Үкімет • 06 Қазан, 2018

Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық жоспары дайындалады

533 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешевтің қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Жолдауды іске асырудың жалпыұлттық жоспары дайындалады

Премьер-Министр Бақытжан Са­ғын­таев отырысты аша отырып, Мемлекет бас­шысының бүгін жарияланған Жол­дауы халық арасында үлкен қолдауға ие болып жатқанын айтты. Үкіметтің не­гізгі міндеті – таяу келешекте аталған мін­дет­терді іске асыру; өңірлерге бөлінетін қара­жат­тардың жеткілікті көлемін қамта­масыз ету; қажетті шешімдерді жылдам қа­былдау. Халық бүгін аталған тапсыр­ма­лар­дың орындалуын күтпеуі керек, халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көруі керек.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтағанын еске салды. Ол екі құрамды бөліктен тұрады: халық кірісінің өсімі мен әлеуметтік қызметтер сапасынан, өмір сүруге жайлы орта мен қауіпсіздіктен тұратын өмір сапасының артуы. Бұдан өзге, Пре­зи­дент қыс мезгіліне, егін жинау науқа­нына, азық-түлік өнімдері мен көмір ба­ға­сының негізсіз өсу жағдайына және қоғам­дық-саяси жағдайдан көрінетін қазақ­стан­дықтардың көңіл күйіне қатысты басқа да мәселелерді бақылауда ұстайтын болады. 

Өз кезегінде үкімет мүшелері Мем­лекет басшысы алға қойған мін­дет­терді іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндады.

Кірістер деңгейін  арттыру

Ең алдымен халық кірісінің деңгейін арттыру шаралары қабылданады. Мә­се­лен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең тө­мен жалақы 1,5 есеге арттырылып, 28 мың теңгеден 42,5 мың теңгені құрайтын болады. Осының нәтижесінде 1,3 млн азаматтың еңбекақысы өседі. Бұдан өзге, 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35%-ке арттырылады. Бұл білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова Мемлекет басшысының ең төмен жалақы мөлшерін 1,5 есеге, 42,5 мың теңгеге дейін арттыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап «2019-2021 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» За­ңының жобасына тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.

Бұдан өзге, ең төменгі жалақының артуына байланысты жұмыспен қамтылған халықтың салық жүктемесі азайып, барлық жалдамалы жұмыскерлердің табысынан салықтық шегерімдер ұлғаяды. 6 млн-нан астам жалдамалы қызметкердің салық жүктемесі төмендетіледі.
Жалпы алғанда, ең төменгі жалақының өсуі экономиканың барлық секторларында төмен жалақы алатын 1,3 млн адамның еңбекақысының өсуіне әкеледі.

Білім беру сапасы  

Президент 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4%-тен 10%-ке дейін жеткізу туралы міндет қойды. Бұдан өзге, педагогтердің мәртебесін арттыру, жаңа мектептер салу, сондай-ақ, учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 20%-ке біртіндеп арттыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және Ас­та­нада жаңа ғылыми онкологиялық орта­лықты салу шаралары қабылданады.

Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ғадиев мектеп және мектепке дейінгі бі­лім беру сапасын түбегейлі жақсарту үшін министрлік әкімдіктермен бірлесе оты­рып, мектепке дейінгі білім беретін тәр­бие­шілердің біліктілігін арттыру және бірың­ғай біліктілік талаптарын енгізуді қам­ти­тын Жол картасын дайындайтынын айтты.

«Мектепте бұл іс басталып кетті. Биыл ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Ат­тес­тациялау нәтижесінде 34 мыңнан астам мектеп мұғалімі сәйкес біліктілік санаттарына ие болды. Бұл ұстаздарға қосымша тө­лем 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап төленіп жатыр. Жалпы, қосымша тө­лем мұғалім санатына қарай 30%-тен 50% аралығында өзгереді», – деді министр.

Білім беру саласы кесте бойынша халықаралық стандарттарға көшіп жатыр. 2019-2020 жылдары барлық бағалау жүйесі PISA, SAT, AST стандарттарына көшірілмек.

Бұдан өзге, мектептердегі оқушы ор­нының тапшылығын азайту жұмысы жал­ғасын табады. Балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін мектептер мен бала­бақшаларды 100% бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынады. Шамамен 4 мың бейнебақылау камерасы сатып алынбақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленеді. Заңда педагогтың әлеу­меттік мәртебесін көтеретін стимул­дар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тек­серістерді азайту мәселелері көрініс таба­ды. Сондай-ақ, Е.Сағадиев жоғары оқу орын­дарында оқыту сапасына қойылатын талаптар әрі қарай күшейетінін жеткізді.

Медициналық қызмет көрсету 

Медициналық қызметтерді ұсынудың маңызды буыны – емханалар мен амбулаториялар деңгейіндегі алғашқы көмек.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа медициналық қыз­мет көрсету сапасын жақсарту мақ­сатында барлық учаскелік медицина қыз­меткерлерінің жалақысы сатылай 20%-ке артатынын айтты. Яғни, бұл – 10 мыңнан аса учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикенің жалақысы жаңа әдістерді меңгеру деңгейіне қарай келесі жылдың соңына дейін өседі деген сөз. Бұл мақсатқа 5 млрд теңге бөлінеді. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға, негізгі аурулар кезінде асқынулар мен ауруханаға жатқызу санын азайтуға, сондай-ақ бала­лар мен жүкті әйелдерге сапалы мед­көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл қағазсыз ден­саулық сақтау жүйесіне көшу бойынша пилоттық жоба аяқталуда. Жоба пи­лоттық ұйымдардың 92%-інде жүзеге ас­ты. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз ме­ди­циналық құжаттармен жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, 2020 жылға қарай халықтың 100%-і электронды паспортпен қамтылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанадағы Ұлттық ғы­лы­ми онкологиялық орталықтың жаңа тұжы­рымдамасы әзірленді. Орталық құры­лысы Астанадағы қолданыстағы меди­циналық кластер нысандарының бірін­де тұрғызылмақ. Бұл орталықты бола­шақта Медицина мектебі мен Назарбаев университетінің ғылыми орталықтарымен интеграциялауға мүмкіндік береді. Онда онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеуге, оның ішінде ядролық медицинада, протон терапиясында, радиохирургияда, жасушалық иммунотерапияда қолданылатын заманауи технологияның бәрі болмақ. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Индустрияландырудың жаңа жолдары

Үкімет ұзақмерзімді перспективада ІЖӨ өсімінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде шикізаттық емес экспортты дамытуға қосымша ынталандыруды қамтамасыз етеді. Өңдеу өнеркәсібінің экспортқа бағытталған тиімді өндірушілерін мақсатты қолдауға көшу жүзеге асырылатын болады.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек экономикаға қосылған құнды одан әрі ұлғайту, экспортқа бағытталған өндірістік процестерді арттыру, адам әлеуетін және өмір сүру сапасын жақсартып, аймақтық және жаһандық тұрғыда ел экономикасының интеграциялануы жайлы баяндады.

Индустрияландыру жұмысын жандандыру үшін қысқа және ұзақ мер­зімді жаңа тәсілдер жасалды. Тауарлардың шығарылған қоржынын одан әрі «күр­делендіру» және сыртқы нарықтарға шығу ауқымын кеңейту басты басымдық болмақ. Өнеркәсіпті «цифрлық дәуірге» дайындау үшін қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, «модельдік зауыттар» құрылады. Өнеркәсіпті цифрландыру біздің кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі құрау­шы­ларының бірі болады. Сондай-ақ, экспорттаушыларға кешенді қаржылық және жалпылай қолдау көрсету ісі ны­ғаяды. Алдағы үш жылда бұл мақсатқа 500 млрд теңге бөлінеді.

Экспортты қолдаудан күтілетін әсер­лер арасында: шикізаттық емес экспорт­тың 2022 жылға дейін 1,5 есе өсуі, 2022 жыл­ға қарай шикізаттық емес экспорттың ІЖӨ-нің өсуіне жылдық үлесі 5 п.т. дейін ұл­ғая­ды, сондай-ақ экспортқа бағыт­тал­ған кә­сіп­орындар санының өсуі (450-ге дейін).

Сапалы және қолжетімді тұрғын үй

Президент Жолдауында айтылған тұр­ғын үй құрылысын дамытуды қол­дау туралы тапсырмаларын орындау көп­теген азаматтарға өздерінің өмір сүру жағ­дайларын едәуір жақсартуға және ел экономикасын дамы­ту­ға қосымша серпін береді. Бұл – жаңа жұ­­мыс орындарының құрылуы және құры­лыс саласының дамуы, отандық индус­трия және тиісті салалардың дамуы (жи­һаз, тұрмыстық техника, жабдықтар шығару).

Сапалы және қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 650 мыңнан астам (76,6 млн шаршы м) тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – шамамен 2 млн адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

Алдағы бес жылда «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жер­гілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды. Яғни, жас отбасылар мен бюд­жеттік саланың қызметкерлеріне бас­тапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бұдан басқа, «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» жүйесі арқылы 71 мың әске­ри және құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерін үймен қамтамасыз етуге арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылды.

Министр Ж.Қасымбектің айтуынша, мемлекеттік қаражатқа 20 мың жалға берілетін және 56 мың несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар, Мем­лекет басшысының алға қойған мін­деттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жал­­ға берілетін тұрғын үй құрылысын қар­­жы­ландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады.

Бизнес және инвестициялық ахуалды жақсарту

Үкімет Мемлекет басшысының бизнес-ортаны жақсартуға байланысты тапсырмаларын толық әрі уақытылы орындау жөнінде шаралар қабылдайды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысы барысын­да «Бизнестің жол картасы – 2020» мем­лекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру үшін жыл сайын шағын және орта бизнесті дамыту аясында қосымша 30 млрд теңге қарастырылатын болады деді. Қазірге дейін 4 мың жобаны қамтитын жаңа пул жасалды. Субсидиялар тікелей «Даму» КДҚ операторы арқылы берілетін болады.

Т.Сүлейменовтың айтуынша, бәсе­ке­лестікті дамыту мен монополияға қарсы жұмыс бойынша ТКШ тұрғысынан ұсыныстар Парламент қарауында жатқан (ҚР ИДМ заң жобасы) ТКШ мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында іске асырылады. ҰЭМ көлеңкелі айналымды жоюға қатысты ERP-жүйелерді және «кэшбектерді» пайдалану, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ескермеу бойынша бірқатар түзетулер әзірледі. Жыл соңына дейін бизнес ортаны дамыту мен сауда қызметін реттеуді жетілдіру жөніндегі заң жобасы аясында шағын және орта биз­­нес үшін «салық амнистиясын» жүр­гізу бойынша қажетті өзгерістер ескері­летін болады.

Агроөнеркәсіп кешенін өркендету

Үкімет Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды қолға алды. Осылайша, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзектендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтау бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады. Осы мақсаттарға қосымша жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлініп отырады, бұл агроөнеркәсіптік кешен алдына қойылған міндеттерді толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев Мемлекет басшысының Жол­дауындағы бастамалар мемлекеттің агро­сектордағы рөлін жаңа сапалы деңгейге шығаратынын атап өтті.

«Бүгінде мемлекет тарапынан агросекторды мемлекеттік қолдау іс жүзінде бюджетте қарастырылған қар­жы­лардан тұрады – 240 млрд теңге және көктемгі егіс жұмыстарына – 60 млрд теңге. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке жыл сайын республикалық бюджеттен 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін 600 млрд теңгеден ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есеге артуда», – деді Ө.Шөкеев.

Аграрлық ғылым мен білімді биз­нес­тің қажеттіліктеріне бағыттай отырып, реформалау және технологияларды трансферттеу шаралары қолға алынды. Үш бағытта жұмыс істеліп жатыр, олар – білім, ғылым және білім тарату жүйе­сі. Аграрлық білім берудің сапасын жақ­сарту мақсатында үш аграрлық оқу ор­ны білікті мамандар даярлау ісі­не жұмыл­дырылып жатыр. Оларға Назар­баев Университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі және шетелдік оқу орындарының франшизалары тартылады.
Нәтижесінде, АӨК субъектілерін 1,5-2%-тен 20-25%-ке дейін қамту көзделген.

Өңірлерді тұрақты дамыту

Мемлекет басшысы елімізді аумақтық дамытудың жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов атап өткендей, қазіргі уақытта ми­нистрлік Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр.

Аталған зерттеу еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының жаңа болжамды схемасын әзірлеуге негіз болмақ. Ол 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жіберілетін болады. Болжамды схеманы сапалы іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, жергілікті ин­фра­құ­рылымды дамыту басымдық болмақ: энер­гиямен жабдықтау, сумен жабдықтау және су тарту, жергілікті жолдар. 2018 жы­лы республикалық бюджеттен осы мақсат­тарға 332 млрд теңге бөлінді. Өңір­лерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде қалаларда орталық­тандырылған сумен жабдықтау – 100%, ауылдардағы орталықтандырылған сумен жабдықтау – 80%-ті құрайтын болады.

Аумақтық дамудың жаңа тәсілдері қа­лалар мен шалғай аудандардағы өмір сү­ру сапасын арттырады, сондай-ақ өңір­­­лік экономиканың дамуын ынталандырады.

Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету

Ұлттық экономика министрі Т.Сү­лейменов Ұлттық экономика минис­тр­лігінде Жолдауда айтылған міндеттерді орын­дауға қажетті, оны іс жүзінде жүзе­ге асырудың, қаржылық қамтамасыз ету­дің тетіктері және заңнамалық шара­лар­ға қа­тыс­ты нақты жоспары бар еке­нін атап өтті. Со­ған орай, Мемлекет басшы­сы­­ның Жол­дауын іске асыру жөнін­дегі жал­пы­ұлт­тық жоспарды әзірлеу жұмыстары басталды.

Өз кезегінде қаржы министрі Әлихан Смайылов білім беру мен денсаулық сақ­тау салаларын осы салаларда шы­ғын­дар­дың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қолдауды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты. Ең төменгі жалақы көлемін өсіруді іске асыруға жыл сайын 96,3 млрд теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 85,8 млрд теңге тікелей 275 мың азаматтық қыз­меткердің жалақысын көтеруге жұм­салады. Ал 10,4 млрд теңгесі – салық­тық шегерулердің артуына байланысты өңірлердің табыс бөлігінің шығындарының орнын толтыруға бағытталады. Олар ЖАО-ға мақсатты трансферттер түрінде жеткізіледі. Нәти­же­сінде, жалпы экономика бойынша жалақыны өсірумен 1,3 млн адам қам­тылады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты қосымша қаржыландыру 500 млрд тең­ге көлемінде іске асырылады. ШОБ-ты дамытуды мемлекеттік қаржылық қол­даудың жалпы көлемі 2019-2021 жж. 206,4 млрд теңгені құрайды.

«Үш жылдық бюджет аясында білімге жұмсалатын шығындарды биыл 456,3 млрд теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд теңгеге дейін немесе 65%-ке арттыру жос­парланып отыр. Осы кезеңде денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 24%-ке, 1076,2 млрд теңгеден 1339,1 млрд тең­геге дейін өсіру көзделген», – деді Ә.Смайылов.

Мемлекет басшысының салық заң­на­масының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегі бо­йынша тапсырмасын орындау үшін Қылмыстық кодекстің 3-бабына заңды тұлғалардың бюджетке 20 000 АЕК (48,1 млн теңге) бастап 50 000 АЕК (120,2 млн теңге) дейінгі көлемдегі салықты және басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруынан болған зардаптың шекті деңгейін көтеру бойынша өзгерістер енгізілетін болады. Қаржы министрі атап өткендей, салық амнистиясы бойынша Мемлекет басшысы 01.01.2019 ж. бастап шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды.

Осылайша, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларын орындауды қар­жылай қамтамасыз етуге бюджеттік мүм­кін­діктер есептелді. Шығыстардың басқа бағыттарын және бұған дейін қабыл­данған мемлекеттік міндеттемелерді оңтай­ландыру қажет емес. Алдағы үш жыл­да 1 триллион 226 млрд теңге қара­жат бағытталады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өз баяндамасында Ұлттық банктің бүгін ел Президентінің Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды орындайтынына сендірді.

«Ин­фля­цияның төмендеуі – бұл несие бойын­ша мөлшерлемелерді тө­мен­дету, халық­тың нақты табысын көте­ру және эко­номикадағы барлық шығын­дарды төмен­дету үшін басты фактор. Үкіметтің, Ұлт­тық банк пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы биыл инфляцияны белгіленген мақсатты дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді Д.Ақышев.

Отырыс барысында Ішкі істер ми­нистрі Қалмұханбет Қасымов ІІМ жүйе­сін реформалау жоспарлары туралы баян­дады.

«Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10%-ке қыс­қар­туды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 – ҚАЖК. Бюд­жет қаражатының қалыптасқан үне­мін қызметкерлердің лауазымдық жала­қы­ларын арттыруға пайдаланамыз», – деді Қ.Қасымов.
Ішкі істер министрінің айтуынша, сондай-ақ жол-патрульдік поли­ция­сының саптық бөліністері қызмет­керлерінің, учаскелік полиция инспек­торларының және кәмелетке толмаған­дар істері жөніндегі учаскелік инспек­тор­лардың тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеуді қарастыру қажет.

Бұдан өзге, реформалау аясында: ІІМ-ді өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оң­тай­ландыру жоспарда бар. Сапаны арт­тыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадр­ларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған.

Мәселені қарау қорытындысы бойын­ша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осылайша, Жолдаудың барлық бағыттары бойынша іс-шаралардың жал­пы ұлттық жоспары дайындалады. Ұлттық экономика министрлігіне Үкі­метке Елбасы Жолдауын іске асыру жө­нін­дегі жалпы ұлттық іс-қимыл жоспарын бекіту туралы тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды. Президенттің әр­бір тапсырмасына жекелей жетекші тағай­ын­далуы керек, оны іске асырудың нақты мерзімі белгіленіп, қатаң бақылау жасалуы керек.

Енді Мемлекет басшысының Жо­л­дауын өңірлерде түсіндіру жұмыстары бас­талады. Бұдан өзге, 20 қазанға дейін Жолдауды ақпараттық қолдау мақ­сатында Үкімет мүшелерінің басшы­лы­ғымен мемлекеттік органдардың және түрлі ұйымдардың өкілдерінен тұра­тын республикалық ақпараттық топтар­дың сапарлары жоспарланып отыр. Әкімдер ақпараттық топтармен кездесу­лерді өткізуге дайындық жүргізуі керек. Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, орталық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында Жолдауға қатысты ақпараттарды жариялау тапсырылды.

«Адамдар Мемлекет басшысының алға қойған әрбір тапсырмасының маңыз­дылығын және оны іске асыру кезең­дерін түсінуі керек», – деді Б.Сағынтаев.