Байып кетсең байлыққа көп құнықпа,
Жүректегі иманыңды суытпа.
Ей, бауырым, сол байлықты Алланың,
Өзі беріп, өзі аларын ұмытпа.
Осы сөзді оқығаннан кейін оның қазақ тілін білетініне еш күмәніміз қалмаған. Иә, Екатерина өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған Шемонаиха ауданында тұрады екен. Қазір аудан орталығындағы Мәдениет үйінде әнші болып жұмыс істейтін ол 1991 жылы Бесқарағай ауданының Бозтал ауылында дүниеге келіпті. «Қазақ тілін осындағы мектепке барғаннан кейін үйрендім. Апам мен әкем үйде орысша сөйлейтін. Біз осы ауылдағы жалғыз орыс отбасы болдық. Жасыратыны жоқ, мектепке барған кезде қиындықтар кездесті. «Мектепке барғым келмейді, оқығым келмейді, қазақ балалар бізді бөледі» деп жылаған кездеріміз де болды. Апайым мен сіңілім де осы мектепте оқыды. Не керек, ақыр соңында қазақшаға судай болып шықтық қой», – дейді Екатерина.
Екатерина Бозталдағы мектепті бітіргеннен кейін Шемонаихадағы гуманитарлық-техникалық колледжде «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алғанымен бүгінде өнер жолында тер төгіп жүр. Өзінің айтуынша, репертуарында 30-дан астам қазақ әні бар. «Бір тылсым күш мені өнер саласына жетелегендей болды. Әйтпесе ешқандай музыкалық білімім жоқ. «Дедім-ай, ау», «Көзіңнің мөлдірін-ай» деген секілді халық әндерін орындағанды жақсы көремін. Гүлмира Сарина шырқайтын «Шығысым, шырайлы елім» әнін де жиі айтамын. «Кешікпей келем деп ең» деп, Шәмші әндерін де әуелетемін. Тамара Асар, Роза Әлқожа, Ерке Есмаханның әндері де жүрегіме жақын. Репертуарымда орысша әндерден гөрі қазақша әндер көп. Қазір тойларға да жиі шақырады. Өзімнің әріптесім Нұрболат Райысов екеуміздің «Ақниет» деп аталатын дуэтіміз бар», – дейді кейіпкеріміз.
Екатерина – қазақтың келіні. Бүгінде жолдасымен бірге Аяулым, Нариман есімді ұл мен қызды тәрбиелеп отыр. «Байып кетсең байлыққа көп құнықпа, Жүректегі иманыңды суытпа» деп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазғанындай, осыдан 10 жыл бұрын ислам дінін қабылдапты. «Ислам дінін тұрмысқа шықпай тұрып қабылдадым. Қазақ тілі туған тілім сияқты. Шынын айтсам, орыс тілінен гөрі ойымды қазақша оңайырақ жеткіземін. Қызымыз Аяулым орысша мектепке, ұлымыз Нариман қазақша балабақшаға барады. Үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Өзге ұлт өкілдерінің саны басым болғандықтан Шемонаихада халықтың көбі орысша сөйлейді. Жолдасым кей кездері қазақшадан гөрі орысша көп сөйлеп кетеді. Кейде оған да қазақша үйретіп жіберетінім бар (күлді). Шемонаихалықтар менің қазақшама әуелде таңғалатын, қазір үйреніп алған секілді. «Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуі керек. Ақырындап меңгеруі керек» деп үнемі айтып жүремін. Өйткені қазақ тілі – мақтанышымыз, болашағымыз», – дейді ол.
Екатерина Бейсембаева былтыр Глубокое ауданында өзге ұлт өкілдері арасында өткен облыстық «Абай оқулары» байқауында жеңімпаз атаныпты. Тарбағатай ауданында ұйымдастырылған «Тарбағатай жұлдыздары» халықаралық ән байқауына қатысыпты.
Ана тілімізді ардақтаудың үздік үлгісін көрсетіп жүрген жанның ендігі бір арманы – жоғары білім алу. «Семей мен Өскеменнің бірінде музыкалық білім алып, өнерімді одан әрі шыңдай түссем деймін. Және осы мүмкіндікті пайдаланып мені үнемі қолдап, бағыт-бағдар беріп жүретін аудандық Мәдениет бөлімінің басшысы Әлия Селтеева мен Мәдениет үйінің директоры Қарақат Атахановаға алғысымды жеткізгім келеді», – дейді Екатерина.
Әріптестерінің Екатеринаға деген құрметі өзгеше. «Катяны ерекше жақсы көреміз. Қазақ тілінде жетік сөйлейді. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Осында өтетін кештерді қазақ тілінде жүргізеді. Қазақтың әндерін шырқайды. Біздің Мәдениет үйінде жұмыс істейтін өнерпаздардың көпшілігінің кәсіби білімдері болмаса да, табиғи таланттарымен жұртшылықты тамсантып жүр. Катя да сондай өнер иесі. Екі бала тәрбиелеп отыр. Өзі қарапайым. Еңбекқор. Біздің ауданда 80 процент өзге ұлт өкілдері тұрады. Қазақтың салт-дәстүрін білмейтін қазақтар да бар. Ал біздің Катя ұлты орыс болса да, маған қазақ секілді көрінеді», – дейді аудандық Мәдениет үйінің директоры Қарақат Атаханова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы