Медицина • 05 Қазан, 2018

Балабақшаларды бақылау күшеймек

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Балабақшаларды бақылау күшеймек

Балдырғанның болашағы ата-ана тәлі­­мінен бөлек, барып жүрген бала­бақ­­шасына да байланысты. Әлеу­меттік желіде Атырау облысы, Алматы қала­сында жекелеген балабақшалардың діни ағымға қызмет етіп жатқандығы туралы жазылды. Діни секталар балабақша салып, көз алдау үшін қарапайым адамға тіркеп, түпкі ой мақсатын орындау үшін бал қызық балалыққа қол салыпты. Құ­ран оқытады, сүре жаттатады, хиджаб кигі­зеді. Жас балғындарды діннің шырмауы­нан шығармай байлаулы баспақтай өсірмек.

Бір қуаныштысы, осындай балабақ­шалардың мемлекет тарапынан анық­талып, жабылып жатқандығы. Әйтсе де, басқа да балабақшаларда бармақ басты, көз қысты әрекеттер әзір­ге тый­ылмай отыр. Бала санын көбей­тіп, үкі­меттен жәрдем алу үшін бір балдырғанды бірнеше бақшаға тіркеген оқиғалар жоқ емес.

Қызы­лорда облысында осындай жағ­дайларды болдырмау үшін балабақ­шаға электронды жүйе енгізілді. Енді балабақшаға кезекке қою, құжаттарды тапсыру және қабылдау процестері толық автоматтандырылған. Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі облыстық де­пар­таменті ұйымдастыруымен өткен кон­­ференцияда осы жағдайлар талқыланды.

– Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу мақсатында ата-анамен білім бөлімдері арасындағы тікелей байланысты азайтып, ата-аналарға үйін­де отырып электронды түрде өтініш жасауға мүмкіндік туғызды. Жыл соңы­на дейін аудандарды да осы бағытқа көшіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.

Бюджеттен бөлінген қаржы бала­бақ­ша керегіне жұмсалып жатыр ма, мек­тепке дейінгі мекемелер талапқа сай жұ­мыс істей ме, осы мәселелер жө­­­­­нін­де облыс бойынша зерделеу жұмыс то­бы құ­рылған. Мақаланың басында балдырғандар бақшасын өз мақсаттарына бұрып алған діни секталардың қаупін айт­тық. Сол сияқты балдырғандарды белгілі бір мерзімге дейін қабылдап алып, ас ішкізіп, ұйықтату, ойнатудан әріге аспайтын, тәлім-тәрбие, мектепке дайындау мәселелерін жылы жауып қойған жайттар жекеменшік балабақшаларда кездеседі.

Мемлекеттен көмек аз деген желеумен ата-аналарды сауын сиырға айнал­дырғысы келетіндері де жоқ емес.

– Әлі де болса мектептерде, балабақ­ша­ларда ата-аналардан заңсыз ақша жинау кездеседі. Жөндеуге, басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға деп заңсыз ақша жинау фактілерін түбегейлі жоюды білім саласындағы мекеме басшыларына қатаң ескертеміз. Ата-аналар ондай шығындарды төлеуге міндетті емес. Білім беру ұйымының шығыстарына бюд­жеттен қажетті көлемде қаражат бөлінуде, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» деген аталы сөз бар. Бесіктен белі шық­паған бүлдіршіннің үлкен өмірді танып-білуі балабақша баспалдағынан басталады. Ал оның ісі мемлекеттік бағдарламаға сай болуы керек.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы