Аймақтар • 05 Қазан, 2018

Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алға ауданына жұмыс сапары кезінде Маржанбұлақ ауылындағы ауылішілік газ тарату желілерін іске қосуға қатысты.

Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр

Белгілі болғандай, Маржанбұлақ ауылына төрт жыл жұрын газ кіргізілген. Алайда сол уақыт аралығында Ақтөбеден 15 шақырым жерде орналасқан ауылда жаңа екі - Батыс және Шығыс тұрғын үй алаптары пайда болды. Сол екі тұрғын үй алабына 3 қазан, сәрсенбі күні газ берілді. Мыңға жуық жеке тұрғын үй мен тоғыз әлеуметтік нысанға көгілдір отын бару үшін барлығы 28,5 мың метрден аса құбыр жүргізілген. Жоба құны 290 млн теңгеден асады.

- Мемлекет басшысының саясаты азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, әрбір қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл сіздің ауылдың мысалында айқын көрінеді: небәрі төрт жыл бұрын осы жаңа ғимараттардың орнында тек далалық болатын, ал бүгінде коммуникациялармен қамтамасыз етілген заманауи даңғарадай үйлер тұр. Аумақты көгалдандырып, абаттандыру жайын да ұмытпауларыңызды сұраймын. Ауылға жаңа мектеп керек екенін білеміз. Білім басқармасына тиісті тапсырма берілгеніне көп болды, құжаттары әзірленіп жатыр, - деді тұрғын үй алаптарының тұрғындарымен тілдескен облыс әкімі.

Алға ауданының Қарақұдық ауылында облыс әкімі ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесінің салтанатты ашылуына қатысты. Жоба құны 556 млн теңге. Үш сорғылау стансасы орнатылып, 11 мыңнан аса қысымы жоғары су құбыры, 10 мыңға жуық тұрғын үйлерге су тартатын құбырлар  жүргізілді. Ауылда барлығы 1600 адам тұрады.

Бұдан басқа, облыс әкімі жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысатын шаруа қожалықтарымен танысты. Олардың қатарында, ешкі сүтін шығаратын «Маржанбұлақ-А» ЖШС бар. Шаруа қожалығы осы жылдың сәуір айында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Голландиядан елу аналық және екі аталық ешкі малын сатып алды. Жануарлар көктемнен бастап жерсіндіріліп, ендігі төлдеді де. Қазіргі таңда 34 лақ бар, тағы 16 лақ төлдейді деп күтілуде. Ешкі сүті нарыққа пастерленген күйде шығарылады деп жоспарланып отыр. Арнайы жабдық жолда келе жатыр, - деді ЖШС директоры Андрей Текебаев.

- 800 басқа дейін көбейтеміз. Бізде 220 гектар жайылым жеріміз бар. 16 гектар жер сүт шығару және өңдеу кешеніне берілді. Іргетасы құйылып қойды. Ешкі сауатын және төлдейтін залдар болады, - деп аяқтады өз ойын Андрей Текебаев.

Сонымен қатар, өңір басшысы Ақсай ауылдық округіндегі мал және егін шаруашылықтарымен қатар айналысып отырған «Абылай» шаруа қожалығында болды. Бүгінде қожалық 500 бас жылқы, 800 бас ірі қара мал ұстайды, қымыз шығарып, 17 гектар суармалы жерге картоп, сәбіз, қияр, қарбыз, қауын егеді. Бүгінгі таңда қожалықтың басты проблемасы  - жұмысшылардың жетіспеушілігі болып отыр.  

- Механизаторлар, бақташылар жоқ. Ауылда жұмыссыздар аз емес, бірақ олар мал бағып, ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істегілері келмейді. Үлкен проблема осы болып отыр. Еңбекақылары да жаман емес сияқты – 50 мыңнан 100 мыңға дейін. Сырттан адам жалдауға тура келеді. Қазіргі таңда менде өзге облыстан келіп еңбек етіп жатқандар бар, - деп бөлісті шаруа қожалығының директоры Қыдырбай Ксупов өңір басшысымен әңгімесінде.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»