Парламент • 05 Қазан, 2018

Қазақстандық сенаторлар Бішкекте ЕҚЫҰ ПА-ның отырысына қатысты

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев, Сенат депутаттары Михаил Бортник пен Дулат Құсдәулетов 3-6 қазан аралығында Бішкекте өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясына қатысуда.

Форумның күн тәртібіне шекаралық аймақтарда сенім мен өңірлік ынтымақтастық арқылы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру мәселелері енген болатын.

Сессия барысында «Орталық Азиядағы және одан тыс жерлерде қауіпсіздік жөніндегі үнқатысуға жәрдемдесу» тақырыбы бойынша парламенттік конференция өтті. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттердің бірі – халықаралық және аймақтық құрылымдармен ынтымақтастықты тереңдету, оның ішінде ЕҚЫҰ басымдыққа ие екенін атап өтті.

Қазақстан делегациясы басшысының пікірінше, экстремизм мен терроризм қаупі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің осы қатерге қарсы тұрудың тиімді стратегиясын жасау жөніндегі күш-жігерін тереңдете түсу қажеттігін талап етеді. Бірлескен күш-жігердің негізгі мақсаттары радикалды идеологияның таралуын болдырмау және тоқтату, зорлықшыл экстремизмге қарсы күресуге дайын барлық сындарлы күштермен өзара тиімді үнқатысу орнату болуы тиіс.

Бұл тұрғыда Т. Мұқашев БҰҰ аясында терроризмге қарсы жаһандық желі құру жөніндегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасының маңызына назар аударды. Парламент депутаты шараға қатысушыларға биылғы 28 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Мемлекет басшысының бастамасымен Бейбітшілікке қарсы бейбітшілік үшін мінез-құлық кодексіне қол қою рәсімі өткенін хабарлады. Құжат терроризмге қарсы күрес бойынша әріптес елдердің халықаралық ауқымды коалициясын құруға және 2045 жылы БҰҰ-ның 100-жылдығына терроризмнен азат әлемге қол жеткізуге бағытталған. Кодекске әлемнің 70-тен астам елінің сыртқы істер министрлері мен жоғары өкілдері қол қойды.

Сондай-ақ Қазақстан терроризмге қарсы күрес жөніндегі ЕҚЫҰ ПА-да арнайы комитеттің құрылуын жоғары бағалайтыны және ол парламентшілерге осы мәселені белсенді түрде шешуге мүмкіндік беретіні аталып өтілді.

Т.Мұқашев сондай-ақ Орталық Азиядағы және одан тыс жерлердегі трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан қабылдайтын шараларға тоқталды. Сенатор ақпараттық кеңістікте кибершабуылдар мен қақтығыстарды болдырмауға қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.