Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Жемқорлық деректері білім саласында жиі кездеседі

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 8 ай көлемінде Түркістан облысында 170 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған жергілікті атқарушы органдары 25 мемлекеттік қызметкерінің 18-і пара алу дерегімен жауапкершілікке тартылса, 4-еуі алаяқтыққа жол берген. 

Жемқорлық деректері білім саласында жиі кездеседі

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың басым бөлігі Сарыағаш, Сайрам және бұрынғы Мақтаарал ауданына тиесілі. Аудан әкімі аппараты қызметкерлеріне қатысты 7 оқиға тіркелсе, әкімдердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа байланысты 6 дерек анықталған.

Бұл деректерді Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Н.Ешенқұлов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау жолдары талқыланған мәжілісте мәлімдеді. Жемқорлық деректері әсіресе, білім саласында жиі кездеседі. Мысалы, жыл басынан бергі 8 айда білім саласы бойынша 11 факті тіркелген. Оның ішінде 5 мектеп директоры және бір балабақша меңгерушісі парамен ұсталған. Бұл орайда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықова коррупцияның алдын алу үшін басқарма тарапынан бірқатар қызметтерді цифрландыру шаралары қолға алынғанын айтып өтті. Мәселен, балабақшаларға жолдама беру және кезекке қою автоматтандырылып, 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Яғни, адами фактор азайып, өтініштер электронды түрде реттелген. 902 орта мектеп mektep.sitcen.kz жүйесіне қосылып, оқушылар осы арқылы мектепке қабылданып жатыр. Сонымен қатар, 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданыпты. А.Садықованың айтуынша, қазіргі таңда жүйеде 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет тұр. Жаңа жүйе директорға немесе басқаларға жолықпай жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ал, техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорының құзіретінен алып тастап, аутсорсингке өткізу ұсынысы қарастырылып жатыр екен.

Мәжілісте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев парақорлыққа, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын айтып, қызметкерлеріне ескерту жасады. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын қолға алу, білім беру ұйымдарында мәдени-ағартушылық жұмыстарын атқару тапсырылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия жанынан ішкі талдау жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы тобы құрылып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуі тиіс.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы