Қазақстан • 08 Қазан, 2018

Мақсат – елдің әл-ауқатын арттыру

666 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аст­ана қаласындағы Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Респуб­ликасы Кәсіподақтар федерациясының кеңейтілген жиналысы болып өтті. Оған барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, кәсіптік одақтар жүйесінің ардагерлері және басқа да шақырылған ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мақсат – елдің әл-ауқатын арттыру

Бұл алқалы басқосу Мем­лекет басшысы Нұрсұл­тан На­зар­баевтың «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты күні кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналды. 

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл Жолдауында айтылған барлық тұжырымдар кәсіподақтар қызметінің маз­мұ­ны­мен тікелей қабысып жатыр. Сондықтан біз Жолдаудың негіз­гі арқауы болып табылатын қазақстандықтардың әл-ауқа­тын жақсарту мақсатындағы үр­діс­терді жаңғырту жұмыстарының алдыңғы қатарынан табылуымыз керек», деді жиналыстың бет­ашар сөзінде Кәсіподақтар фе­де­рациясының төрағасы Бақытжан Әб­дірайымов. Адамның тұрмыс деңгейі ай сайын алатын жала­қы­сының мөлшеріне байланысты екендігін айта келіп, ол Жолдауда: «Үкіметке 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды», деп атап көрсетілген. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, егер орташа есеппен отбасында төрт адам болатындығын ескерсек, Елбасының Жолдауында ай­тылған осы бір ғана мәселе елі­міздің 4 миллионға жуық тұр­ғынын қамтиды екен. Сонымен бірге алдағы уақытта аз қам­тылған адамдардан алынатын салық деңгейі де біршама тө­мендейтін болады. Мұның бәрі біздің Ата Заңымызда атап көр­сетілген әлеуметтік мемлекет қағидаларына барынша сәйкес келеді», деді Кәсіподақтар феде­ра­циясының төрағасы. 

Одан әрі ол өз сөзінде бұдан бы­лай ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайтындығын, ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика аумағындағы еңбекақы өсімін арттыратын игі қозғаушы күшке айналатынын атап көрсетті. Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бұл тарихи құжаттың еліміздің орта және шағын бизнес саласын екпінді дамытуға тың серпін беретіндігін де тілге тиек етті. 

Қазақстан Республикасы Кә­сіподақтар федерациясының бас­қосуында сөз алған Ауыл шаруа­шылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Егор Каппель Мемлекет басшысының аталған Жолдауының бірінші кезекте ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға арналған тарихи құжат екендігін тілге тиек етті. Елбасы ауыл кәсіпкерлеріне ша­руашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйретудің маңыз­дылығын атап көрсете келіп, Үкі­метке алдағы үш жыл ішін­де осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсыр­ды. Бұл шын мәнінде ауыл тұрғын­дарының еңбекпен қамтылуын жақсартудың жаңа бір тиімді жолы екендігі даусыз. 

Мемлекет басшысының Қа­зақ­стан халқына арнаған Жол­дауын талқылауға арналған елі­міз кәсіподақтарының алқалы бас­қосуында Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері сала­лық кәсіподағының төрайы­мы Светлана Иманқұлова, Аста­на қаласы Кәсіподақтар орта­лығының төрағасы Тастанбек Есентаев және басқалар сөз сөйлеп, Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға байланысты Жолдауда атап көрсетілген негізгі тұжырымдарды тілге тиек етті. Жиналысқа қатысушылар Ел­басының Жолдауында көтерілген кө­кейкесті мәселелерін нақты іс жүзіне асыруда еліміздің кәсіп­тік одақтар саласының қыз­мет­керлері барынша белсенділік танытатындығын бірауыздан атап көрсетті.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»