Қазақстан • 06 Қазан, 2018

Тасқын Тойбаев: Әл-ауқаттың өсуі тұрақтылық пен тыныштық әкеледі

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында халық өмірінің сапасын арттыру мәселесі мемлекетік саясатта әлеуметтік тұрғыдан алғанда маңызды міндет саналды және солай болып қала бермек.

Тасқын Тойбаев: Әл-ауқаттың өсуі тұрақтылық пен тыныштық әкеледі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауларымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті. Биылғы жолдау жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болып, көптеген жақсы пікірлер айтылуда. Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттар халықтың әл-ауқатын арттырып, көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз.

Дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген өркениетті озық елдері өз халқын әлеуметтік қолдаудан шектеп қойған тұста, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әр жылдардағы әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайларына қарамастан Қазақстанда бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақылары, жалпылай алғанда халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына берілетін зейнетақы мен төлемдер арттырылып отырды.

Мемлекет басшысы биыл ең төменгі жалақының мөлшерін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл арқылы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен 1,3 миллион қазақстандықтың кірісі өседі. Архив қызметкерлері де жағымды жаңалыққа бек қуанышты. Бұл өз кезегінде осы салаға қызығушылығы бар мамандарды ынталандырады. Себебі, әлеуметтік сала қызметкерлері арасында ең төменгі жалақы алатын – архив саласының қызметкерлері екенін айта кетейік. Бірақ, жалақы аз деп сала мамандары ешқашан қол қусырып отырған жоқ. «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ қазіргі таңда 27 маман қызмет атқарады. Оның 20-сы жоғары білімді, білікті мамандар. Олар кино тарихын, ән өнерін, мәдениет пен салт-дәстүрлерді зерттеу үшін қазақстандықтарға құнды құжаттардың қолжетімді болуына жағдай жасап келеді. ҚР Президенті 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Негізі, Президенттің қай жылғы Жолдауын алсақ та, халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көтерумен қатар, жастардың жұмыспен қамтылуына баса назар аударатынын көреміз. Білімді жастарды жұмыспен қамту бойынша архивіміз қалыс қалып отырған жоқ. Биылдың өзінде архивімізге 5 бірдей жас маман жұмысқа орналасты.

Жолдауда Елбасы Ұлттық жаңғыру комитетін құруды тапсырды. Ұлттық жаңғыру – рухани жаңғырумен біте қайнасып жатыр десек, Мемлекет басшысы атап көрсеткен бағыт-бағдарлардың арасында қазақстандықтар жаңалықтарға зерек болып, жаһандық үдерістерге ілесу арқылы басқа елдердің озық жетістіктерін бойға сіңіруге дайын болулары қажет айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, халықтың тарихи жады мен рухани құндылықтары Қазақстанның бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін шешуге көмектесетін фактор. Адамды тілі, діні, ділі, мәдениеті, салт-дәстүрлері арқылы ғана тәрбиелеуге болады. Бұл құндылықтар архив саласымен тығыз байланысты. Адам тарихтың тамырын архивтен іздеп табады. Өз жерін, елін танып-білген, рухани құндылықтармен сусындаған, оны бойына сіңірген азаматтар ғана нағыз отаншыл патриот болмақ.

Қазіргі таңда бәріміздің алдымызда тұрған ең басты міндет – Президенттің Жолдауын халыққа түсіндіру және оның жүзеге асырылу барысына қоғамдық тұрғыда атсалысу. Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруымыз керек. Биылғы Жолдау барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы десек те болғандай. Ең бастысы елге бірлік пен ынтымақ керек. Елбасы айтқандай, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз!

Тасқын ТОЙБАЕВ,

«Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ директоры