Медицина • 05 Қазан, 2018

CADAP ұйымы еліміздегі есірткі ағымына тосқауыл қоя ала ма?

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Орталық Азияда есірткі таратпаудың алдын алу бағдарламасына (CADAP) сәйкес өткен ІІ халықаралық аумақтық конференция аяқталды.

CADAP ұйымы еліміздегі есірткі ағымына тосқауыл қоя ала ма?

Басқосудың бірінші күні Қа­зақстанда жаңадан пайда болған синтетикалық есірткі түрлерін пайдалану мен оны емдеу үлгілері, наркологиялық есепке тіркеудің халықаралық инновациялық талаптары мен шешімді жолдары, нашақор-науқастың емделуге қолжетімділігі секілді мәселелер талқыға салынуы тектен-тек емес екен. Демек, жергілікті халықтың алаңдауына негіз бар. Аса қауіпті дертпен күресудің амалдары қандай? Осы орайда негізгі баян­дама жасаған Чехиядан келген есірткі жөніндегі үй­лес­тіруші-маман Йиндрих Вобо­рил мен халықаралық CADAP бағдарламасының жетек­шісі Эрнест Робеллоның, CADAP ұлттық бағдарлама стратегия­сы­ның белсендісі Джон-Питер Кулстың (Нидерланд) сөздері мәжілістің өзге спикерлері үшін де, қатысушы тыңдарман үшін де өте тартымды шықты. Қоғамды дендеген кеселмен күресудің сан қырлы жолдары мен әдіс-тәсілдері ашып айтылды. 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымына бақылау жасау жөніндегі департаментінің жауапты өкілі Иван Добрышин есірткіге қарсы жүргізілетін негізгі шаралар мен мониторинг жасаудың еуропалық тәсілдері Қазақстан аумағында талаптағыдай жүзеге асып жатқанын алға тартты. 

– Біздің мамандарымыз Амс­тер­дамдағы Trimbos институтында болып, нидерландтық әріптестердің ұлттық мониторинг жасау орталығының қызметімен та­нысты әрі оны кеңінен зерт­теді, – деді И.Добрышин. – Соның игі­лікті нәтижесі болар, таяу мер­зім­де дәл сондай мониторингілеу ор­та­лығы біздің елімізде де ашылады.

Бірқатар есірткілік компонент­терге еркіндік берілген Нидер­ланд­тың бас қаласы Амстердаммен Алматы тәжірибе алмасып жатса, істің шын мәнінде ушыққаны емес пе деген ой да келеді екен осындайда. Әйтсе де, Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінде есірткі мен өзге де психотроптық заттар, наркологиялық дәмі бар дәрі-дәрмекті таратуға тосқауыл қою жөніндегі бұл бағдарламаның халықаралық салмағының барын еске алған да жөн. Өйткені CADAP қызметінің Еуроодақтың (ЕО) осы бағыттағы салалық жобасына тікелей қатысы бар. ЕО Орталық Азия мемлекеттерімен қатар, Еуропаның Нидерланд пен Чехия, Польша мен Германия сияқты елдеріне де қаржылай қолдау көрсетіп келеді. 

Мәжілістің екінші күні негізгі әңгіме денсаулық сақтау мен есірткі қауіпсіздігі, оның айналаға тигізетін залалы тақырыбына арналды. Кеңейтілген отырыста елімізде пайда болған жаңа синтетикалық есірткі түрлерін пайдаланудың жаңаша жол табуы мен қазіргі таңдағы оның сандық өсімі, оны жаңаша емдеу үлгілері туралы Қазақстан дәрігерлері ойларын ортаға салды. Тәжікстан мен Түрікменстаннан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген өкілдер өз елдеріндегі есірткі саясатының ахуалы туралы салиқалы ой бөлісті. Осы күнге дейін нашақорлық пен жезөкшөліктен ада бірден-бір ел Түрікменстанның өмір салты да қызығарлық, әрине. Алайда, көршіден маза кетсе, қол қусырып ол қалай тыныш отырмақ? 

Пікір білдірушілердің ойын аяқ­тауына уақыт жетпей, сөй­леушіге сөз жетпей қызу өткен екі күн­дік конференциядан бір аңға­рылғаны – кеңірдекті қанша жер­ден созсақ та «болар іс болып, бояуы сіңіп қойған». Қазіргі Қа­зақстанның аумағында есірт­кіге тәуелді 23,5 мың адам тұрып жатыр. Мұқият есепке алын­ғандары. Олардың ішінде 200-дей кәме­леттік жасқа толмағандар, 2000-дай әйел бар. CADAP-тың ха­лықаралық жиынында қазақ­стандық мәртебелі өкіл И.Доб­ры­шин сондай дерек келтірді. Тіп­ті бұл соңғы бес жыл ішінде 35 процентке кеміген көрсеткіш екен.

Дәрігер-мамандар, психолог­тар, мемлекеттік емес ұйым мү­шелері, шетелдік меймандар бұл жиында ғасырлық-ғаламдық дертке тосқауыл қою керектігін ашынып, алқынып айтқанмен, оның алдын алудың, болдырмаудың жолын табуда мүлдем шарасыз екендігі байқалып та тұрды. Өйткені есірткі трафигінің жолы кесілген жоқ! Бірақ әдеттегідей, оған қарсы аяусыз күрес жалғаса бермек.

...Есірткіге қатысты халық­ара­лық мәжілістің тәмамдалуына уақыт таяғанда веб-сайттар Алма­тыда «Амфитамин» психотроптық затын тасымалдаушының құрық­тал­ғаны туралы шұғыл хабар таратты. Экономикалық тергеу қызметінің сарбаздары Еуроодақ (ЕО) елдерінің бірінен пошта тасымалы арқылы келген 2,522 грамм есірткілік затты қабылдаған азаматтың қолына кісен салыпты.

Ендеше, бүгінгі есептік мақа­ланың түйінін шешуді елінің бола­шағы үшін жаны ауыратын әрбір азаматтың таразы талқысына, ойлау еншісіне қалдырдық.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»