Қазақстан • 05 Қазан, 2018

«TURKISTAN» – әлеуеті зор аймақ

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысына бар­ған сапарында «TURKISTAN» арнайы экономи­ка­лық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны бел­гілі. Қазақстанда бұған дейін құрылған арнайы эко­номика­л­ық аймақтардың жетістіктеріне көз жүгірте отырып, жаңадан құрылған «TURKISTAN» АЭА өңір мен ел экономикасына оң ықпал етеді деп болжауға болады. 

«TURKISTAN» – әлеуеті зор аймақ

 Жалпы, арнайы экономикалық аймақтар сол жерде жұмыс істеуге ниет білдірген компаниялар үшін аса маңызды же­ңілд­іктер ұсынады. Мәселен, кейбір компаниялар бес-он жыл мер­зімге салықтан босатылуы немесе оны екі есеге дейін жеңіл­дікпен төлеуі мүмкін. Құрылыс жұмыстарына арналған жер телімдері де тегін немесе жеңілдетілген жолмен беріледі. Сөз жоқ, бұл инвесторларды тартуға ықпал ететін факторлар. 

«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі мәліметтер әлі белгісіз. Дегенмен, ол аймаққа келген компаниялар үшін үлкен салықтық жеңілдіктер жасалады деп ойлаймын. Бұл бірінші және негізгі мәселелердің бірі. 

Жалпы, Қазақстанда бұған дейін 11 арнайы экономикалық аймақ болды, «TURKISTAN» – он екіншісі. Әр экономикалық аймақтың экономикалық мақсаты бар. Мысалы, «Астана – жаңа қала»-ның негізгі мақсаты инвестиция тартуға және қала құрылысын салуға бағытталған. Менің білуімше, компаниялар құрылысқа қажетті шетелдік машиналарды, түрлі жабдықтарды әкелгені үшін, әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй кешендерін салғаны үшін, инфрақұрылым тартқаны үшін тағы да басқа жұмыстар үшін қосымша құн салығын төлемейді. 

Сол сияқты Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА жұмысы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, телекоммуникация мен байланыс саласындағы технологияларды дамытуға бағытталған. Оның қатысушылары бірқатар салықтардан босатылған. Ол да отандық және шетелдік компанияларға айтарлықтай тиімді. «TURKISTAN». АЭА-ның негізгі бағыты көп ұзамай-ақ жарияланатыны анық. Бұл орайда аймақтың туризм саласын дамыту мәселесіне де басымдық беріледі деп ойлаймын. 

Дегенмен, барлық аймақтар үшін ортақ бір мақсат бар. Ол – Қазақ­­­станның экспорттық әлеуетін көтеру және экспорттық тауар­­­ларды әртараптандыру. Біздің экономикамыз көбіне-көп ши­кі­­зат­қа арқа сүйеп келгендіктен, оған шектен тыс тәуелді бо­лып қал­дық. Мұнайдың бағасы құлдыраса, дағдарыс басталып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары шикізаттың шылауынан шы­ғып, тауар­­ларды тереңдетіп өңдеуге, экономиканы барынша әр­­т­а­­­рап­­тандыруға тырысып жатқанымыз осыған байланыс­ты. Бұл орайда басқа арнайы экономикалық аймақтармен қатар, «TURKISTAN»-ға да салмақты міндет жүктелуі тиіс. 

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның басшылығына жаңа президент келгеннен кейін мемлекет басқа елдерге есігін айқара ашты. Ал 30 миллион халқы бар ел – үлкен нарық. Егер «TURKISTAN»-да өндірілген өнімдер Өзбекстанға шыға­рыл­са, бұл үлкен жетістік болады. Оған қоса, біздің оңтүст­ік өлкеміздің өзінің халқы да 3 миллионнан асады. Еліміз­дегі халық саны ең көп аймақ – осы Түркістан облысы. Іргелес орналасқан Жамбыл, Алматы облыстарының, Алматы қаласының да айтарлықтай көп халқы бар, үлкен нары­ғы бар. Яғни, «TURKISTAN»-да өндірілген тауарларды тұты­натын халық жеткілікті. Осы жағынан алғанда, арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті өте зор деуге болады. 

1998 жылы Астананың өңірлік жалпы өнімінің көлемі 60,5 миллиард доллар болған еді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ол көрсеткіш 5,8 триллионға өсіпті. Демек, осы жиырма жылға жетпейтін уақыт ішінде ӨЖӨ 95 есе көбейген. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының да әлеуеті өте зор, ол өңірлік жалпы өнімнің еселеп артуына ықпалын тигізе алады деп санаймын. 

Мадияр КЕНЖЕБОЛАТ,

экономика ғылымдарының кандидаты