Парламент • 05 Қазан, 2018

Шымкент қаласынан Сенат депутаттары сайланды

927 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласынан Сенат депутаттарын сайлау процесі өтті. 

Шымкент қаласынан Сенат депутаттары сайланды

Шымкент қаласынан Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына барлығы 6 кандидат қатысты, заңға сәйкес, оның екеуін қалалық мәслихат, төртеуі өзін-өзі ұсынды. Дауыс беруге 29 таңдаушының, 26-сы қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланған алдын-ала нәтиже бойынша 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне 22 дауыспен Нурлан Бекназаров, ал 2014 жылғы 1 қазанда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне 21 дауыс жинаған Дархан Сатыбалды сайланды.

Сайлау процесін Еуразия Ұлттық Университетінің саясаттану мамандығының магистранттары мен баспасөз өкілдері Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтынан электронды бақылады.

«Заңға сәйкес мәслихат депутаттары таңдаған 2 кандидаттың бірі 2020 жылға дейін, екіншісі 2023 жылға дейін сайланады және өздеріңіз көріп отырғандай,  осы жылы да сайлау процесін электрондық сүйемелдеу қызметі қолжетімді. Бұл - саяси процестің халық алдындағы ашықтығын көрсететін жүйе. Естеріңізде болса, сайлаушыларды электронды тіркеу алдыңғы жылы 28 маусымда өткен Сенат депутаттарының сайлауында алғаш қолданылған еді» - деді ОСК сайлау бөлімінің меңгерушісі Мақсатхан Анапин.

Заң бойынша, Парламент депутатының өкілеттігі оны Республиканың Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде бекіткен сәттен басталады.

Еске сала кетейік, бүгінгі сайлау  Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №731 Жарлығымен тағайындалған.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»