Өнер • 09 Қазан, 2018

Халықаралық фестиваль шымылдық түрді

503 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының камералық залын­да Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының VI съезін өт­к­із­у аясында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фести­валі­н­ің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Халықаралық фестиваль шымылдық түрді

Айтулы өнер оқиғасы елорданың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында тарихи-мәдени мұраларды сақ­тау, дамыту және насихаттау мақ­сатында ұйымдастырылды. Кеш­тің мән­ді де қызықты концерттік бағдар­ла­ма­сын Мәдениет қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова же­тек­шілік ететін Астана қаласы әкім­­дігі Мемлекеттік академиялық фи­лар­мо­н­иясының камералық хоры ұсынды. 

Астана қаласының Мемлекет­тік академиялық филармониясы камера­лық хорының негізі 2004 жылы қаланып, өзінің 14 жылдық тарихында Қазақстан мен одан тыс аймақтарға бірнеше мәрте гастрольдік сапарға шығып, көптеген халықаралық музыка байқауларында жеңіс тұғыры­нан көрініп жүр. Атап айтар бол­сақ, олардың қатарында: «World Choir Games» байқауының қос алтын медалі (Латвия, 2014), «Шабыт-2014» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдесі (Астана), «Жұбанов көктемі-2012» халықара­лық байқауының бас жүлдесі (Ақтөбе), «Хайнувка» ХХХ халықаралық рухани музыка фестивалінің бас жүлдесі (Польша, Белосток, 2011), Бейжіңдегі Бүкіләлемдік хор форумының екі алтын кубогы (Қытай, 2011), «Астана – ән қанатында» фестивалінің бас жүлдесі (Астана, 2008) және тағы да  басқа марапаттар бар. Ұжымның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құтты­бад­амова өзінің ұстазы КСРО халық әртісі, қазақстандық хор дирижері Анато­лий Молодовтың дәстүрін лайықты түрде жалғастыра отырып, әрдайым хор музыкасын орындауда жоғары шығармашылық деңгейді бағындырып келеді. 

Бас шаһардың мәдени-рухани өмі­рін өркендетуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жас та болса жасампаз өнер ұжымының Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары­ның VI съезі аясында өткен «Астана – Әлем дауы­сы» халықаралық фес­тивалінің ашылу салтанатына арнал­ған кон­церттік бағдарламасына отан­дық және әлемдік хор мектептері шебер­лерінің үздік туындылары мен заманауи өңдеудегі халық әндері еніпті. Абайдың «Көзімнің қарасы», Ақан сері Қорамсаұлының «Қараторғай», Е.Астатуровтың өңдеуін­дегі П.Чайков­скийдің «Щелкун­чик mix» және саз әлемінің тағы да басқа үздік туындылары айтулы кештің көрігін кіргізіп, талғампаз музыка жанкүйерлеріне естен кетпес өнер думанын сыйлады. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»