05 Қазан, 2018

Жусанды даланың жұлдызды ұлы

378 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бала кезінде қиял әлеміне сүңгіп кеткенді жаны жақсы көретін. Жақсының жусанды, жалпақ даласы. Көз ұшына ілігетін қарасын жоқ. Піл сауырлы кең дала. Жаз айларында жалпақ жонда көгілжім сағым ойнап тұратын. Мың бояу­лы. Әлде одан да көп пе екен. Көгілдір бояулы, жеп-жеңіл, жұп-жұқа әлемнің арғы жағына құмартатын. Жанары талғанша жәудіреп қарап отырушы еді. Сан бояулы сағымның арғы жағында не бар екен?.. Білсе ғой, шіркін... Барып көрер ме еді. Шудалары желкілдеген, маң-маң басқан түйе керуені көшіп бара жатқан шығар. Әлде төбелері көк тіреген зәулім-зәулім үйлер, әлдеқайда асыққан мың сан адам қарбаласа сапырылысып жатқан шығар. Әйтеуір ол жақта есіңді алар бір қызықтың болуы әбден мүмкін.  

Жусанды даланың жұлдызды ұлы

Жалын атқан жас жүректегі алабұрт­қан ақ арман қиялына қанат бітіретін. Қиялшыл болғандықтан ба екен, бар ғұмыры ақбас толқындары аспанға шапшыған теңіздей буырқанып өрбіді. Облыс орталығынан тым жырақта жат­қан Жақсы ауылындағы орта мектепті бі­тір­ді. Жалғыз білім ошағын ғана емес, музы­ка мектебін де. Көңілділер мен тап­­қыр­лар клубында ойнады. Балау­са көңіл­дің балдырған сезімдерін қалып­тап, хабар-ошар, мақалалар да жазды. Ан­самбль құрамында өнер көрсетті. Фут­бол­мен, бокспен айналысуға да уа­қыт тапты. Мұның барлығы қапысыз із­де­ну, болашақ жолын айқындау болатын. 

Шығармашылыққа деген құлшыныс бұрқ-сарқ етіп қайнап жатса да, әке-шешесі балаларының қалауына орай Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агро­техникалық университетіне түскен. Бағдарламашы мамандығын игерді. Бұл тарапта да тәп-тәуір табысқа қол жет­кізді. Өз мамандығы бойынша Қазақ­станның және шетелдің ірі компанияларында жұмыс істеді. 

Тылсым сырға, қиялға берілу жай қалған жоқ. Айдос Айдарбековтің қаламынан туған «Спуститься с Небес» кітабы фантастика жанрында жазылды. Қалам қарымы бір кітаппен ғана түйінделмеді, республикалық «ЖасStar» ғылыми-әдістемелік журналы мен өзге де басылымдарда жариялана бастады. 

– Көңіл түкпірінде жазушы болсам деген арманым бар еді, – дейді өзі, –алуан-алуан тағдырлар қызықтырады. Олардың кескін-келбетін, ішкі жан дүниесін сомдау рахат дүние емес пе? Мен бұл кітабымды студент кезімде жаздым. Студентке кітап шығару да оңай емес қой, университет көмектесті. Аз таралыммен болса да шығарып берді. Әдебиет әлемінен хабары бар таныстарым бұл шығармам сценарийге көбірек ұқсайды деген ой-пікірлерін айтып жатты. Міне, осы кезден бастап менің жан дүниемде сценарий жазуға деген ұмтылыс пайда болды. Жалаң ұмтылыс ұшпаққа шығармайды ғой, ендігі арада бойымдағы бар қуатымды осы бағытқа арнап, мен үшін беймәлім әлемнің қыр-сырын білуге, үйренуге тура келді. 

Ізденуге деген құштарлық әлемдік деңгейдегі продюсер Дәурен Төлеу­хановпен таныстырған. Бағдарла­машы – техника ғылымының магистрі қия­лымдағы биіктікке табан іліктіретіндігіне бек сенімді еді. 

Бірде фейсбук желісін ақтарып отырып New York Film Academy тегін білім алуға мүмкіндік бар екендігін білді. Пост авторына әлдеқалай болар екен деген болмашы үмітпен хабарлама жазған болатын. Мына қызықты қараңыз, ара­да үш ай өткен соң академияға қабыл­дан­ды. Кейін Президент стипендия­сына ие бол­ды. Атақ-даңқы айдай әлем­ге мәлім акаде­­мия­­да оқу ақысы өте қымбат. Бір семестрі­­нің өзі 15 мың дол­лар. Әрине ішінара грант та бар. Бірақ оның өзі шал­ғай­дағы шағын ауылда өскен жусанды даланың баласы үшін жалынан ұстатпас деңгейде еді. Осы арада кейіпкеріміз «Болашақ» стипендиясына, түптеп келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған қамқорлыққа шексіз риза. Әйтпесе, академия қайда, біреу қайда? Лос-Анджелесте білім алуды армандап еді. Енді сол асқаралы асуға шығаратын соқпақ жолға табан іліктірді. Соңғы сәтке дейін сене алмаған. Қиялшыл бозбаланың арманға толы жүрегі лүп-лүп етеді. Заңғар таулар қоршаған, етектегі мың сан адамдары қарбалас­қан, әр тілде сөйлейтін, кескін-кейпі сан алуан жұрттың ортасынан табылу, қиял әлемінде қанша рет қақпасын қаққан өзге реңді, беймәлім дүниенің қайнаған ішінде жүру кез келген жастың маңдайына жазылатын бақыт па, тәйірі?..

Лос-Анджелесті туған үйіндей сезі­неді. Мұнда орыс тілділер аз емес, арагі­дік қазақстандықтарды да кез­дес­тіруге болады. Әр алуан мәдениеттің, сан түрлі дәстүрдің мидай араласып, тоғысқан жері. Жергілікті жұрттан бөлек қытайларды, корейлерді, армяндар мен орыстарды, өзге де ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Сол бал арасындай үймелеп жатқан қалың жұрттың ортасында әлемге аты шыққан тұлғаларды да жолықтырар едіңіз. Оларды көше бойынан да кезіктіресіз. Даңқы жер жарып тұрса да, барынша қарапайым, көкірек керуді, менменси қарауды білмейді. Бірде жер жаһанның көрермен қауымына «Миллионер из Трущоб», «Лев» кинофильмдері арқылы таныс Дев Пательді көргенде өз көзіне өзі сенбей, айран-асыр болған. Дев Патель қастарынан велосипед теуіп өте шықты. Ал қарсыдағы дәмханада «Гримм», «Каприка» және «Послезавтра» фильм­дері арқылы таныс Саша Ройз ас ішіп отыр. Біреуге айтса сенбес еді. 

Нью-Йорктегі кино әлемі академиясы осы саланың 25 үздік оқу орнының қатарына жатады. Университет негізінен тәжірибеге басымдық береді. Сондық­тан сту­денттердің көп уақыты түсірі­лім алаң­дарында өтеді. Жоғары оқу орны Universal студиясымен келісімшарт жасаған. Бар уақыт, ынта-жігер, күш-қайрат осы арада сарқа жұмсалмақ. Шын шебер­лік машықпен ғана жолдас. Тек ара-тұра кезекті блокбастер түсі­рі­лерде қайнаған жұмыс іркіліп, үзіліп қалатындығы бар. Академия Гол­ливудта орналасқан. Кино өнерінің нағыз дүрсілдеп соғып тұрған жүрегі. Бұл жердегілердің бәрі ертегідей сұлу, аңыздай ғажап кино өрісімен тыныс­тайды. Ілкімді іс те кино, әңгіме-дүкен де кино жайында. Кино өнері тебірене толқып жатқан теңіз іспеттес. Бір толқын қақпақылдап бетіне қалқытып алып шықса, іле жеткен екіншісі алақанына салып көтереді. Жалғыз жаныңдағы студенттер ғана емес, осы өнердің жілігін шағып, майын ішкен мықтылармен тілдесудің сәті де түсіп тұрады. 

Мамандығы кино бағытындағы білі­мін байыту курсы. Оператор шебер­лігіне, сценарий жазуға, актерлік өнер­ді игеруге баулиды. Білімдегі басты арна режиссураға бағытталған. Кино өнері­нің қаншалықты қиын екендігін, жаның­ды жеп барып қана жарыққа шыға­тын­дығын осы жерде ұққан. Тау басы­нан құдық қазғанмен бірдей. Алдымен қыс­қаметражды кинолардың сценарийін жазса, енді бірде толықметражды фильм­дермен айналысады. Содан соң, сериалдар туралы сценарий. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Оқытушылары да кино өнерін қалың-қалың кітаптардан оқып, танып білмеген. Өздері де соның ішінде жүр. Бір оқытушысы «Звездный путь» се­риа­­лын түсіру үшін он жыл ғұмырын сарп еткен. Енді бірі «Пила» фильмін тү­сір­­ген. Сон­дықтан да өз кәсібін түбе­гей­лі, толық меңгерген шынайы шеберлер. 

Америкада жұмыс табу оншалықты қиынға соқпайды. Айдос Айдарбеков мұнда студенттік виза арқылы жүрген болатын. Толық жұмыс істеуге құқығы жоқ. Бірде жергілікті кинокомпанияға тәжірибе қалыптастыру үшін өтініш берген. Олар бірден жұмысқа алғысы келді. Бірақ студент екенін білген соң өз ұсыныстарынан айнып қалды. 

Бірнеше жобаларда жұмыс істеп үлгерді. Ол үшін ақша алған жоқ. Ең бас­тысы, кино өнерінің хас шеберлерінің жанында жүріп, бай тәжірибе жинақтады. Мәселен, Джеймс Франконың «Горе-творецінде», Джонни Дептің «Лаби­ринтінде» ойнады. Шаршады, шалдықты. Бірақ алған бетінен қайтпады. Түсірілім алаңындағы жұмыс уақыты негізінен он екі сағатты құрайды. Кейде тіпті одан да асып кетеді. Кейбір түсірілімдерді таңғы сағат төрттен түсіру керек. Осыншама қиындыққа төзгендігі ақсүйек өнерді толайым меңгерсем деген тілектен. 

«Наркос» сериалын өмірге әкелген адамдармен танысты. «Телохранитель киллера» және «Невероятный Халк» фильм­­дерінің сценарийін жазды. Френ­сис Форд Коппол, Ридли Скотт және Сти­вен Спилберг тәрізді режис­сер­лерге көмекші болды. Көк теңіз­дің ар жа­ғын­д­ағы кино өнерінің көкжал­дары­­мен ғана емес, өзінің сүйікті Отаны – Қазақ­стан­ның майталмандарымен де жұмыс істеп үлгерді. Өз фильміне Санжар Мәди мен Гаухар Нұртасты түсірсе, Айсұл­тан Сейітов және Азамат Дула­тов­пен пікір­лес. Нұрлан Сабуров таныс­тырған Кан Бейсекеевпен достасып кетті. 

– Қазақстан менің ет жүрегім елжіреп сүйетін аяулы Отаным. Менің болашағым да, бар тіршілігім де осы жерде. Күндердің күнінде Голливудта жұмыс істей қалсам да бір бүйірімде туған елім жүретіндігін түйсінемін, – дейді Айдос Айдарбеков, – кино өнеріне ғашықпын. Өз өмірім осы бір ақсүйек өнерге мықтап байланған. Ойға алған жоба ұшан-теңіз. Ендігісі білім мен тәжірибені сарқа жұмсап, әлемдік кино индустриясында Қазақстанды қапысыз таныстыратын туынды түсіру. 

Туған елімнің талассыз ғажайып бейнесін әлемге танытсам деген асыл арман жан жүрегін бебеулетіп келе жатқан жусанды даланың жасампаз ұлының мақсат-мұраты күндердің бір күнінде орындаларына ел сенеді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар