани жағынан жаңғырту ісіне ардагерлердің белсенді түрде араласуын қадағалау. Әсіресе, жетекші партияның алғы шебіндегі азаматтардың өмірлік тәжірибесін, ақыл-кеңесін барынша тиімді пайдалану қажеттігіне назар аудартып, осы бағыттағы атқарылатын жұмыстарды пысықтап алу.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ережеповтің айтуынша, белсенді қарттарды қоғамдық жұмыстарға тарту маңызды.

- Облыс бойынша жалпы алғанда ардагерлер саны жастары бойынша есептегенде 2 мыңнан асады. Тізімге енбегендер қаншама, олардың барлығын тізімге қосу жоспарда бар. Ардагерлер арасынан аудан-қалаларға тәлімгерлер бекіту туралы шешім қабылданып, партия филиалдарының төраға орынбасарларымен арнайы жиындар өткізіліп тұрады. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған тұжырымдарды, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын халыққа түсіндіру және жүзеге асыру шараларына ардагерлер кеңесі белсене араласып келеді,  деп түсіндірді Қ.Ережепов.

Есеп беру соңында ардагерлер өздерінің ұсыныстарын білдірді. Біріншіден, дуалды білім беру жөнінде отырыс өткізу, Астрахань – Атырау – Ақтау кеме тасымалын қалпына келтіру, қала ішіндегі аялдама атауларын жөнге келтіру, Маңғыстау өңіріне еңбегі сіңген қайраткерлерге көше аттарын беру және ескерткіштер орнату, Ақтау-Форт-Шевченко автожолының 14-28 шаршы шықырым бөлігінің 4 шақырымына жарық беру мәселесі көтерілді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы