Білім • 06 Қазан, 2018

Тілектес Есполов: Жаңа белеске жетудің тың талаптары

681 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақордада халыққа жариялаған биылғы Жолдауы әр қазақстандықтың көкейінде жүрген өзекті сауалдарға жауап берді.

Тілектес Есполов: Жаңа белеске жетудің тың талаптары

Егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған жаңа Жолдауды Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушы-ғалымдары мен білім алушы жастары ерекше ықыласпен қабылдады. Әрбір Жолдау – бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын бағамдайтын маңызды стратегиялық құжат. Елбасы өткен жылы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялап, алдымызға нақты міндеттер қойған болса, биылғы Жолдауында сол міндеттерді тиімді іске асыруды жалғастыра отырып, ел экономикасын жаңа белеске көтеру көзделген. Жолдауда атап көрсетілген басымдықтардың қай-қайсысы да еліміз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл Жолдау халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа әлемге, яғни өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. 

Ең бастысы, Мемлекет басшысының алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауға ұсыныс беруі – барша қазақстандық жастарға тың серпін берді. Бәсекеге қабілетті, инновацияға бейім, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындап, заманауи ғылымды игеріп, озық біліммен қаруланған жас­тар – қашанда еліміздің жарқын болаша­ғын қамтамасыз ететін алып күш. Елбасының жастарға үнемі қолдау білдіріп, үлкен сенім артып отыруы – кемел келешегіміздің кепілі. Жолдауда қамтылған тағы бір ерекше жаңалық – Елбасы идеясымен республикамыз бо­йынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басталғаны. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ауылдардың әлеуметтік ортасын жаңғырту. «Ауыл – алтын бесік» деп білетін қазақ қоғамы үшін бұл жоба айрықша мәнге ие болатыны сөзсіз. Жаңа Жолдауда жоғары білім беру мен ауылшаруашылық саласына ерекше көңіл бөлінген. Бұл әсіресе аграрлық мамандық бойынша білім алатын жастарға, ауылдық жерлерде шаруашылықпен айналысатындарға, жалпы ауыл шаруашылығындағы ғалымдарға үлкен серпіліс беруде. Сондай-ақ Жолдауда еліміздегі жоғары оқу орындары Назарбаев Университет үлгісінде оқу бағдарламаларын жаңартып, заманауи білім мен әлемдегі үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуы тиіс екендігі айтылды. Бұл қазіргі уақытта жаңа талаптар бойынша білім беру ісінде инновациялық бағыттар мен кешенді бағдарламалар, жаңа стандарттар енгізу қажеттігінен туындап отыр.

Мемлекет басшысының айтуынша, университеттер жұмысқа орналасқан түлектердің санына қарап бағалануы тиіс. Елбасының – «Нарықта тек жоғары біліммен қамтамасыз ете алатын университеттер қалуы керек. Назарбаев Университеттегі шетелдік үздік менеджерлерді ескере отырып, жаһандық университеттермен серіктестікті нығайту маңызды» деп атап көрсетуі жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр Жолдау сайын ауылшаруашылық саласына басымдық беріп отыратын Мемлекет басшысы бұл жолы да Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мамандарын жаңа технологиялар бойынша жаппай оқыту керектігін атап өтіп, еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің бар әлеуетін тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Жаңа Жолдауда аграрлық саясаттың негізгі міндеті – еңбек өнімділігін ұлғайту, 2022 жылға қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру керектігі баса айтылды.

Аталған талап бойынша біз ғылым, білім, өндіріс интеграциясын күшейтіп, жаңа технологиялар арқылы экспорттық әлеуетімізді арттыруымыз қажет. Қазіргі кезде Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2010 жылдан бері қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып әлемдік деңгейдегі Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда. 90 жылға жуық тағылымды тарихы бар университеттің барлық инновациялық қызметі тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және ауылшаруашылық өндірісін ұлғайтуға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экспортқа бейімделген, бәсекеге қабілетті өнімдердің өндірісін арттыруға бағытталған.

Жолдауда Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтып, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінеді деді. Қазақстанның қазіргі кездегі экономикалық саясатының басты бағыты – экспортқа шығу. Сондықтан Елбасы шикізатты өңдеу саласына басымдық беру қажеттігіне тоқталып, «экспортқа бағытталған индустрияландыру – экономикалық саясаттың орталық элементіне айналуы тиіс» деп атап өтті. Осы орайда Президент шағын және орта бизнеске салық амнистиясын жүргізуді тапсырды. Ол бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қалыптасқан айыппұлдар мен салық борыштары бойынша өсімдер жойылады. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен жеңілдік. Жолдауда белгіленген межелер мен іс-шаралар білім саласын заманауи талап биігіне көтеруге серпін берері сөзсіз. Ішкі ­жалпы өнімнің 10 процентіне дейін білім, ғылым, денсаулық қажетіне бөлу – оқу орындарының екінші тыны­сын ашады, бірінші кезекте ма­териалдық базасын жаңалап, жақ­сартуға мүмкіндік береді. 

Жолдауда айтылған міндеттемелерге сүйене отырып, біз жастарымыздың білім алуына, ғылымға ұмтылуына, өндіріспен айналысуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сондықтан жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек мүмкіндік беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық нормаларға сәйкестендіру керек. Жаңа буын жастарын тәрбиелеп, білімді ұрпақ өсіру үшін Елбасы ұстаз мәртебесін заң жүзінде бекітуді қоғамдағы маңызды мәселенің бірі етіп көрсетті. Ұстаз мәртебесінің түскені, білім мекемелерінде, жалпы оқу орындарында әдепсіздік орын алып, ұстаздар қауымына деген сый-құрметтің азайып кетуінен туындап отыр. Сондықтан ұстаздың мәртебесі мен беделін арттыру үшін әр білім алушы жас, әр ата-ана жауапты болуы керек. Өйткені ұстазы мықты жастар еліміздің ертеңгі болашағы болатыны сөзсіз.

Еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері жан-жақты дамып, қарышты реформаларымен әлемге танылды. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде мемлекетімізде тұрақтылық пен бейбітшілік, ынтымақ пен береке орнап, халықтың ертеңгі күнге деген сенімі артып келеді. Жаңа сипаттағы биылғы Жолдаудың мазмұнына үңіле отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету – Елбасы саясатының басты бағыты екендігіне тағы да көз жеткіздік.

Тілектес ЕСПОЛОВ, 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, 

ҚР ҰҒА академигі

АЛМАТЫ