Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Сымбат Әбдірахманова балақайларды дамытатын мультфильмдер жасайды

1266 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір асаба той үстінде жас баланы қасына шақырып, есімінің қа­лай қойылғанын, қандай мағына беретінін сұрады. Әп-әдемі есі­­­­мінің тарихын айтып бере ал­маған балақай есесіне шетел актерлері мен мультфильміндегі басты тұлғаларды айтуға келгенде қамшы салдырмады. Қо­быланды, Алпамыс батырды естіген, анық білмейді. Ал шетелдік жұлдыздарды санап беруде мүдірмейді. 

Сымбат Әбдірахманова балақайларды дамытатын мультфильмдер жасайды

Кінә балақайда емес, оларға қызығатындай танымдық дүние жасап бере алмай отырған үлкен­­дердің өзінде болса керек. Жас бүлдіршіндер үшін мұндайда мультфильмдердің орны бөлек.

Осындай танымдық фильмді Қызылорда облысының тумасы, аудармашы, психолог Сымбат Әбдірахманова жасап жүр.

Бүгінде елімізде сапалы анимациялық фильмдер аз. Ал киелі Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін мультфильм атаулысы жоққа тән екен.

Бал қызық балалыққа өңірдің тарихы мен киелі жерлерін, сұлу табиғаты мен ғажап тұлға­ларын насихаттау үшін таным­дық дүниелердің қажеттігі ай­қын аңғарылған соң Сымбат тәуекелге мініпті.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының был­тырғы жеңімпазы Сымбат Әбді­рахма­нова «Сиқырлы кілт» анима­циялық мультфильміне алты ай уақытын сарп еткен. Мульт­фильмнің жасалуына «Bilim Foundation» қоғамдық қоры да демеушілік көрсеткен.

– Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтер мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ кейіпкерлердің үніне облысқа танымал әртістердің дауысы пайдаланылды, – дейді Сымбат. 

Сымбат Әбдірахманова, сонымен қатар балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мульт­фильмдер жасап шыққан айтулы маман. Әрине мұндай үлкен жобаларды жүзеге асыру тек іскерлікті, білімділікті ғана талап етпейді. Қазақстанның «100 жаңа есімі» қатарына кірген Сымбат Әбдірахманова туралы тереңірек айтар болсақ, оның өмір жолына үңілуге тура келеді.

Қызылорда қаласының тумасы Сымбат Әбдірахманова Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдер университетінде 2005-2009 жылы «филология» мамандығын тәмамдаған. 2007 жылы Иран мемлекетінің «Таботабой» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алған. 2007-2009 жылдары Иран Ислам Республикасының Қа­зақ­стан­дағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары «ілеспе аудар­машы» мамандығы бойынша магистратурада білімін шың­дады. 2012 жылдан бас­тап Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Сымбаттың психология сала­сында да еңбегі зор. Ол – «Компь­ютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасын­дағы психологиялық жобаның, «Кәмелетке толма­ғандар арасындағы суицидтер превенциясы» БҰҰ балалар қоры жобасының, сондай-ақ «Ло­горитмика» әдістемелік құралдарының авторы. 2016 жылы Испания мемлекетінің Овьедо қаласында өткізілген он алтыншы «Суицид және суи­цидалды әрекет» тақыры­бын­дағы Еуропалық симпозиумда «Қазақстандағы кәме­летке тол­мағандар арасында суи­цид­тер­дің алдын алу: Қы­зылорда облысының тәжірибесі» деп аталатын баяндама жасап, әлем сарапшыларымен өз тәжіри­бе­сі­мен бөлісті.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы былай дейді:

– 2012 жылы облыстық оқу орталығына жұмысқа тұрған болатынмын. Сол кезде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасай бастадым. Осы балаларға қандай да бір көмек, қолұшын бергім келді. Логопед мамандарға көмегі тиетін, балаларды дамытатын отандық фильм­дер жасап шығардым.

Бүгінде ересектерді қойып жас балалардың арасында өз-өзіне қол жұмсайтын оқиғалар көбейіп кетті. Сымбат Әбдірахманова осы келеңсіз құбылыстың алдын алу бағытында да жемісті жұмыс жасап жүр.

– Біз жасаған бағдарламада бала тест тапсырып, автоматты түрде жауабы шығады. Психолог оны көре отырып, қай баламен әрі қарай жұмыс жасау керектігін өзі сараптап алады. Алдағы уа­қыт­та бұл жобаны республика көлемінде тарату бойынша жұ­мыс жасалып жатыр, – дейді ол.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы