Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Жолдау-2018: Басты мұрат – адамдық даму

749 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы Мемлекет Басшысының тікелей эфирден жолданған алдағы 2019 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауына бір кісідей құлақ түрді. Бұл үшін Қ.Жұбанов атауын иеленген конференц-залға кең форматты экран қойылды. Қазақстандық даму жолының барлық қырлары жан-жақты қамтылған кең тынысты кемел ойлы Елбасы Жолдауы аяқталғаннан кейін есімі елге танымал ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталыға жолығып, республика Президентінің жаңа Жолдауынан алған әсері жөнінде айтып беруін өтінген едік.

Жолдау-2018: Басты мұрат – адамдық даму

- Мемлекет басшысының кешегі Қазақстан халқына Жолдауының бұған дейінгі Жолдаулармен салыстыра қарағандығы басты өзгешелігі еліміздегі саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерге терең талдаулар жасалуында. Неден ұттық? Неден ұтылыс тауып жүрміз? Осындай басы ашық сауалдарға тайға таңба басқандай нақты жауаптар қайтарылғаны бұл Жолдаудың тағы бір артықшылығы. Ал оның басты мазмұны қандай дегенге мәселеге келсек, адамдық даму мен адами ресурстар бірінші кезекке шыққанына айқын көз жеткіземіз.

Рас, адами капиталдың өрісін тереңдету мен кеңейтуге қатысты бірқатар тұжырымдар Елбасы тарапынан бұған дейін де айтылған-ды. Ал бұл жолы шешімін табуға тиісті мәселелр түбегейлі тарқатылды деп айтуға толық негіз бар. Жолдаудың басынан аяғына дейінгі басты өзегі мен жұлыны қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтере түсуге бағытталған. Бұл ретте Елбасы мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын одан әрі көтеруді алға қояды. Дені сау ұлт қана іргетасы берік мемлекет құра алады. Осы орайда Жолдауда барша қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мен жақсартуға әрі орташа ғұмыр жасын одан әрі өсіру үшін алдағы жерде іске асатын кешенді шаралар жан-жақты қамтылғаны үлкен мерей.

Бұған дейін бірқатар жағдайларда тек бірыңғай экономикалық өсім жөнінде айтылып, адамдық дамуға қатысты мәселелер екінші кезекке ысырылып келгені де жасырын емес. Жолдауда осы екеуінің бірлігі мен үйлесіміне баса назар аударылған. Дәл осы мәселеге қатысты Ақтөбе өңірінен бір мысал келтіре кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Мұнда соңғы уақытта экономикалық өсім бес пайыздық мөлшерді құрағаны жиі айтылып жүр. Болмасын демейміз, болсын әрине. Өсім де құрасын. Сонымен бір мезгілде қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының деңгейі, жалақысының мөлшері, табиғи демографиялық өсімінің жай-күйі, адамның өмірі тіпті керек десеңіз оның өлімі жөнінде неге айтпасқа, неге бұл мәселелерге назар аудармасқа? Түйткіл туғызған тұстарға қатысты неге нақты шешім алмасқа? Өйткені қай кезде де қоғамеың басты тірегі әрі басты байлығы адамдар болып қала бермек. Осы тұрғыда Елбасының кешегі күні Қазақстан халқна арналған Жолдауы адамдық дамуға арналған Жолдау деп батыл түрде айта аламыз. Тағы бір айтайын дегенім, менің ойымша кең ауқымды, терең тынысты Жолдауда Қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде айтылған сөздердің үлес салмағы тым аз секлді көрінді. Ал, түйіп айтқанда бұл Жолдаудың орны да, мәні де мазмұны да айырықша деп білеміз.

Жазып алған:Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар