Әлем • 07 Қазан, 2018

Шығыс Азиядағы халықаралық қатынастардың бүгінгі ахуалы

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6 қазан АҚШ-тың мемлекеттік xатшысы Майкл Помпео Пxеньянға кетіп бара жатқан жолда Токиоға тоқтап, Жапонияның Премьер-министрі С. Абэмен кездесіп, екі жақ та "АҚШ пен Жапония және Оңтүстік Корея боп бірігіп, Солтүстік Кореяға қысым жасауды жалғастыруымыз керек" дегенді қайталап мәлімдеді.

Шығыс Азиядағы халықаралық қатынастардың бүгінгі ахуалы

Ал дәл сол тұста Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрінің орынбасары Чхве Сон Хи өз басшысының арнайы тапсырмасымен Мәскеуге кетіп бара жатқан жолда Пекинге соғып, "Қытай, Ресей және Солтүстік Корея боп бірігіп, əлгі үш ел тарапынан қандай қысым болса да төтеп беруге дайынбыз" дегенді білдіріп отыр. 

Алыптарды бір-біріне қарсы қоя білген Солтүстік Кореяның дипломатиясы бұған дейін де солай еді, бұдан кейін күмәнсіз Шығыс Азия ғана емес, әлемдік геосаяси аxуалдың ең басты элементіне айналмақ. 

Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартқызу Трамп әкімшілігінің ең басты дипломатиялық жетістігі болуға тиіс болса, ол кісіге "ренжіп жүрген" Путин мен Си Цзинпинь оның ондай ойының іске аспауына барын салуда. 

Солтүстік Кореяның қандай да бір проблемасын Ресей мен Қытайды өзіне қарсы қою арқылы шешу мүмкін емес екенін Вашингтон жақсы біледі. Ал Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартпайтын жағдайда Оңтүстік Корея мен Жапониядағы АҚШ-тың қарулы күштері көбеймесе азаймайтынын Мәскеу мен Бейжің одан да жақсы біледі.

АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея сынды мына дүниенің азулыларын көздегеніне көндіріп, өз дегеніне сендіріп отырған кіп-кішкентай Солтүстік Кореяның дипломатиясы ана бес алыптың дипломатиясынан әлдеқайда мықты болып тұрғаны дипломатияның қандай болу керек екенінің үлгісі секілді.

Солтүстік Кореяның дипломатиясын ұғып алмай, Шығыс Азиядағы xалықаралық қатынастардың бүгінгі аxуалын түсініп, келешегі жайлы болжам жасау құр әурешілік болғалы тұр. 

Жалпы, қазіргі таңдағы xалықаралық қатынастар саласында Солтүстік Кореяға қатысты жағдайды бақылап отыру өзекті мәселеге айналып отыр. Осы тұрғыда корей тілі мен жапон тілін жетік білетін шығыстанушы мамандардың білімін дұрыс пайдалана білу қажет деп ойлаймын. 

Өйткені, бұл елді жанындағы Оңтүстік Корея мен Жапониядан артық ешкім білмейді.

Қай заман болмасын, қай ел болмасын, әрқашан әркім ең алдымен өзінің басты жауын таныған, не айтып, не деп, не ішіп, не жеп отырғанына дейін білуге тырысқан. 

Қытайды да, қытайлар мен корейлердің арасында не болып, не болмай жатқанын осы жапон мен корейден артық ешкім білген емес. 

Бүгінгі таңда Қытай мен Қытайдың қолдауын негізгі дипломатиялық карта ретінде пайдаланып отырған Солтүстік Кореяға қатысты жағдай басты геосаяси орынға шыққан Шығыс Азия аймағы бағытындағы дипломатиямызды күшейтуге ерекше көңіл бөлудің  маңызды екенін көрсетеді.

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, шығыстанушы