Медицина • 05 Қазан, 2018

Емхана жекешелендірудің нәтижесі қандай?

1360 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 42 мемлекеттік, 76 жекеменшік аурухана, емхана халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Биыл 7 емдеу орны мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі, жекешелендіру, сенімді басқару тетіктері арқылы бәсекелестік ортаға жіберілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында құны 1,1 млрд теңге тұратын 4 жоба іске қосылмақ.

Емхана жекешелендірудің нәтижесі қандай?

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірдегі денсаулық сақтау саласында жүзеге асқан жаңашыл жобалар нәтижесінде бюджетке түсетін жүктеме 2,2 млрд теңгеге азайған. 

Облыс орталығындағы №1, №2 емханалар өткен жылы сенім­ді басқаруға берілді. Мысалы, №1 емхананы өткен жылы жергілік­ті «Қоңырбеков» жеке кәсіп­керлігі сенімді басқаруға алды. Емхананың бас дәрігері Алтай Төребаевтың айтуынша, жекенің қолына өту жұмысы басталғанда дәрігерлер арасында сенімсіздік байқалыпты.

Қазір емхана тұрақты түрде бұрынғыдай жұмыс жасауда, мамандарды қысқарту болған жоқ. Инвестордың қаражатына ультрадыбыстық зерттеу аппараты да сатып алыныпты. Келесі жылы тағы да қажетті құрылғы­лар сатып алынбақ. Емханада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Емделушілерге жағдай жасап, күндізгі стационардың негізінде дәрігерлік ем жасау қызметтері жақсарады. Қаланың әр жерінде тұратын емделушілерге емханаға қарасты жеке амбулаторлық бөлімшелер ашу да жоспарланған. Мақсат – дәрігердің қабылдауына келетін кезек санын азайту.

Бүгінде №1 емхана элек­­трон­ды кезекке көшкен. Ем­де­­­­лу­­шілер үшін екі терминал ор­­на­­тылған. Емдеу меке­месі «Ин­­фо­­мед» мобильді қосым­ша­­мен жұ­мыс істейді. Мед­и­ци­на­лық құжаттар сандық жүйеге көші­рілуде. Емделушілер дәрігер қа­был­дауына мобильді қосым­ша ар­қылы да жазыла алады. Былтыр емханаға тіркелген тұр­­ғын­­дардың саны 70 мыңға жетіпті. 

Ал қалалық №2 емхананы «Almaz Media Group» компания­­­­сы жекеменшікке алған. Ком­пания денсаулық сақтау саласын­да бұрыннан бері жұмыс жа­саған екен. Аталған емханада мате­риал­дық-техникалық негізін жаңа заман талаптарына сай дамыту үс­тінде деуге болады. Бір ғана тіркеу бөлімінен бастап, бүкіл құрал-жабдықтар жаңарыпты. Бұрынғы ұзын-сонар кезек те азайған. 

Емхана басшысы Майра Сә­лімбаеваның айтуынша, бұл емхана дәрігерлері де бұрынғы­дай қызмет етуде. Емхана цифр­ландыру жүйесіне көшкен. Емхананың тіркеуінде 64100 адам бар. Олардың бәріне электронды құжат ашылған. Емделушілер үшін «Damumed» мобильді қо­сымшасы жұмыс іс­­­тей­ді. Бұл арқылы тұрғындар үйде оты­рып-ақ дәрігердің қарауына жазыла алады. Қосымшамен жұмыс істеуді үйрететін арнайы мамандар үшін жеке орын да белгіленген. Ем­­­ха­наның тіркеуінде тұрған 5500 тұрғын мобильді қосымшаға қосылған. 

Сонымен қатар емделушілер емхана сайты мен Call-орта­лық арқылы жазыла алады. Тұр­ғындардың қоңырауын қабыл­дайтын арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Емделушілер үшін күту залы ашылды. Кезек электронды форматта жүзеге асырылуда. 

Бұдан басқа, облыстық ден­саулық сақтау басқармасының мәліметінше, жалпы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында облыс орталығындағы №1 қалалық ауруханада, Екібастұз қалалық ауруханасында, Ғ.Сұл­танов атындағы облыстық ауруханада компьютерлік томогра­фиялар орнатылыпты. 

Осылармен қатар облыс ор­та­лығына қарасты Павлодар ауы­лындағы 2015 жылдары пай­далануға берілген дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимара­тын да жеке кәсіпкер басқару­да. Қалаға қарасты Кенжекөл ауылында да солай. Яғни сатып алу құқығынсыз сенімді бас­қаруға берілген. Кенжекөл ауы­лындағы дәрігерлік амбула­то­рияға 24,8 миллион теңге инвестиция тартылмақ. Екібастұз қаласындағы №1 емхана да сенімді басқаруға өтті. Жобаның құны – 173,5 млн теңге. Оның аясында рентген мен ультрадыбыстық зерттеу аппараты алынып, емхана күрделі жөндеуден өтті. Қалалық аурухананы да қайта жөндеп, компьютерлік томография орнату жоспарланған. Инвестор өз қаражатына бұл жұмыстарды жасағаннан кейін, жұмсалған шығын бюджет есебінен 2025 жылға дейін қайтарылады. 

Әрине, алғашында бізде бәрі де жақсы-ақ. Біз жоғарыда жаз­­­ған, өзіміз ем алатын пациенті бол­ғандықтан, күнделікті өмірде №1 емханаға барып көріп жүрміз. Бірақ бас дәрігерлер бәрі жақ­сы дегенмен де, кемшіліктер аз емес. Дәрігердің кабинеті алдында кезек күтушілер сол бұрынғыдай. Кезек күтушілердің «Кім соңы?», «Мен бірінші келдім», «Кезексіз қайда барасыз?» «Қағаз көрсетіп қана шығамын» дегендей ренішті жағдайлары әлі де орын алуда. 

№1 емханаға барар алдында 3 қазан күні қабылдауға 39-07-79 телефоны арқылы жазылдым. Қабылдаушы қыз, «Жақсы, 10.37 сіздің кезегіңіз. Уақытында келіңіз» деді. Бірақ өкінішке қарай, дәл уақытында келіп, алдын ала жазылсақ та «жазылған дегенді білмейміз, тірі кезекке тұру керек» деп кезекте келіп отырғандар шу ете түсті. 

Бұл кімнің кінәсі? Дәрігер есік сыртына тізім бойынша уақытын көрсетіп, өздері жазып қойған телефон арқылы жазылған адамдарды қабылдай алмай отыр. 

– Бізде жүктеме өте ауыр, – дейді емхананың 9 бөлімшесінің терапевт дәрігері Аққайша Сма­қова, – адамдар өте көп, күніне 40-тан астам науқас қабылдаймыз. 

Жүктемелерінің ауыр болатын себебі, әр бөлімшеге бө­лінетін Аққайша сияқты терапевт дәрігерлер таңертең үлкен­дерді, түстен кейін балаларды қабылдайды. Көз дәрігері сияқты аса қажетті мамандар емханаға аптасына екі-ақ рет келіп, қабылдау жасайды. Мамандар тапшы.

Дәрігер Аққайша Смақова­ның кабинеті қасындағы көмекші екі медбике қызбен бірге абыр-сабыр. Біреу келіп, біреу шығып жатыр. Төменгі қабатта арнайы киімілгіш болса да, келетіндердің көпшілігі сырт киімде. Сырт киімдерімен емхана ішінде жүре береді. 

Ең қолайсыз жері облыс ор­талығындағы қала халқының 70 мыңдай тұрғынына қызмет көрсететін емхана ішіндегі дәрет­хана әр қабатта біреуден ғана. Оның өзіне жөндеу жүргізілмей, жалғыз дәретханаға ерлер де, әйел­дер де, балалар да кіріп-шығып жатыр. 

Ол қала берді, төменгі қабат­тың жылумен су құбырлары жү­ретін жерінде асхана ашылыпты. Кіреберісіне «бізде арзан» деп жазып қойған. Тазалығы, қауіпсіздігі сақталмаған асханадан дәрігерлер қалай тамақ ішеді деген ой туады?

Мәселе аз емес. Емхананы сатып алғандар «бізде бәрі сан­дық жүйе бойынша жасалуда, бәрі керемет» деп 1-ші қабатты жарқыратып қойғанша, жалпы емхананың ішкі жүйесі мен негіз­гі тәртібіне назар аударса. Ондай жерге мықты кәсіби маманданған менеджменттік жүйе қажет. Осы мәселе байқалмай тұр. Бір сөзбен айтқанда, емхана қабаттарын аралап көріп, халықпен сөйлесіп барып жұмыс жасаған дұрыс болар. Кезек демекші, кезекке жазылатын адам қай телефонға хабарласарын да білмейді. 

Өйткені 39-07-79 деген дәрі­герге қабылдауға жазылатын телефон нөмірі емхана ішіндегі кіреберісте үлкен сандармен жазылып көрсетілмеген. Жай бір шетте қалың ақпараттың ішінен үңіліп, әзер тауып аласыз. 

Түптеп келгенде, жаңа­шыл­дыққа ілесе кету оңай емес. Бірақ осы жаңашылдыққа халықты үйрететін дәрігерлердің өздері, емхана басшылығы, емхана ішіндегі қажетті құрылымдар болуы керек. Өз кезегінде бұ­рын­нан қызмет етіп келе жат­қан дәрігерлерден «емхана жекешеленді, қандай өзгеріс бар? десеңіз, «сол бұрынғыдай» деген жауап естисіз. Қаптаған шетелдік құрал-жабдықтар келді, сандық форматқа көшсек те, сана өзгермейтіні сол бұрынғыдай жұмыс жасайтынымыз, өзгергіміз келмейтіні қиын-ақ. 

 Мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағытын дамыту үшін өңірлік құзырлы салалық бас­қар­маларда әріптестікті жетіл­ді­румен айналысатын білікті мамандар болу керектігі бәрімізге де белгілі. Осы бағытта жұмыс жасауға, дамытуға қызығушылық керек. 

Мәселенің мәнісі – келісім­шарт­қа сәйкес, кәсіпкерлер 2017-2022 жылдар аралығында өздері жекеменшікке алған емхана, амбулаторияны басқарып, мерзім аяқталған соң мемлекетке қайтарады. Елімізде тегін ме­дициналық көмектің кепілден­дірілген көлемі аясында әрбір тұрғын үшін бюджеттен қаржы бөлінетіні белгілі. 

Мысалы Павлодар ауылын­дағы дәрігерлік амбулаторияда 6255 адам тіркеуде тұр делік. Сондықтан бюджеттен әрбір тұр­ғынға бөлінген қаржыны қайда жұмсау керек екенін сенімді басқаруға алған инвестор шешеді. Және де қаржы қызметкерлердің жалақысын беруге, коммуналдық қызметтер мен басқа шығындарды өтеуге пайдаланылады. Сонымен бірге бұл іске кәсіпкер өзінің инвестициясын да салуы тиіс. 

Жекеменшік әріптестік аясында келісімшарт жасалып, кәсіпкер емхана немесе ауруханаға қа­жетті құрал-жабдықтар сатып алады, мемлекетке бірнеше жыл көлемінде ақшасын өтеп, қары­зынан құтылады. Артық па­йыз­дық үстемеақы төлемейді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының стратегиялық даму және инновациялық технологиялар бөлімінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласында мем­лекет-жекеменшік әріптестігінің қолға алына баста­ғаны тұрғындар үшін де, дәрі­герлер үшін де тиімді. Жаңа за­­ман­­ның медициналық құрал-жаб­­дықтарының келуімен емдеу сапа­сы жақсарады, бұл емдеу орын­дарының қуаттылығын арттырады.

– Еліміздің Экономика ми­нис­трлігі тарапынан әр өңірге мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі мақсатты жүзеге асыру үшін белгілі бір көлемде шектеу белгіленеді. Біздің облыс үшін белгіленген меже – 28 млрд теңге. Яғни міндеттемелердің жалпы құны осы бағаны құрауы тиіс, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­­­­қармасының мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі саласына жауапты қызметкері Ерлан Тешубаев. 

Елбасы Жолдауында мемле­кет-жекеменшік әріптестігінің маңыздылығы туралы айтылды. 2015 жылы елімізде «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» Заң қабылданды. Мақсат – мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайту.

Иә, енді емхана таңдау өзі­мізден. Бұл күндері өңірде емханаларды таңдау құқығын пайдаланғандар саны да артып келеді. Биыл 15 қыркүйекте елі­міздің емханаларында «Өз емха­наңды таңда!» деген тіркелу жұмысы жүргізілді. Өңірде тұр­ғындары тіркелуге құқығы бар 28 емханаға таңдау жасады.

Оған еліміздегі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, өткен жылы өңірде емханаларды таңдау құқығын 23 мыңнан астам тұрғын қолданыпты. 

Өйткені халықтың белсен­ді­лігі артты, өзгерістер, жаңа­шыл­дықтар енді, еліміздегі те­гін медициналық жүйеге жаңа жекеменшік жүйе қосылды. Облыс бойынша емханаларға 784 735 мың адам тіркелген. Ал «Өз емханаңды таңда!» шарасы басталғаннан бергі 12 күннің ішінде облыс бойынша емханаларға 312 адам тіркелген. Мысалы облыс орталығындағы №3 емханаға – 70, №1 емханаға – 56, №2 емханаға 35 адам өз таңдауын жасаған. 

Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов № 1 қалалық ауруханада болды. Бас дәрігер Советхан Смақов ­аурухананы барлық қажет технологиялармен жабдықтау жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Министр денсаулық сақтау саласындағы оңтайландыру мә­селесін қолға алу жайын, жер­гілікті әкімдікке дәрігерлердің біліктілігін шетелде арттыруға көмек көрсетуге кеңес берді. 

Ауруханадан орынды жалға алған жекеменшік инвестор «Джихаев» ЖК-нің өкілі Әсем­гүл Дүйсенова мемлекеттік же­ке­меншік серіктестік аясында ор­натылған компьютерлік то­мографияның жұмысы жө­нін­де айтып өтті. Ғимаратты қайта құрудан өткізіп, құрал-жаб­дық­тар сатып алынған. Тегін меди­­циналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі аясында тегін және ақылы көмек көрсетуде. 

Министр Елжан Біртанов мемлекеттік жекеменшік серік­тестік аясында жұмыс істеу өзара тиімді болуы керектігін атап өтті. 

– Жекеменшік инвесторлармен келісімшартқа отырғанда, өңірдегі ауру деңгейін алдын ала білу керек. Барлық жекеменшік ком­паниялар өкілдерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтаған жөн. Егер де заманауи қабылдау бөлімі мен жансақ­­тау бөлімін, ота жасау залын жасауға дайын инвестор табылса, инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы мәселесін шешесіздер. Ота жасау бөлімшесін халықаралық стандарттарға жеткізіп, ауыр науқастардың денсаулығын сақтау маңызды, соны үйрену керек, – деді Елжан Біртанов. 

Бірақ жалпы жаңашылдыққа, жекеменшік жобаларға, жекенің қолына өткен емханалардың бо­лашағына сенімсіздеу қарай­ты­ны­мыз да бар. Бұған себеп те жоқ емес. Әлгі басы жақсы бас­­та­лып, аяғы орта жолда қала­тын жо­балар тағдыры, оларға жұм­сал­ған қыруар қаражаттың құрып кете­тіні, жауапкершіліктің жоқ­тығы сияқты жайларды да жиі ести­міз. Сондықтан әрине, ха­лық арасында Мемлекет-жеке­мен­шік әріп­тестігінің соңы не болар екен деген бұлыңғыр ойлар да жоқ емес.

Бірақ экономика мамандары елімізде басымдық беріліп отырған бұл жаңашылдықтан қос тарап та ұтады дегенді айтады. Бюджеттен бөлінуі керек шығындар азаяды, ал кәсіпкер табыс табады. Олардың пікірінше, бүгінде елімізде «Мемлекет-жекеменшік әріптестік сараптама» орталығы жұмыс жасайды. 

Екі жаққа да тиімді тұстарды анықтап, келісімшартта атап көрсетіледі. Мемлекет-жеке­меншік әріптестігі аясында іске аса­тын жобалар, ең алдымен, облыс­тық мәслихаттың бюд­жеттік комиссиясында қаралады. Мәс­­лихаттың сессиясында талқы­ға түседі. Депутаттар қолдау біл­дірсе, қос тарап келісімшартқа қол қояды.

Бастысы – мемлекет пен кә­сіп­кер мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі жүйесіне сай жұмыс іс­теу­ге үйрену қажет. Мәселе қар­жыда емес, ең алдымен, мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігінің халыққа беретін жақсы­лығын үйлестіруде шығар. 

Негізінен, өңірдегі кейбір аудан орталықтарындағы ауруханалар бос қалып жатқаны өтірік емес. Ауылдарда халық азайды. Тиімділік қажеттігі осыдан-ақ көрінеді. 

Өйткені дамыған елдерде мемлекет жекеменшік әріптес­ті­гі жүйесі қалыптасқан тетікке айналған. Тіпті мем­лекеттік маңызы бар жолдар мен магис­тралдарды салу да жеке­меншік әріптестіктің үлесінде көрінеді. Жапонияда бұл тәсілді пайдаланып, жекенің көмегі арқылы көпір де салыпты. Көпір салудың ауылы алыстау болар. Бізде әріптестік аясында жүзеге асатын жобалардың басым бөлігі әзірге денсаулық сақтау саласында екені байқалады. 

Бұл жаңашылдық бізге енді келіп тұр. Мемлекет пен кәсіпкер бірлесіп жұмыс жасауы үшін үйренер, ілесер шаруалар әлі көп. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

ПАВЛОДАР