Қазақстан • 08 Қазан, 2018

Оралда мұғалімдерге арналған орталық ашылды

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы №19 орта мектеп базасында мұғалімдерге арналған ресурстық орталық ашылды. Осы жерде ұстаздар білім саласына еніп жатқан жаңа технологиялар мен жаңашыл идеялармен танысып, оқу үдерісінде қолдануды үйренеді.

Оралда мұғалімдерге арналған орталық ашылды

– Өңірде мұндай ресурстық орталықтың ашылуы – біздің ұстаздар қауымы үшін үлкен көмек, зор мүмкіндік. Енді олар өздерінің теориялық білімін нақты іс жүзінде пайдаланып, оқыту үдерінде озық технологияны қолдануды үйренеді, ғылым-білімнің жаңа жетістіктері мектеп өміріне енеді. Осы жерде ұстаздар бір бірімен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ мұнда сабақ беру үлгілерін бейнежазбаға түсіріп, ауыл мектептеріне таратуға да мүмкіндік бар. Цифрлық ресурстарды мектеп өміріне батыл енгізу – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр, - деді орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Оралдағы ресурстық орталық – білім саласын дамытушы инновациялық Bilim Media Group компаниясының Ақ Жайық ұстаздарына мерекелік тартуы болды. Осылайша өңір мұғалімдері bilimland.kz республикалық білім жүйесіне қосылды.

2011 жылы құрылған Bilim Media Group компаниясы бүгінге дейін 40 мыңнан астам бейнесабақ, 250 мыңнан аса білім беруді жаңарту технологиясын таратқан. Компанияның ресурстық орталықтары бұған дейін Астана, Талдықорған, Шымкент қалаларында ашылған екен.

– Жаңа орталықта мұғалімдер ақпараттандыру орталығы мен облыстық әдістемелік кабинет түзген кесте бойынша білім жетілдіретін болады. Оған қоса осы жерде мектеп оқушыларының ата-аналарына арналған семинарлар да өткізуді жоспарлап отырмыз. Жаңа технологияның көмегімен біздің мұғалімдер ұстаздық шеберлігін бұрынғыдан да арттыратыны сөзсіз, - дейді Батыс Қазақстан білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар