05 Қазан, 2018

Түркістан Шығыстық үлгіде түрленеді

593 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көне заманнан сыр шер­тетін байырғы қаланың жаңа, заманауи келбетін қалып­тастыру мәселесі күні кеше Елбасы Н.Назарбаев­тың Түркістан қаласына сапары барысында тағы бір рет талқыланып, пысықталды. Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын бекітуі ел тұрғындары, әсіресе жергілікті халық үшін тарихи маңызды оқиға. Өңірде арнайы экономикалық аймақ құру туралы Жарлыққа қол қоюы, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салтанатты түрде салуы да көне қаланың ертеңіне деген сенімді нығайта түсті. 

Түркістан Шығыстық үлгіде түрленеді

Бас жоспарға сәйкес алда ауқым­ды жұмыстар атқарылады.  Қазір аймақта құрылыс қарқыны үдей түскен. Инвесторлар да әлеу­меттік жобаларды қаржы­лан­дыру­ға дайын. Жаңа қала­шық­та облыстық әкімшілік, респуб­ликалық аумақтық бөлімшелер, көп қабатты тұрғын үйлер, теа­тр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саябақ сынды өзге де көптеген әлеуметтік нысандар мен түрлі құ­рылымдық органдардың ғи­ма­­раттары орналаспақ. Жаңа әкім­­шілік-іскерлік орталықтың тұр­­ғын үйге бөлінген жер аумағы­­мен қосқандағы аумағы 670 гек­­тар­ды құрайды. Ал әкім­ші­лік-іскерлік орталықтың жер көлемі 225 гектар болмақ. Орта­лық құрылысының бірінші кезе­ңі 2019-2021 жылдары салынып, 20 гектар жер игеріледі. Алғаш­қы кезеңде облыс әкімдігінің ғи­ма­раты, басқа да әкімшілік ғимарат­тар, Конгресс холл мен «Түркі­станбасжоспар» орталығының құрылысы толығымен аяқталады. 

Сондай-ақ жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Түркістанның ежел­гі қоныстарының бірі – Күл­­төбе қалашығы қайта жаң­ғыр­тылады. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары, олар­дың жанындағы ортағасыр­лық үлгідегі мешіт және басқа да бірқатар нысандар толық қай­та қалпына келтіріледі. Елба­сы­ның Түркістанға сапарында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қала­ның бас жоспарын әзірлеуге қатыс­ты xалықаралық конкурс ұйым­дас­тырылып, 22 ұсыныстың іші­нен үздік жоба таңдалғанын мәлім етті. Жобада Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан әрі көркейту, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінген. 

Елбасының: «әр қаланың өз ерекшелігі, өз мәдениеті болуы керек. Өзгеден идея ұрлап қажеті жоқ» деген сөзіне орай, облыс орталығын өзгеше стильде салу көзделген. Түркістан – тарихи қала. Сондықтан да қаладағы ғимараттар тарихтан сыр шертетін Шығыс үлгісінде салынады. Бір ерекшелігі, бірыңғай Шығыс стилінде салынып қана қоймай, ұлттық нақыштар да көрініс табады. Өзге қалаларда ғимарат салуда шыны әйнектер басты назарға алынса, Түркістанда тас, кірпіш, керамика сынды құрылыс заттары көп қолданылады.  ЮНЕСКО тізімінде тұрған Қ.А.Ясауи кесе­не­сінің биіктігінен асатын ғи­марат­тар кесенеден алыс жер­лер­ге салынады. Себебі биік ғима­рат­тар кесенені жауып қалмауы тиіс.  Ал оның маңындағы жер үйлер кезең-кезеңімен сүріле­ді. Бірақ бұл тұрғындарға ешқан­­дай қиындық тудырмайды. Себебі олар пәтермен қамтамасыз еті­леді. Әрине барлық мәселе заң шеңберінде шешімін таба­ды. Қаланың кіреберісінде – об­лыс­тың әкімшілік-іскерлік ор­талығы салынады. Себебі қала­ның қан­дай екені алғашқы қадамнан аң­ғарылады емес пе? Осыған орай кіреберіс күре жол­дың оң және сол жақтары гүлден­ді­рі­леді. Бүгінде бұл жұмыстар жүр­гізі­ліп те жатыр. Әрине қала­ны салу­ға білікті мамандар керек. Елі­міз­дің түкпір-түкпірінен, оның ішінде Астана, Алматы қа­ла­­­лары­ның мамандары облыс ор­та­­лы­ғындағы құрылысқа атса­лы­с­у­ға қызығушылық танытып отыр. Осыған орай Түркі­стан не­­гі­зі­нен қазақстандық құрылыс­шы­­лар тұрғызатын қала болмақ  және Түркия, Украина елдерінің сәу­лет­шілері де көмектерін көрсетпек. 

Түркістанға сапарында Мемлекет басшысы еліміздегі ірі бизнес өкілдеріне жаңа облыс орталығына көптеген нысандарды салуды тапсырған болатын. Олар өздеріне тиесілі нысандарды өз ойларындағыдай салмайды, біздің басқарманың келісімін алған соң ғана құрылыс жүргізеді. Қажет болған жағдай­да олар әкелген жобаларға архитек­тура­лық өзгеріс енгіземіз. Және ол арнайы комиссияның келісімімен ғана жүзеге асырылады. Жалпы, барлық жұмыс бекітілген  бас жоспар бойынша жүргізіледі. Қазір қала аумағы 9800 гектарды құрап отыр. Ал 2050 жылға дейін 25 мың гектарға дейін ұлғаймақ. 

Қалада заман талабына жауап бере алатын аэропорт, темір жол вокзалы салынады. Әуежай мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігі негі­зінде салынса, темір жол вокзал құрылысын «Қазақ­стан теміржолы» компаниясы жүргізеді. 

Қазіргі Түркістан 5-6 жылдан кейін тотыдайын түрленіп, мүлдем жаңа кейіпке енетін болады. Ал 10 жылдан кейін үлкен қалалар қатарына қосылады. Облыс орталығында тұрғын­дар саны артатыны белгілі. Оның ішінде жастардың қатары көбейеді. Осыған орай қалада білім беру мекемелерінің саны артады. Қазірден колледж салып беретін кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіруде. Тағы бір айта кетерлік жайт, Түркістан заманауи смарт қала болады. Бұған «Қазақтелеком» компа­ниясы қолдау көрсетпек. Түркі­станды жасыл қалаға айналдыру үшін Сырдариядан су тартылып, қалаға арық арқылы жеткізіле­ді. Осының нәтижесін­де ауа ылғалда­нып, төңірек жасыл желекке бөленеді. Барлық қаладағы басты мәселенің бірі – көлік кеп­телісі екені мәлім. Осы мәселенің алдын алмақпыз. Қала көшелері енді 6 жолақты болмақ. Айналма жолдар көбейеді. 

Елбасы Түркістанды дамыту қорын құруды ұсынды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болса, әлі де талай-талай қалалар салынатынын айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы­ның көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қала­ның ішіндегі көшелерді асфальт­тау, орталықтандырылған кәріз жү­йесіне қосу мәселелеріне қа­тыс­­­­ты айтқан сын- ескертпелері де таяу арада шешімін табуы тиіс. 

Еркін ЖҮСІП, 

Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы