Медицина • 08 Қазан, 2018

Аймақтарда Бизнес кеңесін құру – медицинадағы салалық мәселелерді оңтайлы шешеді

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту бойынша мемлекет пен бизнестің ортақ мәселелерін талқылау алаңы ретінде осы жылдың 9 ақпанында Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Бизнес кеңесі құрылған болатын. 17 қыркүйекте министр Елжан Біртанов «Денсаулық сақтау саласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.

Аймақтарда Бизнес кеңесін құру – медицинадағы салалық мәселелерді оңтайлы шешеді

Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына корпоративтік басқаруды енгізуді көздейтін бұйрық бойынша облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының Денсаулық сақтау басқармалары жанынан 1 қарашадан бастап Бизнес кеңестер құрылмақ. Мамандар бұл ұйымның медицинадағы салалық мәселелерді шешуде маңызы зор екенін айтады.

«Өңірлердегі тегін медициналық көмек алу, әлеуметтік медициналық сақтандыру, тегін медициналық көмек шеңберіндегі дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша туындайтын ұсыныс-пікірлер мен мәселелер осы Бизнес кеңестерінің отырыстарында қаралады. Бұған дейін министрлік жанынан құрылған Бизнес кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатыса отырып, медицина саласындағы кейбір мәселелердің күрмеуін шешкен болатын. Сол тәжірибе ары қарай өңірлерде жалғаспақ», деді ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК менеджмент орталығы Корпоративтық басқару бөлімнің басшысы Мират Жұмакәрімов.

Мират Әбдікәрімұлының айтуынша Бизнес кеңес құрылған соң ереже бекітіліп, жоспар жасалады. Жоспарға денсаулық сақтау саласы бойынша әр сала өкілдерінен келіп түскен өңірдің аса маңызды мәселелері қамтылады.

Сондай-ақ осы бұйрыққа сәйкес министр Е.Біртанов мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында құрылған Байқау кеңестерінің құрамындағы мүшелердің кемінде 30%-і үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес саласының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болуы керектігін белгіледі.

«Еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) санаттары мен қағидаттарын енгізуде. Оған корпоративтік басқару да жатады. Оның басты қағидаттарының бірі – ашықтық.  Байқау кеңесі құрамының 30 процентін үкіметтік емес ұйымдардан, бизнес және БАҚ өкілдерінен етіп белгілеу арқылы Байқау кеңесі жұмысын халыққа ашық, қоғамға белгілі етіп көрсетуге мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар кәсіпорындар өз үлесінің қандай екенін бағалай алады. Осылайша кеңес құрамында басқа да саланың мамандары болған соң онда парақорлық, өздерінің ойын тықпалау сияқты келеңсіздіктер болмайды. Мысалы, Британия Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік клиникаларының корпоративтік басқару институттары ЭЫДҰ-ның басқарушы қағидаттарына сәйкес құрылымдалған және сол бойынша жұмыс істейді», дейді Мират Жұмакәрімов.

Бизнес кеңесі мен Байқау кеңесінің айырмашылығына тоқталған ресми өкіл алдыңғысы өңірлік деңгейдегі мәселенің дұрыс шешілуіне септігін тигізсе, екіншісі кәсіпорынның стратегиялық дамуына жол ашатынын айтады. «Астана қаласында Байқау кеңесі енгізілген 29 медициналық ұйым бар екен. Олардың барлығына басқа сала мамандарын тарту көзделіп отыр», дейді ол.

Айта кетейік, бұл бұйрық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» атты бағдарламасының 81-қадамына, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қабылданып отыр.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»