Қазақстан • 04 Қазан, 2018

Жетісудың «Жыл мұғалімі» анықталды

782 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұғалімдер күніне орай өткен салтанатты жиында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аймақ ұстаздарын мерекемен құттықтады.

Жетісудың «Жыл мұғалімі» анықталды

Аймақтың аяулы ұстаздарын кәсіби мереке қарасаңында Талдықорған қаласына жинап, салтанатты жағдайда марапаттау жыл сайынғы дәстүрге айналған. Әсіресе, «Жыл мұғалімі-2018» аталымы бойынша жеңімпаз болған ұстазға ерекше құрмет көрсетіліп, автокөлік сыйға беріледі. Биыл бұл құрметке  Жамбыл ауданы Әсет Бейсеуов атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алма Мақанова ие болды. Білімі мен білігін бала тәрбиесіне арнап, мектеп табылдырығын алғаш аттаған бүлдіршінге әріп танытуды парызым деп санайтын Алма ұстаздың еңбегі жанып, Жетісудың «Жыл мұғалімі» атанды.

Жалпы, Алматы облысында білім беру мен бала тәрбиесіне лайықты көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, жас ұрпақтың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Мысалға, жақында басталған оқу жылына орай бірден  7 мектеп пайдалануға берілсе, жақын күндері облыста тағы 2 мектеп есік ашады. Бұл аймақтағы білім алуға деген сұраныстың жоғары екенін байқатады. Оның бір дәлелін биыл тұңғыш рет мектеп табылдырығын аттаған оқушылардың жалпы саны 45 мыңға жеткендігінен де көруге болады.

Ал білім мен тәрбие беру ісінде облыс ұстаздары нәтижелі. Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада еңбегі жанған бір топ мұғалімдер ұжымына құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, облыстың «Үздік педагогикалық ұжымы» болып Талдықорған қаласындағы М.Арын атындағы бизнес және экономика лицейі танылса, «Үздік ауыл мектебі» ретінде Қарасай ауданының Жамбыл атындағы орта мектебі танылды. Мұнан бөлек «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» аталымдары бойынша да топжарғандар анықталып, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы