Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Құлбек ЕРГӨБЕК. Түркістанның түлеуі

967 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ТҮРКІСТАН – ұлы ұғым. Ол бүкіл Орталық Азияны қамтыған. Бүгінгі Түркістан тарихына тереңдей бастасаң V-VІІ ғасырлардағы Түркі қағанатына барып бір-ақ тірелесің.

Құлбек ЕРГӨБЕК. Түркістанның түлеуі

Кезіндегі ұлы қағанат­тардан қалған жұрнақ – Түркі­стан. Ұғым – ұлы, шаһар – шарқы. Ұлы болу­ды армандайтын ел өткен тарихына салауат айтып қарап отырмай, оған пер­­зент­тік көзқараста, қарыздар бейілде болу­ға тиісті. Елбасы Түркістан облысы жасақ­талсын, орталығы Түркістан қала­сы болсын деп Жарлыққа қол қой­ғалы да үш айдың жүзі! Ел қуанып қа­был­дады. Түркістандықтар шаттанды. Енді, міне, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістанға арнайы атбасын бұрып Түркістан облысын, облыс орталығын жасақтау жөніндегі тұжырымдамасын мақұлдады. Осы Тәуелсіздік жылдары өзі өсірген айтулы кәсіпкерлер мен шетел алпауыт кәсіпорын жетекшілеріне Түркістанның қадір-қасиетін жеткізе айтып: «Сен мынаны сал!», «Сен ананы сал!» – деп нығырлай тапсырма берді. 

Кешегі кеңестік кезеңде жалпы түркілік ат-атағы, дүбірлеген даңқы үшін-ақ қағажу көріп қақпай қалған жәдігер шаһар ең алғаш Тәуелсіздікпен бірге түлей бастады. Түрлі сылтаумен алып кетіп, Санкт-Петербургтегі әлемдік өнер ғажайыбы Эрмитаждың жертөлесіне тасталған ырыс тасытар Тайқазан қоғам қайраткері, этнолог Өзбекәлі Жәнібектің күш салуымен тарихи орны Түркістан төріне қайтарылды. Ырыс символы – Тайқазанды қайтару жолында Өзекең Эрмитаж директоры, тамаша тарихшы-ғалым Михаил Пиотровскийді өзіне әріптес етіп ала білді. Екеуі Ресей басшылары алдында бірге қимылдады. Ақыры Түркістаннан арнайы делегация барып, орта ғасырларда Қарнақта құйыл­ған Тайқазанды Эрмитаждан сәл-пәл ақауымен алып қайтты. Халқымызға ырыс-құты оралды деп алақайлап қуандық. Тайқазанның тарихын біле­тін, отызыншы жылдары алып кет­кенде жылап қалған бір-екі бала жарты ғасыр өткенде сақалы қауқиған қария­ға айналып, қуаныштан қайта жылап тұрды. Шамдал, шырағдан секілді асыл бұйымдарымыз әлі күнге Санкт-Петербургте сақталып келеді.

1991 жылы Н.Ә.Назарбаев «Түркі­стан мемлекеттік университеті ашылсын. Оған Қ.Ясауи аты берілсін» – деп Жарлыққа қол қойды. Азғантай ғалым-оқытушылармен М.Жұрынов университет жасақтауға кірісіп кетті. Оқу ор­нын қалыптастырамыз деп келген но­ғай нәсілдес тарихшы-профессор Качикаев ақ шаңға оранып жатқан мігірсіз Түркістанды көріп үміті оянбай, көрпе-төсегін жинап іле салқын үйлі, салулы төсегін аңсап еліне тайып тұрды. Жәй кетпей «Казахстанская правда» газеті бетінде «Болашағы жоқ оқу орны» деген күйелеш мақала жариялап кетті. Есесіне Н.Ә.Назарбаев Түркия респуб­ликасы Президентімен келісе отырып 1992 жылдан бастап оқу орнын Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне айналдырды. Шүкір, Тәуелсіздік таңымен таласа жұмысын бастаған университет Түркістанды өркениет биігіне көтерісіп, жасап келеді. Түркілік арғы дәуірлерден арып-ашып жеткен жәдігер шаһар – Түркістанды бойтұмар етіп жүрегінде ұстап қаншама көп ұлтты түлектеріміз білім алып, өз елдеріне самғап, парлап ұшып кетіп жатты. Университет түлектерінің алды алыс-жақын шет елдерде, өзімізде түрлі қызметтерде жүр. Басшы да, қосшы да бар олардың арасында.

Түркістан шын мәнінде, алғаш рет еңсесін 1500 жылдық мерейтойы тұ­сын­да тіктеді. Облыс әкімі болып па­йым­ды басшы, іскер азамат Бердібек Сапар­­баевтың келуімен ақ шаңға оранып жат­қан ескерусіз ескі қаланы жаңарту, жаң­ғырту бағдарламасы жасалды. 

Әлемді архитектуралық сән-салтана­тымен таңғалдыратын көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тәуелсіздік рухымен қайта жаңғырды. ЮНЕСКО арқылы қорғалатын көне ескерткіш­тің ажары ашылды. Түркі мемлекет­тері президенттері Түркістанда бас қос­ты. Ақылдаса келе алынған шешім­дер білікті қаламгер Шерхан Мұртаза қаламы арқылы «Түркістан Деклара­циясы» ата­нып, «Егемен Қазақ­стан» арқылы алты Алашқа тарады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз ендігі жер­де түркі мемлекеттері басшылары Түркі­станда бас қосып тұратын боламыз», – деді. «Ясауи университеті – келе­шекте түркі халықтары, түрік ұлт-ұлыс­тарына ортақ оқу орнына ай­на­лады», деді Елбасы келешекті көз­дей. «Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті» – деп те міндет жүктеді Елбасы. Жәдігер шаһар­дың 1500 жылдық тойы тұсында туысқан елдердің басшылары алдында «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Той Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», деді алдағы міндеттерді нақтылай. «Түркістан ендігі жерде түркі халықтарының рухани астанасы ретінде гүлденуге тиісті», деді тағы бір тарихи сапарында. 

Көріп отырғанымыздай, Елбасы Түркі­станды облыс орталығына айнал­дыру­дың амалын Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастады десек жарасады.

Жарлыққа қол қойды. Тарихи шешім жасалды. Қайталап айтамыз, бұл бір қазақ халқы ғана емес, күллі түр­кі дүниесі көптен күткен қуаныш. Әсі­ресе түркі халықтары бұл тарихи сәтті зор қуанышпен қарсы ал­ды. Об­лыстың жаңа әкіміне түр­ко­лог ғалым (алтаист) Жансейіт Түй­­ме­баев­тың таңдалуы барынша қайырлы сәт! Түркістан облысын жаңа­ша жа­сақ­тау тұжырымдамасының қабыл­­дануына бауырлас Түркиядан кәсіп­кер­лердің барынша молынан тартылуы жаңа облыстың жаңа басшы­сының әсері. Қазірдің өзінде Түркия кәсіп­кері 200 гектар жерге жылыжай орна­ластыруға кірісіп кетуі бұл тарап­тағы игіліктің бастамасы.

Тәуелсіздік таңынан бері Елбасы Түркістанды үзіліс-үздіксіз қолдаумен келеді. Ілгерішіл басшы, ілкімді қосшы болып жұдырықтай жұмылса, түркі дүниесінен инвестиция тартылса – жұмыла көтеріп Елбасының Түркістан жөніндегі тарихи шешімін жүзеге асыру қиынға түспейтіні көрініп тұр. Бұл экономикалық ынтымақты ғана тілемейді. Сонымен бірге тарихи тамыры бір түркі халықтарының басын біріктіретін қолайлы сәт болғалы тұрғанын айту парыз.

Түркістандағы тарихи жиын Елба­сы­ның халықаралық беделін де айқын көрсетті. Елбасы шетелден келген инвес­торларға да мейлінше молынан міндет жүктеді. Александр Белович Түркістанға әмбебап театр ғимаратын, Канг Джон Дэ тұрғын үй құрылысын салып беретін болып уәде етті. Патох Шодиев «Түркі халықтары музейін» салуға бел байлады.

Отандық кәсіпкерлер Айдын Рахым­­баев «Қазақ хандары, билері және батырлары орталығын», Нұр­лан Сма­ғұлов көлік салонын, Данияр Абыл­ғазин жүзу орталығын тұрғы­затын болып келісті.

Айтылған анықтамалықтың ту сыртында барлық облыс, тіпті аудандардың қосар үлесі өз алдына. Осының баршасын көзге елестетіп, көңілге түйгенде тарихтың көзінен, тағ­дыр­дың тезінен қиналып өтіп келе жат­қан жәдігер шаһар облыс орталығына бас-аяғы төрт-бес жылда айналып гүл­дей­тініне күмән қалмайды. Сан ғасырлап айналасына өркениет шуағын шаш­қан, мәдени де экономикалық шарапа­тын тигізген Түркістан енді облыс ор­талығы райында Қаратау мен Ала­тау­ды ен жайлап, Сыр-ананы түркі халық­тарымен тел еміп жатқан әлденеше аудан­ның бағын ашатын орталыққа айна­ла­ды. Тарих-соқпағында сан рет ғажап гүлдеп бой түзеген, жой­қын шап­қыншылықтарда сан рет сансырап күл-талқаны шығып тоқыраған Түркістан ендігі жерде Мәңгілік елдің қуатты қанатына айналып, шырқау биік­ке көтеріледі, «Түркі халықтарының руха­ни астанасына айналады!» Елбасы Тәуелсіздіктің ақ таңнан тартып сатылап дайындап, бүгін тарихи шешім жасаған Түркі­станның – күллі түркі халқы тари­хындағы орны ерен жәді­гер шаһардың келешегі кеніш! Түркістан түлей бастады. Түркі­стан ТҮРІКСТАНҒА айналып түлеріне сенім зор!

Құлбек ЕРГӨБЕК

ТҮРКІСТАН