Аймақтар • 05 Қазан, 2018

Өткен жылы Қостанай облысында 73 көшенің аты өзгертілді

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2017 жылы облыс өңірінде 9 нысанның, 3 ауылдық округтің, 4 ауылдың, 73 көшенің аты өзгертілді.

Өткен жылы Қостанай облысында 73 көшенің аты өзгертілді

Үстіміздегі жылы Қостанай қаласындағы бұрынғы Авиационная көшесіне Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілді. Казахская көшесі Әбілсай болып өзгерді. Арқалық қаласындағы №4 мектепке Кейкі батыр есімі, Меңдіғара ауданындағы Боровской кәсіптік-техникалық колледжіне Кәмшат Дөненбаеваның есімін беру туралы ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясынан оң баға алды.

«Аталған көрсеткіштерге тұрғындар арасында өткізілген түсіндіру-ақпараттық жұмыстар арқылы қол жетті. Әсіресе, Федоров, Қарабалық, Таран, Жітіқара аудандарында көше аттарын өзгерту кезінде көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақыт жер-су аттарын қайта қалпына келтіруде, өзгертуде ҚР Үкіметі жанындағы Республиалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 12 наурыздағы отырысында бекітілген Қазақстан тарихында,ы жалпыұлттық ддеңгейде танымал 150 тұлғаның есімі бар «Тарихи тұлғалар», «Тарихи опонимдер және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері қатаң басшылыққа алынады» дейді Облыстық Тілдерде дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазымбек Ахметов журналистер үшін өткізген брифингте.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінің мәртебесі мен атауын аудандық маңыздағы Тобыл қаласына өзгерту туралы ұсынысты көпшілік бір ауыздан қолдады. Ал жақында ғана, 30 қыркүйек күні зиялы қауым мен Таран ауданы жұртшылығының Елбасына, облыс және аудан басшылығына жолдаған жазбаша ұсыныстарына сәйкес Таран ауданына Бейімбет Майлин есімін беру туралы тұрғындар пікірін ескеру мақсатында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мүшелерінің жұртшылықпен бірлескен отырысы болып өтті. Онда аудан жұртшылығының, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің пікірі тыңдалды. Сонымен қатар аудан орталығы Таран селосы мен селолық округінің тарихи атауын қайта қалпына келтіру, яғни Әйет деп өзгерту туралы жергілікті тұрғындар пікірі тыңдалды. Онда ақын Ақылбек Шаяхмет қазіргі Таран селосы тұрған жер бұрынғы Домбар болысынан бөлініп шыққан Әйет болысы болған жер екенін, ол кейін уақыт, саясат ықпалымен Викторов, кейін Таран деп өзгертілгенін айтты. Сонымен қатар ол өзеннің Әйет деген атының тарихи мазмұнын да түсіндіріп берді. Сонымен бір ауыздан құпталып, құжаттар Республикалық ономастика комиссиясына жіберілетін болды.

Брифингте Таран аудандық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрайымы, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Наталья Руднева, «Нұр Отан» партиясы Таран аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты  Айнаш Даданова, Таран ауылы жергілікті қауымдастығы мүшесі Гаухар Асанова және Облыстық Тілдерде дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазымбек Ахметов журналистер сұрақтарына жауап берді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай