Қоғам • 05 Қазан, 2018

«Сенім жолында» фильмі жеңімпаз атанды

439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойын­ша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сы түсірген «Сенім жолында» деректі фильмі Минск қаласында өткен «Еуразия.DOC» атты ТМД елдерінің деректі кинолары фестивалінде жеңімпаз атанды. Үздік деректі фильм режиссері – Әсия Байғожина. 

«Сенім жолында» фильмі жеңімпаз атанды

Дін жолындағы адасу­шылық – қай қоғамның болсын жан ауыртар қайғысы. Дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамның өмірін қиып, 40-қа жуық жергілікті тұрғынды жаралаған қанды оқиға – 2016 жылы 5 маусымда болған Ақтө­бедегі терактіні негізге алған деректі туынды авторлары мұрағат материалдарына, жапа шеккендердің туыс­тарының, лаңкестіктен аман қалған жандардың естелігіне сүйенген. 

«Қазылар алқасы үш фильмді үздік деп атады, оның ішінде біздің де фильміміз бар. Фестивальдың бас жүлдесі ресейлік «Фор­саж» фильміне бұйырды. «Се­нім жолында» фильмін көрермен жақсы қабылдады. Тіпті кейбіреулері осындай жағдайлардың (діни экстремизм мен терроризм) Қазақ­стан жерінде орын алғаны туралы естіп таңғал­ды. Фильм екі жыл бұрын жарық көр­ген-ді. Фес­тивальдың ұйымдас­тыру­шылары фильмнің үзінді­лерін ғаламтордан көріп, ма­ған хабарласты. Сол үшін де ұйым­дастырушыларға алғы­сымды білдіремін», деді режиссер Әсия Байғожина.

«Еуразия.DOC» атты ТМД елдерінің деректі кино фес­тивалі осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл фести­валь­ға қатысуға 23 елден 150 фильм үміт білдірген. Оның іші­нен негізгі байқауға 12 елдің 24 деректі фильмі ірік­теу­ден өткен.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»