Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда термешілер байқауы өтті

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теріскейдің өнерсүйер қауымына жыршы-термешілер арасындағы сайыстардың соңғы рет қай жылы өтті деген сауал қойыла қалса, күмілжіп қалары анық.

Солтүстік Қазақстанда термешілер байқауы өтті

Әрине, ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз.  Десек те өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алматыдан  арнайы оқу орнын бітіріп, жолдамамен келген Асқар, Шәкизада Байбатшановтар секілді жас мамандардың мұрындық болуымен қазақтың ежелден келе жатқан көне дәстүрі қараңғы түнде ойнаған найзағайдай жарқ ете қалып, жалп етіп өшкен. Осылайша ұлттық құндылықтарға ынтызар жұртшылықтың шөліркеген көңілін баса алмай опындырған. Ол кездері есімдері елге белгісіз әкелі-балалы Сәдіреевтер осындай  додаларда жалпақ жұртқа танылып, республикада облыс намысын асырған болатын. «Көзден кетсе де көңілден кетпейді» демекші, тамырынан үзіліңкіреп қалған термешілер байқауы қайта жаңғырып, сөз зергері Ғабит Мүсірепов атындағы шалғай ауданда  еңсесін тіктеп, бойын түзегені қуантады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Текті сөздің төресі –терме» байқауы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, мәдениет үйіне жиналған көрермендер ерекше әсер алды. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын аудан әкімі Болат Жұмабеков  мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқтала келіп, тіл жанашырларын марапаттады. Орталықтандырылған аурухана «Тіл саясатын белсенді қолдаушы мекеме» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Көгалажар елді мекені «Мемлекеттік тілді қолдаудағы үздік ауылдық округ» аталамына ие болды.  Ауданның құрметті азаматы Иманбай Тасмағамбетов  «Тіл жанашыры» аталымына лайық деп танылды.

Бұдан кейін қалалық, аудандық сындардан мүдірмей өткен термешілер тәуелсіздіктің арайлы таңы, достық, бірлік, Алашорданың ғасырлық тойы, тағы басқа  саналуан  тақырыптарды кеңінен толғап, жырға қосты.  Қазылар алқасы қатысушылардың сахналық  мәдениетін, орындау шеберлігін, тіл әуезділігін басты назарда ұстады. Бас жүлде бірауыздан облыстық филармонияның әншісі  Ғалымжан Нұрпейісовке берілді. Екінші, үшінші орындарды Ақжар ауданының өкілі  Нұрқасым Хасенов пен айыртаулық Таңнұр Әлбосын бөлісті. Үшінші орын Қызылжар ауданының үкілеп қосқан үміті Дамир Есболовқа, «Көрермен көзайымы» жүлдесі Есіл ауданынан келген  Зейін Мұқиятқа бұйырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы