Мамандар тарапынан жыл жекпе-жегі деп бағаланған UFC кешінде ресейлік Хабиб Нурмагомедовтің мерейі үстем болды. Бес раундқа созылған кездесудің 4-раундында Хабиб қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Бір қызығы, Макгрегор Нурмагомедовтің күрес әдісіне салып айқасатынын біле тұра, оған қарсы ешқандай айла ойлап таба алмады. Тіпті ара қашықтықты да сақтаған жоқ. Және ол Нурмагомедовтен ауыр соққы аламын деп еш ойламаған сыңайлы. Конор дәл осы әдіске айла таба алмағанының салдарынан жеңіліп қалды деуге толық негіз бар. Хабиб болса бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білді.
UFC 229 спортынан Хабиб пен Конор арасында чемпиондық жекпе-жек өтеді деген сәттен бастап жанкүйерлер бұл кездесуді тағатсыздана күтті. Тіпті ирландиялық файтер баспасөз мәслихатында қарсыласына түрлі сөз айтып, балағаттап баяғы әдетіне басты. Бұл оның көрермендердің делебесін қоздырып, жекпе-жекке деген қызығушылығын шама келгенше одан әрі ояту болатын.
Жекпе-жектің қызығы кездесу алдында емес, кездесу уақытында емес, айқастың соңында болды. Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөзді UFC спортына орайластырып, «бұл жекпе-жектің болғанынан біткеннен кейінгісі қызық» болды деп айтсақ еш сөкеттігі жоқ шығар. Хабиб Нурмагомедов жеңісінен кейін сабыр сақтай алмай, октагон сыртында отырған Конордың командасындағы бір өкілмен де аз-кем айқасып қалды. Ал октагонның ішінде Нурмагомедов командасының өкілдері Макгрегорге бір-екі соққы жасап үлгерді.
Осындай тәртіпсіздіктен соң UFC президенті Дана Уайт екі спортшыны да октагоннан шығарып жіберді. Нурмагомедов «мен жеңіске жеттім, маған чемпиондық белдігімді беріңдер» деп уәж айтқанымен, Уайт оған сегіз бұрыштан белдіксіз шығатынын мықтап түсіндірген соң ғана ресейлік спортшы алаңды босатуға мәжбүр болды. Жыл жекпе-жегіне баланған айқас төбелеспен аяқталды. Мамандардың айтуынша, бұл кездесу мұнымен біткен жоқ, жанкүйерлерді алда екінші жекпе-жек күтіп тұрғанын айтады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»