Қазақстан • 06 Қазан, 2018

Еламан Қабділәшім: Ауыл – ырыстың көзі

1467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еламан Қабділәшім: Ауыл – ырыстың көзі

«Ауыл – ел бесігі» дейтін жобаны ұсынған Елбасы ауылсыз келешек жоқ, өмір жоқ екенін санамызға құйып берді. Қазақтың небір ғалымдары, зия­лы қауым өкілдері ауыл дейтін алтын бесіктен түлеп ұшты. Өзі де ауылда өсіп, жетілгенін айтқан Елбасы баршамызды сүйсінтті. Бұл сөзіме Жолдауды тамашалаған жұрт куә. Мен де туып-өскен ауылымның болашағына титтей де болса үлес қосуды армандаймын. Мен секілді жастардың көпшілігі сол ойда деп білемін. Кей сәттері «қаладан жұмыс таба алмаған соң, тұратын жері болмаған соң ауылға келіп жұмыс жасауға мәжбүр» деген қасаң пікірді құлағымыз шалып қалады. Шын мәнісінде олай емес. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен кез келген маманға, жас болсын, жасамыс болсын, қалалы жердің кез келген мекемесінен орын табылады.

Ауылды қадірлеу, ауылды көркейту, ауылға тағзым ету – болашаққа алаңдау, келешекке қамқорлық жасау. Қазақ елінің негізгі байлығы – ата-бабамыздан қалған мал шаруашылығы. Төрт түлігі сай болған жанның – көңілі жай. Ал мыңғыртып мал ұстау тек ауылды жерде ыңғайлы. Жасыл жайлау, шүйгін шөп, мөлдір су. Бау-бақша, көкөніс өсіру, егін ору секілді ауыл шаруашылығының маңызды жұмыстары да ауылда жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге спорттың сайыпқыран саңлақтары да ауылдың шаңында шыныққандар. «Ел іші – өнер кеніші» дейтін қазақ нақылы бекерге айтылмаса керек. Біздің Баянауыл ауданының қай ауылына барсаңыз, қос ішектен тараған қоңыр күй, әуезді ән, мөлдір жыр жүрегіңізді жаулап алады. Міне, Елбасының ауылды ел бесігіне теңеп отырғаны бекер емес.

Ауылдың болашағы үшін жасалар жұмыстардың берекелі болатынына сенімдімін.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ, 

жас ақын